18 миллионыншы тұрғын алакөлдіктердің жиені

Ғасырлар қойнауына зер салып, зерделейтін болсақ текті жұртымыз тағдырдан талай теперіш көріп, небір тар жол тайғақ кешулерді бастан өткергені мәлім. Сол нәубетті кезеңдерде еліміздің демографиялық ахуалына ауыр соққы тиген болатын. Себебі, жұрттың біраз бөлігі атамекенінде оққа ілініп, жер құшса, енді біреулері қыр асып Қытайға, өр асып өзбекке өтіп кетті. Алайда жыл өткен сайын халқымыздың саны едәуір өсіп келеді. ҚР Ұлттық экономика министірлігі Статистика комитетінің мәлімдемесіне сүйенсек жақында қазақстандықтардың саны 18 миллионды еңсерген.

Бұл дерек күллі қазақстандықтарды бөркін аспанға лақтыртып, ерекше сезімге бөлегені рас. Ақ түйенің қарны жарылған сәт 11 мамырға дөп келді.  Дәл осы күні Талдықорған қаласында Қазақстанның 18 миллионыншы тұрғыны дүниеге келді. Бір айта кетерлігі бұл сәбидің анасы айдынды Алакөлдің тумасы, біздің жерлесіміз.

Қуанышы еселеніп жатқан жас жұбайлармен жақында облыс әкімі А.Баталов жолығып қайтты. Қос ұстаздың отбасында дүниеге келген Мүслима Саматқызына арнайы Елбасының атынан бесік, төсек, қол арба, ойыншықтар секілді нәрестеге қажетті заттарды табыстады. Және облыс орталығынан күзге таяу пайдалануға берілетін жаңа тұрғын үйден үш бөлмелі пәтер тарту етілетінін сүйіншіледі.

Мүслиманың анасы Диана Омарханова дефектолог маман болып қызмет етсе, әкесі Бестібаев Самат дене шынықтыру пәнінің мұғалімі. Екеуі де өмірлерін шәкірт тәрбиелеу, балаға білім беру сынды ізгі мамандықпен сабақтастырған. Бұл нәресте жас отбасының шаңырағын күлкісімен, іңгәсімен бақытқа бөлеп отырған екінші сәби. Мүслиманың дүниеге келген кездегі салмағы 3300 грамм, бойы 51 см болған.

Өңіріміздің мерей-мәртебесін өсірген жиеніміз келешекте ұлы дала елінің айбынын асырып, абыройын тасытар перзентіне айналсын. Қазақстанның 18 миллионыншы тұрғыны деген сөзді тартынбай айтуға себеп болған Мүслиманың соңынан ерер бала-шаға көп болғай.

А.ЕСЕНБЕКОВ.

 

Мәліметпен бөлісу: