Армандар орындалады

Бәріміз де бала болдық, барымыз бен жоғымызды түгендейтін ата-аналарымыздың арқасында қайғы көрмей ержеттік. Алайда тағдыр салмағы біріне батса, бірінің көгін бұлт шалмай шадыман тірлік кешкені жасырын емес. Ал өмірдің ең ауыр соққысын көтеріп, солқылдақ ғұмырда құтын қашырған азаматтардың бір керегіне жарап, көмек көрсету жүрек лүпілі «Елім» деп дүрсілдеген әрбіріміздің міндетіміз.

Бұл өмір күліп келіп, күліп кету үшін ғана емес, сол күлкіні өзгелермен бөлісе білу үшін берілген. Қазіргі мүмкіндіктер көкжиегі кеңейген заманда біреу біреудің мұңын елеп, күлін сыпыруға аса құлшыныс таныта бермейді. Себебі әлемге жақсылық жетіспейді, қайырымдылық пен жанашырлық аздық етуде.

Таңғы шықтың тағдырындай келте ғұмырымызда бір-бірімізді демеп, жебеп жүруден асқан ғанибет жоқтығы белгілі. Күніне қырық құбылған дәуір ағысы қайырымдылық сынды құндылықты көбірек қажет ететінін уақыт көрсетті. Осы ретте бергенінен берері мол жомарт алакөлдік азаматтардың арқасында «Бір арман» қайырымдылық қозғалысы өз қарқынын арттыра түсті. 2017 жылдың желтоқсанынан бастау алған жоба аясында осы күнге дейін алпысқа жуық баланың бір-бір арманы орындалып, тілектеріне қанат бітті.

«Қайырымдылық қадірлі» іс демекшібір қойы егіз туса, бір шөбінің басы айыр шығатын айдынды ауданымыздың аумағында да өзгеге қол ұшын созып, көмек көрсетуге құштар жандар жетерлік. Белгілі меценаттармыз, билік тұтқасын ұстаған азаматтар, ел ағалары, тіпті қарапайым халықтың арасында да қайырымдылық ісіне араласуға белсенділік танытатындар көптеп жолығады. Бұл деген жомарт өлкеміздің топырағында аунап өскен алакөлдіктердің де атымтайлығын танытып тұрғандай.

Қазіргі таңда өңірімізде жастардың осы істегі белсенділігі айқын байқалады. Кейінгі толқын өкілдері, көш бастаған, көпті көрген ата-әжелерімен кеңесе жүріп, кең көлемде қайырымдылық ісін қолға алып отыр. Бір жыл шамасында барлығымыз сол игіліктің куәгері болдық.

Бұл идеяның бір ерекшелігі сыйлықтар демеушілердің қалауына қарай емес, бүлдіршіндердің сұрауына қарай яғни тілек хатында жазылған затттарын алып беруді көздейді.

Ендігі жастардың мақсаты аудан аумағын толықтай қамтып, барлық елді мекендерде игі істің ізін қалдыру. Бұл «Бір арман» жобасының алғашқы бағыты ғана.

Жоба жетекшісі, газетіміздің тілшісі А.Есенбековтың ұйытқы болуымен төбе көтерген қайырымдылық қозғалысы аясында «Бүлдіршіндер серпілісі – Прорыв детей» байқауы ұймдастырылып, балалар арасында үздіктері анықталды.

Байқау алғашында «Алакөлдің ең сүйкімді балақайы», «Алакөлдің ең өнерлі балапаны», «Алакөлдің ең дарынды баласы», «Алакөлдің ең үздік спортш бүлдіршіні» сынды 4 номинация бойынша түңлігін түрген болатын. Үміткерлер саны сексеннен асып жығылуына орай тағы да 4 аталым қосылды.

Қатысушылардың соңғы екі жылда жеткен жетістіктері сараланып, ақтық сыңға 23 бала жолдама алды. Әділ қазы алқаларының дауыс беруі арқылы жеңімпаздар анықталып, жаңа жыл қарсаңында өткен гала-концертте марапаттау рәсімі өтті. Бір айта кетерлігі «Алакөлдің ең сүйкімді балақайы» номинациясы бойынша финалистер іріктелгеннен кейін әлеуметтік желі арқылы халықтың дауыс беруі өтті. Сөйтіп, мың жарымнан астам жұрт жеңімпазды анықтауға атсалысты.

Байқаудың қорытындысы шығарылғаннан кейін З.Қойшыбаева атындағы аудандық мәдениет үйінде гала-концерт байрағын желбіретіп, оған мектеп оқушылары мен мұғалімдері, колледж білімгерлері мен ұстаздары, ақсақалдар мен белсенді жастар қатысты.

Шараның шымылдығы аталған жоба аясында арнайы әзірленген видеоүндеумен басталды. Онда әлемге танымал Қ.Ислам, Б.Артаев, Н.Теңізбаев, А.Смағұлов, А.Оспанов сынды белді спортшылар алакөлдік жастарға үн қатты.

Сөз алған аудан әкімінің орынбасары А.Абдинов: «Әлеуметтік тұрғыдан әлсіз азаматтарға, туа сала тағдыр тәлкегіне түскен жетім балалар мен көмекке мұқтаж отбасылардан шыққан жасөспірімдерге, ерекше күтімді қажет ететін жандар мен егде жастағы жалғыз басты қарттарға көмек көрсетіп, олардың көңілдеріне ұялаған бір арманына жан бітіру бағытын ұстанған алакөлдік еріктілердің «Бір Арман» қайырымдылық жобасы бүгін жылдық қорытындысын шығарып отыр. Бастаманың беталысы тамаша. Қаншама балаға көмек көрсетілді, армандар орындалды»,- дей келе, «Бүлдіршіндер серпілісі – Прорыв детей» байқауының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттады.

Дода қорытындысына келер болсақ, «Алакөлдің ең үздік спортшы бүлдіршіні» А.Садырбеков, «Алакөлдің ең үздік спортшы қызы» Д.Қабиден, «Алакөлдің ең өнерлі балапаны» Е.Тыныс, «Алакөлдің ең талантты балапаны» А.Шернияз, «Алакөлдің ең дарынды баласы» Е.Ерікұлы, «Алакөлдің ең талапты баласы» Б.Ұланұлы атанды. Ал ең көп резонанс тудырған «Алакөлдің ең сәнді балақайы» номинациясын М.Айдынқызы иеленсе, «Алакөлдің ең сүйкімді балақайы» номинациясы А.Қажымұқанұлы қанжығалады. Жеңімпаздарға арнайы диплом, жаңа жылдық тәттілер қаптамасы, «Пинокио» пиццериясы мен «Гауһар тас» мұз айдынына және тегін фотосессияға сертификаттар, ақшалай сыйлықтар табысталды. Жүлдегерлер де бірінші дәрежелі дипломдар мен арнайы сияпаттарға ие болды.

Ізгі ниетті жалғаған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Байбазаров аудан жастарын осы игілікті істің ақ туын бірге көтеруе шақырып, жобаның ойдағыдай жалғаса беруін тіледі.

«Бір арман» қайырымдылық жобасынының жетекшісі, газетіміздің тілшісі А.Есенбеков акциның жылдық жұмысын қорытындылап, алдағы жоспарлар легімен бөлісті.

Артынша ауданнан шыққан жас әншілердің концерттік бағдарламасы назарға ұсынылып, жиналғандар көңілді кештің куәсі болды.

Байқаудың өз дәрежесінде өтуіне мұрындық болған демеушілер мен өзге де азаматтарға шексіз алғысымызды білдіреміз. Игі бастамаға немқұрайлы қарамай, атсалысқандары үшін оларға Тәңіріміз сауабын молын бұйыртсын.

«Бір арман» жобасының болашаққа бағытталған жоспарларын жүзеге асыру үшін барлықтарыңызды осы акцияның ақ туын көтеруге шақырамыз. «Саусақ бірікпей, ине ілікпейді демекші» ел болып бірігіп, жұрт болып жұмылған істе кенжелеп қалмасымыз анық. Ауызбірлігіміз бен тастүйін татулығымыздың тұғыры биік тұрғанда бізге алынбас қамал жоқ. Ендеше, бір аспанның астында, бір ауданның аумағында ғұмыр кешіп жатқан көмекке зәру жерлестерімізге қол ұшын созуда алымызға жан салмайық.

Қайырымды болайық, қарапайым болайық, құрметті алакөлдіктер.

Н.МАҚСАТҰЛЫ.

Мәліметпен бөлісу: