Өмірден көрген-білгені мол, кенді қариялардың өскелең ұрпақты дұрыс бағытта тәрбиелеуде алатын орны орасан. Сондықтан да дария кеуде, тау мүсін ата-әжелерге құрметпен қарап, барынша жылы ілтипат таныту кейіннгі толқын өкілдерінің бұлжымас міндеті саналады.

Жаңа жыл қарсаңында бергенінен берері мол дуалы ауыз ақсақалдар мен тал бесігін тербетіп, ұлы мен қызын тәрбиенің уызына жартқан әз әжелердің басын қосып, ақ баталарын алу аудан әкімі Ә.Жақанбаевтың жылдағы дәстүрі. Биыл да ауданның дамуы мен даралану жолында өзіндік қолтаңбалары қалған құрметті қариялар дастархан басында жиылды.
Сөз алған өңір басшысы Ә.Жақанбаев: «Қадірменді алдыңғы толқын өкілдері, бой түзеп, ізін басар данагөйлер, жаңа жылдарыңыз құтты болсын! Өткенін бағаламаған елдің ертеңі де баянды болмасын ескерсек, сол кешегі тарихымызды санамызда жаңғыртып отыратын өздеріңіз. Сіздердің қоғамдағы орындарыңыз елеулі, беделдеріңіз биік. Үлкен өмірге енді аяқ басқан жастар алдарыңызда қарыздар екендігін бек түсінеді. Және де сол қарызды өтеу жолында аянып қалмақ емес»,- дей келе, тұғырлы тоқсан жылдығын дүрілдетіп өткізген ауданымыздың мерейтойына арналған «Тоқсанның төрінде Алакөл» атты кітаптың тұсаукесерін өткізді.

Артынша ауданның Құрметті азаматтары, билік басындағы, белді, беделді тұлғалары ізгі ниеттерін ақтарып, құттықтау лебіздерін жаудырды.
Сондай-ақ аудан өнерпаздары дайындаған шағын концерттік бағдарлама назарға ұсынылып, жиналғандар бір серпіліп қалды.
Н.МАҚСАТҰЛЫ.