Ақпараттық майдан өршіген заманда мүмкіндігі орасан түрлі техникалар арқылы дәстүрлі Ислам дінінің хақ ұстанымдарын жоққа шығарып, жат ағымдарды насихаттаушылардың легі артып келеді. Әсіресе «Қалтадағы Игил» аталатын ұялы телефон арқылы елдің санасын улауға бағытталған шабуылдарын үдете түсуде. Бұл өз кезегінде мемлекет іргесінің сетінеп, берекелі тірлігімізге іріткі салуда.

Ендігі мақсат деструктивті идеологияны жақтаушылардың үгіт-насихат жұмысына балта шауып, олардың әр қадамының алдын алу. Бұл жолда әлеуметтік желілердегі парақшаларды бұғаттау, теріс түсікті уағыздайтын азаматтарды бақылауға алып, олармен сұхбат жүргізу, барлық мекеме, мектеп, кәсіпорындарда түрлі жиын-кездесулер ұйымдастырылуда.
Қай уақытты алмасақ та дін мемлекет құрылысында өте маңызды орынға ие болғандыңы мәлім. Ал ХХІ ғасырда сенімді саясатқа, дінді қаруға айналдырып, күллі дүниежүзі халқының тыныштығына іріткі салушылар көбейді. Сондықтан да рухани азғындау мен теріс бағыттағы ағымдардан қазақстандықтарды сақтау үшін мемлекет тарапынан түрлі реформалар қабылданып, бағыты айқын бағдарламалар да жүзеге асуда.
Осы ретте аудандық әкімдікте жерлеудің және зираттарды күтіп-ұстау ісін ұйымдастырудың ережелерін талқылау мақсатында жиын өтті.
Сөз алған ауданның бас имамы Ә.Молдахметов: «Қайтыс болған адамды арулап жерлеп, ақтық сапарға шығарып салу-мұсылман баласының қастерлі міндеті болып табылады. Қазақ халқы қаза болған адамды шариғат қағидаларымен санаса отырып атқарған. Әр адам, кісі қайтыс болғанда шариғат бойынша қалай атқару керек екендігі жайлы білуі тиіс. Өйткені марқұм болған кісіні дұрыс шығарып салу, артында қалған туыстарының міндеті. Жерлеу рәсімі елімізде жалпылама бірдей орындалғанымен, кейбір аймақтық ерекшеліктер кездесіп тұрады. Қазақта кісі қайтыс болған күні үш күнге дейін қазан төңкеріліп тұратын, қаралы үйден ас ішілмейтін. Қонақасы тек алыстан келгендер үшін ғана берілетін еді. Оны көрші-қолаң, ағайын-туыстары көтеріп алатын. Жерлеу рәсімін шариғатқа сай атқаратын. Өкінішке орай осы күні жаназа ысырапшылық пен бақталасқа айналып бара жатыр. Кәрі болсын, жас болсын жол деп жаңа жағалы киім беріп, тәбәрік таратып жатады. Қонақасын кафе мен мейрамханаларда беретінді шығардық. Қазалы үйдің дастарханы мен тойдың дастарханы бірдей болып қалды»,- дей келе, қайтыс болған адамды шариғат шарттарымен жерлеу ретін және барлық ереже-талаптарымен таныстырып кетті.

Аудан әкімінің орынбасары А.Абдинов жалпы аудандағы діни ахуалдың бірқалыптылығына тоқталып, осы татулық пен бірлікті сақтау мақсатында көптеген іс атқарылатынын жеткізді.
Аудандық мәслихаттық хатшысы С.Жабжанов пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Бабазаров діни тұрақтылық пен тұтастылық хақында өз ойларын ортаға салып, халықтың берекелі тірлігіндегі діннің рөліне тоқталды.
Н.МАҚСТҰЛЫ.