Еңсесі биік Елордам

Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасының арқасында бой көтерген Астанамыз бүгінде Еуразия құрлығының беткеұстар қалаларынң біріне айналды. Ақмоланың төріне Ақордамызды тұрғызғалы Елордамыз дамылсыз дамып, 20 жылдық тарихты еңсерді. Осы атаулы датаға орай аудандық ішкі саясат бөлімі мен «Алакөл Жастар Дарабозы» ЖҚБ-ның ұйытқы болуымен бас қаламыздың тарихын насихаттау, жас ұрпақ бойына оған деген махаббат пен сүйіспеншілікті арттыру мақсатында Абай атындағы қазақ орта мектебінде «Армансың маған Астана» атты жас ақындар мүшәйрасы өтті.

Сөз алған ауданымыздың құрметті азаматы, ақын Т.Садиев құндылыққа толы өрелі өсиетін айтып, поэзияны жандарына жақын еткен қатысушыларға сәттілік тілесе, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы М.Сүлейменов мүшәйраның ереже-талаптарымен таныстырып өтті.

Жарысқа 13 пен 18 жас аралығындағы 14 оқушы қатысып, тартысты бәсекеде өзара бақ сынасты. Олар үш кезең бойынша додаға түсіп, жүректерін жарып шыққан арнау өлеңдерін жатқа оқып, көрермендер алдында шеберліктерін паш етті.

Екі сағатқа созылған шара барысында өздерінің мағыналы да мәнді өлең жолдарымен әділқазы алқаларының көздеріне түсіп, көптің арасынан топ жарып шыққан Үшарал қазақ гимназиясының 11 сынып оқушысы Е.Аханов бас жүлдені иеленсе, Ынталы, Жанама, Жыланды және М.Әубәкіров атындағы орта мектептерінің шәкірттері А.Базаралинов, Л.Жұмағалиева, Б.Ырысбек пен А.Абешов бірінші, екінші, үшінші орындарға жайғасты.

Жеңімпаздар мен қатысушыларға алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.

А.ИМАНАСОВА.

Мәліметпен бөлісу: