Елордамен Елбасы егіз ұғым

Ел Президенті Қ-Ж.Тоқаевтың бұйрығы бойынша бүгін Елордамыз Астана қаласына Нұрсұлан атауын беру шешімі қабылданды. Бұл тарихи сәттегі – тарихи шешім болып отыр. Себебі астанамыз Елбасы Н.Назарбаевтың төл туындысы.

Тақырға тау тұрғызу оңай оспақ еместігі әлмисақтан аян жайт. Алайда егемдігімізді еншіліп, жеке дара ел болған тұста Елбасының бастамасымен Сарыарқаның төсіне салтанатты қала тұрғызу ісі қолға алынып, жаңа астанамыз бой көтерген болатын. Міне енді кеше ғана Есілдің ерке самалынан да қисая қалатын жас терек мәуелі бәйтерекке айналып, жиырма жылдық тарихын тасқа қашады.

Басты ордамыз  тарих беттеріне қашаған жиырма  жылдың ішінде  қарыштап   дамып, өркендеп,  өсуінің   арқасында еліміздің  мақтанышына  айналды. Кеудеңді көтеріп  айтатындай  халықаралық дәрежеде дәріптеліп, айбыны асқан, абыройы тасқан шаһар атанды. Осы ұлы істердің артында Елбасының есімі мен қолтаңбасы тұрғаны анық.  

Тұңғыш Президентіміз түрлі қиындықтарға, табиғи, экономикалық және саяси  күрделіліктерге қарамастан Астананың тек аяғынан ғана тұрып қоймай, ұлан-ғайыр даладағы ұлы шамшырақ секілді елімізге, бүкіл қазақстандықтарға өркендеудің оң жолын көрсеткенін және көрсетіп келе жатқанын дәлелдеді.

Елбасы Н.Назарбаев өз сөзінде: «Әрбір қаланың өз тағдыры бар. Ол тұрғындарының, тұрған елінің тағдырымен тығыз байланысты. Біздің бас қаламыз Астана – тәуелсіздігіміздің төл перзенті. Астананың болашағы –тәуелсіз еліміздің болашағы. Еркін еліміз өсіп, өркен жая берсе, Елордамыз да алыс қиянға көз тігіп, дами беретін  болады. Халқымыздың жаңа ғасырдағы жарқын шежіресі дәл осы жерде жазылып жатыр, жазыла да береді. Жасампаздықтың жарқын үлгісіне, бейбітшіліктің бесігіне айналған Астанамыз еркін еліміздің түпкі межесі – Мәңгілік Елдің арқауы болып, жасай берсін»,- деген болатын.

Шынымен де, Елорданың дүниеге келуі мен қалыптасуы – біздің жаңа тарихымыздың тұтас бір эпопеясы.

Астана – біздің халқымызды өсіп-өркендеудің жаңа белестеріне, Қазақстанды әлемдік танымалдыққа бастайтын жалпыұлттық идеямыз. Бас шаһарымызды жаңа мыңжылдықта ғаламат болашақ күтіп тұрғанына менің ешқандай да күмәнім жоқ.

Ал оның атауынаң Тұңғыш Елбасының есімімен өзгертілуі біздің ұлттығымыздың, татулығымыздың және тектілігіміздің айқын белгісі.

Б.БИЖАНОВА,

Алакөл аудандық орталық ауруханасы директорының м.у.а.

Мәліметпен бөлісу: