Елорданың авторы Елбасы

Астана.  Тірліктері бөлек болғанымен тілектері ортақ адамдардың арман жетегімен келіп тұрақтаған мекені. Шире ғасыр бұрын тақымымызға бекем басқан тәуелсіздігіміздің жемісі. Болашақтың шаһары.

Тұңғыш Елбасымыз Н.Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында бүгінде төрткүл дүниенің көзі Астанада. Таңғалуға бір сәт, таңғалдыруға мыңжылдықтар керек екендігі талас бермес шындық. Ғасырлар қойнауына зер салып зерделейтін болсақ мемлекетіміздің сол таңғалдыратын сәті астанамыздың Алматыдан Ақмолаға көшірілуінен бастау алды. Кәрі материктің қақ ортасындағы қарақ шаңырақтың иесі атанған Қазақстан  мыңжылдықтан мәңгілікке аттанған сапарының алғашқы қадамдарының бірі де осы. Қиындыққа мойымай, «Бір ел, бір тағдыр!» қағидасымен дүйім жұртты болашаққа бастаған Ұлт көшбасшысының арқасында аз ғана уақыт ішінде тақырға тау тұрғызылды. Төбесі көкпен таласқан алып ғимараттар шоғырланған бас қаламыздың ірге тасы қаланды. Сәні мен сәулеті сабақтасқан  елордамыздың еңсесін тіктеу жолында тасадан тас атушы әпенділердің де қарасы мол болды. Бірі мемлекет қаржысын жымқырса, екіншісі елді теріс пиғылға үгіттеп, Сарарқаның төріне салтанатты қала тұрғызу бекер әурелену деп алашапқын болды. «Басқа  тартса аяққа жеткізе алмай жатқан мезетте, қиналмас жерден қиянанатқа батып күйгелекетенуіміз не тәйірі!?»,- деп кежегеден кері тартушыларда көптеп кездесті. Алайда бастаған ісін аяқсыз қалдырмайтын Елбасы өз бағытынан таймай, арманындағы асқақ шаһарын шартарапқа әйгілі етті.

Ал бүгін ел Президенті Қ-Ж.Тоқаев Астананың атуын Нұр-Сұлтан деп өзгерту бұйрығына қол қойып, Елбасының төл туындысына авторының есімін берді. Бұл тарихи сәт, бағдарлы қадам. Еңбегі мен маңдай тері сіңген Елорда енді Елбасының есімін еншіледі.

Егемендігіміздің еншісі бас қаламыздың Нұр-Сұлтан аталуы құтты болсын, ұлы дала елінің ұрпақтары. Дербес мемлекетіміздің даңқы дүниежүзіне тарап,  дамыған 30 елдің қатарына қосылуға басқан қадамдарымыздың қарымы артсын. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, бірлігіміз ғұмырлы болсын.

А.ЕСЕНБЕКОВ.

Мәліметпен бөлісу: