Еселі еңбегімен елеулі

Ұстаздың еңбегі – ұлы еңбек, өзінің бойындағы білімін, бар ынта пейілімен шәкірттерінің санасына сіңіру, үлкен тиянақтылық пен табандылықты қажет етеді. Осындай ұлы жолда талмай еңбектеніп, көптің алғысына бөленіп жүрген жас мамандардар да жетерлік. Солардың бірі – Ақжар ауылдық округіне қарасты  Қоңыр ауылы орта мектебінің дене шынықтыру пәні мұғалімі Аманжол Сұлубай.

«Қазақ байдың ұлы болма, халық байдың ұлы бол» демекші бүгінгі күні еселі еңбегімен ел игілігін арттыруға елеулі үлес қосып жүрген Аманжол Сұлубай өз ортасында үлгі боларлықтай білікті ұстаз.Туған жері мен елін аңсаған қандасымыз 2006 жылы отбасымен Моңғолиядан отанымызға оралған. Бүгінде Қабанбай ауылының тұрғыны. Аталмыш ауылдан мектеп бітірген. Ұлылар мекені Семей қаласына оқуға түсіп, оны 2014 жылы тәмамдайды. Сол жылы Қоңыр орта мектебіне дене шынықтыру пәні мұғалімі болып жұмысқа орналасады. Білім ордасында өзінің бастамасымен  қазақ күресі үйірмесін ашып, оқушыларды ұлттық спортқа баулиды.Директор қолдап үйірме ашылғанымен, оған керек құрал-жабдықтарға қаражат жетіспеген соң, округ басшысынанкөмек сұрап, демеушілер тауып беруіне ұсыныс тастаған. Әкім тиімді бағдарламаларды асыруға арналғанҚР Білім және ғылым министрлігі мен Халықаралық қайта құру және даму банкі «Жастар корпусын дамыту» жобасы жайлы түсіндіріп, оған көмектесу үшін жастар ресурстық орталығымен таныстырады. Басшылықпен сметалық құжат дайындалып өткізіліп, 2017 жылы жобаны жеңіп 1 млн теңгеқайтарымсыз білім грантына ие болады. Қазіргі таңда үйірмеге керек барлық құрал-жабдықтар жеткілікті, ұстаз да, оқушылар да алаңсыз  дайындалуда.

«Үйірмеге 1-ші және 7-ші сынып аралығындағы жас жеткіншектер қатысып жүр. Олардың республикалық жарыстарға шығатын уақыттары келмеді. Дайындалып, үлкен аренаға шығу үшін кемінде 3-4 жыл уақыт кетеді. Менің мақсатым республикалық деңгейге жетіп, алдыңғы қатардан көріну»,- дейді жас ұстаз өз әңгімесінде. Жұмыс пен үйірмені қатар алып жүрген тәлімгер екі жаттықтырушыны жұмыспен қамтып отыр. Білікті азаматымыздың баулыған шәкірттері аудандық, облыстық сайыстардан топ жарып, жүлделі орындардан көрініп, ауданымыздың абыройын көтеруде.

Қазақ балаларының өзіміздің ұлттық спортымызды ұмытпай, айналысып, шымыр да шынығып жүргені көңілге жылу ұялатады.Ертең осы жасөспірімдеріміз ел іргесін қорғайтын батыр да батыл, денсаулығы мықты азамат болып өсуіне осы спорт үйірмесінің берері көп. Расымен де спорт – денсаулықтың кепілі десек, ата-бабаларымыз салып кеткен сара жолдан таймай, ел қорғайтын батыр ұрпақты тәрбиелеп, шыңдау осындай ат тоқымындай кішігірім спорт үйірмелерінен бастау алатыны сөзсіз.

Ұ.КЕНЖЕБЕКҚЫЗЫ,

І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті журналистика мамандығының 4 курс студенті.

Мәліметпен бөлісу: