Иманды қыз – ибалы келін

Қыздарын қашанда қызғыштай қорғаған қазақ халқы: «Қырық жерден тыйым, қырық үйден қарауыл» деп олардың таза, пәк күйінде бой жетіп, жаман аттан аулақ болуына аса мән берген. Қырмызы гүлдей құлпырған перзенттерін ел басына күн туғанда атқа қонып, қолына қару ала жауға қарсы шабатын батырларды дүниеге әкелетін ұлт анасы болуға баулып өсірген. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген нақыл сөзбен әр ана қызын салт-дәстүрді берік ұстанатын әдепті, өнегелі, үй шаруасын игеріп кететіндей етіп болашақ өмірге дайындаған.

«Есті қыз етегін жауып жүреді» – деп имандылық тәрбиені бойына сіңіріп, оның әуретін бөтен көзден жасырып, ұзын етекті кең көйлекпен көмкерген. Басына сәукеле кигізіп, орамал тақтырған. Қазақ қызы ешқашан жалаң бас жүрмеген. Осындай отбасындағы рухани тәлім-тәрбиенің күштілігінен иманды қыз, ибалы келіндер намысшыл, отансүйгіш, текті ұрпақты дүниеге әкелген.

Кең байтақ жерімізді қаһарлы жаудан қорғап қалуға себеп болған бірден бір фактор ақ білектің күші мен ақ найзаның ұшы ғана емес, әуелі Алланың қолдауымен рухы биік, иманды да текті ұрпақтың рөлі басымырақ болғаны сөзсіз. Болар елдің баласы бірін-бірі батыр дейді»-, деп бір адамның тағдырын ұлт болашағымен сабақтастырып, әр азаматын қолдап, қорғап рухтарын шыңдап отырған.

«Ұлтыңды тәрбиелеймін десең қызыңды тәрбиеле» деген нақыл сөздің түбінде терең мағына жатқандығы жасырын емес. Сондықтан салиқалы ұрпақ пен саналы қоғамның қалыптасуына басты себеп болатын амал -қыздарымызға имани тәрбие бері деп білемін.

Имандылықты ту еткен халқымызды жетпіс жылдық атеистік тәрбие мен коммунистік идеология рухани құлдырауға ұшыратты. Құдайсыздық түсініктің басты мақсаты – халықты имандылықтан айырып, ұлын ұятсыз, қызын қылықсыз қылу болды. Қымыз-қымыран мен айран-шұбаттың орнын ақ арақ пен қызыл коньяк басты. Ішімдікке салынғандар арам суды атасынан қалған астай сіміріп, ар-ұяттан жұрдай болды. Нәтижесінде талай отбасының ойраны шығып, тексіздер мен тәрбиесіз ұрпақтар дүниеге келді. Соның салдарынан бұрын соңды қазақ даласында болмаған жесір әйел, көкек ана, жезөкше қыздар мен тастанды жетім балалардың қатары көбейді. Бұл біздің халық үшін орны толмас үлкен қасірет болды.

Рухани құлдырау ол мәдениеттің жоғалуы. Ал рухани азған елдің болашағы жоқ деген сөз.

Елбасымыз өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Өткен ХХ ғасыр халқымыз үшін қасіретке то­лы, зобалаң да зұлмат ғасыр болды. Біріншіден, ұлттық дамудың ықылым заманнан жалғасып келе жатқан өзімізге ғана тән жолы біржола күйретіліп, қоғамдық құрылымның бізге жат үлгісі еріксіз таңылды. Екіншіден, ұлтымызға адам айтқысыз демо­графиялық соққы жасалды. Оның жарасы бір ғасырдан бері әлі жазылмай келеді. Үшіншіден, қазақтың тілі мен мәдениеті құр­дымға кете жаздады»,- деді.

Еліміз егемендігін алғанна бастап ата дініміз қайта оралып, атымтай жомарт азаматтардың демеушілігімен жер-жерде Алланың үйлері салына бастады. «Мешіті бар ауылдың ұлы иманды, қызы ибалы»,- дейді дана халқымыз. Тәңірге мың шүкір, мешіттерде азан айтылып, жас жұбайлардың некесі қиылды. Жаңа туған нәрестеге азан айтылып, ат қойылды. Жастарымыз руханият ордаларын жағалап, ұмыт бола жаздаған асыл дініміздің құндылықтарын үйреніп, бес уақыт намазын қаза қылмай, оразасын ұстады. Сөйтіп, әркімнің мұсылмандық парызын еркін өтеуіне үлкен мүмкіндік туды.

Ата-баба дәстүрін қайта жаңғыруына байланысты орамал тағып, кең етек көйлек киген қыздарымыз бен келіндеріміз де көбейе бастады.

Ислам діні әйелдердің дәрежесін көтерген. Екі дүние сардары болған хазреті Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с) өзінің мүбәрак хадистерінде: «Ерінің разылығы Алланың разылығы, ерінің наразылығы Алланың наразылығы»,- дейді. Яғни өзін асыраушы, баспанамен қамтамасыз етуші ерінің разылығын Алла Өзінің разылығына байланыстырып қойған. Қазақ салтында да әйел адамның еріне дауыс көтермеуі, алдына шығып жүрмеуі, оның қас-қабағына қарап сөйлеуі мен басына көтере құрметтеуі асыл дініміздің бұйырған амалдарынан болып табылады. Ер адам да жұбайына жұмсақ мінез танытып, әрдайым көркем мәміледе болуы тиіс. Өйткені әйел оның өмірлік адал жары, қуанышта да, қайғыда да қасынан табылатын сүйеніш жұбы. Ата-бабаларымыз әйел бір қолымен бесік тербетсе, екінші қолымен әлемді тербеткен абзал жан, асыл ана деп бағалаған. Талай батыр, ғалым, данышпандар, пайғамбарлар мен патшалар да аналардан туған.

Әйел – балалардың ең тамаша тәрбиешісі. Ері жанұяның қамымен уақыттың көп бөлігінде сыртта жүруіне байланысты әйелдің ең маңызды да жауапты жұмысы сәбиіне кішкентайынан имандылық тәрбиені бойына сіңіріп өсіруі болып табылады. Сондықтан балаларды жақсы тәрбиелеу үшін әуелі оның өзі тәрбиелі, көрегенді болуы керек.

Сәби ата-анасынан нені көрсе соны істейді. Қазақ «Ұяда не көрсе ұшқанда соны алады»,- деп бала тәрбиесіне ең жауапты өз аке-шешесі екенін айтқан. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с): «Сендердің әрбірің жауапкерсіңдер және жауапкершіліктеріңде болған нәрсе үшін сұраласыңдар. Патша өз қол астындағылар үшін жауапкер және солар үшін сұралады. Отбасы жанұя үшін жауапкер және сол үшін сұралады. Әйел күйеуі сыртта болған уақытта үй шаруасы мен балалардың тәрбиесі үшін жауапкер және сол үшін сұралады. Қызметші қожайынның мүлкі үшін жауапкер және сол үшін сұралады. Сендердің барлығың жауапкершіліктеріңде болған нәрсе үшін сұраласыңдар»,- деген.

Алладан тілеп алған, жүрегіміздің жемісі болған балаларымыздың тәрбиелі де тәртіпті азамат болып өсуін қаласақ, олардың болашағының жарқын да бақытты болуын тілесек, имани тәрбиені басты назарға алайық, ағайын. Алла қаласа, сонда ғана дүние-ахиреттің бақытына қол жеткізеріміз хақ .

Ұлы Раббымыз әр жанұяға береке-бірлік, шаттық нәсіп етсін!

Ә.МОЛДАХМЕТОВ,

ауданның бас имамы.

Мәліметпен бөлісу: