Көне қалашықтың көмбесі тұнған тарих

Ереуіл атқа ер салып, жалғанды жалпағынан басқан қарға тамырлы қазақ халқының тарихы сан ғасырлардан бері жалғасын тауып келеді. Ата-бабамыздың қаны­мен жуылып, сүйегімен тыңайтылған ұлан – ғайыр атырабымыз бүгінгі таңда Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы аясында тыңғылықты зерттелуде.

Солардың қатарына айдынының бетінде ақ шағалалары шарықтаған Алакөлдің оңтүстігі мен Жоңғар Алатауының солтүстігінде, қазіргі Үшарал қаласының шығыс беткейінде 65 шақырым жерде  орналасқан Асусай ерте орта ғасырлық қалашығы енгізіліп, тексеру жұмыстары жүргізілді.

Негізінде Алакөл өңірінде соңғы жылдары қолға алынған далалық барлау жұмыстары барысында бірнеше орта ғасырлық қонысжайлар табылған болатын. Нәтижесінде Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті, тарих, археология және этнология факультеті, археология, этнология және музеология кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының докторы  Әбдеш Төлеубаев және тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Дөкей Талеев бастаған археолог мамандар Асусай тарихи қалашығына арнайы далалық барлау жұмыстарын жүргізді. Ізгілікті істің қорытындысында берекелі белгі байқалды. Аталған зерттеу жұмысы «Жер-Су» корпорациясының төрағасы, атымтай азамат Бауыржан Оспановтың демеушілігімен  іске асқанын да  атап айта кету керек. Қазба жұмыстарына Талдықорғандағы Жетісу Мемлекеттік Университенінің және ҚазҰУ-дың археология, этнология және музеология кафедрасының білімгерлері, сондай-ақ  тарихы терең, көненің көзі Семей қаласынан Семей Мемлекеттік Университетінің студенттері «Алакөл аймағындағы орта ғасырлық ескерткіштерді зерттеу» атты далалық іс тәжірибе жұмыстарына шақырылды. Сайып келгенде сайын даланың төсінде орын тепкен Асусайға жақын жерде орналасқан ерте орта ғасырлық қалашыққа алғашқы зерттеу жұмыстары жүргізілді. Қазба барысында қалашықтың оңтүстік батысына қима салынды, сондай-ақ орталық бөлігінен қоныстың орны анықталып, зерттеуге алынды. Қазба нәтижесінде қырық рулы елден қалған көп мөлшерде керамикалық бұйымдар,  ою өрнекпен көрнекіленген кірпіштер және диірмен тастар табылды.  Керамикалардың көбісі күнделікті күйбелең тіршілікте тұрмыстық мақсатта пайдалануға арналған, яғни асханалық ыдыстар. Қыш ыдыстардың ішінде құмыралар, үлкен көлемдегі Хумдар, ескі дастархан, көне ыдыс қақпақтары, құмыра ернеулері мен тұтқалары бірнеше көптеп ұшырасып, жергілікті Қабанбай батыр атындағы тарихи-этнологиялық музейге тапсырылды. Асусай қалашығы Алматы облысы, Алакөл ауданының Ақши ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 10 шақырым жерде, Асусай шатқалының маңында орналасқан. Төрт бұрышты қамалмен қоршалған қалашықтың бұрыштары дүниенің төрт нүктелерімен бағыттас орналасқан. Гографиялық координаттары С.45º53’061″;   Ш. 81º27’181″, теңіз деңгейінен биіктігі 533 м. Қалашықтың өлшемі 75х75 м. Сыртқы дуалдың құландысының биіктігі 1,5-2  м шамасында. Ғасырлар бойы түрлі апатқа да, табиғи құбылыстарға да төтеп беріп келгеннің өзінде құлаған қабырғасының жайылған жалпақтығының өзі 10 м аумақты алып жатыр. Қиын қыстау заманында құрылған қорғаныс дуалының сыртынан қазылған ордың іздері тайға таңба басқандай анық байқалады. Оның оңтүстік шетін тау шатқалынан шығатын кішігірім өзен суы жуып кеткен. Қазірде бұл өзен аңғары таусылып,  құяры  құрғап қалса керек. Дегенмен де көктемде тау басынан түскен және еріген қар  мен жауған жауын сулары толып ағатыны қалған су іздерінен анық байқалады. Қалашықтың қақпасы шығыс қабырғаның орта тұсына таман болса керек деп болжанды. Себебі осы бөлікте қабырға 10 м. қашықтықта басқа бөліктерімен салыстырғанда анағұрлым төмен көрінеді. Қалашықтың өмір сүрген уақытын сонау ата бабамыздан мирас болып қалған қыш ыдыстардың салыстырмалы сипаты негізінде ғана болжауға болады. Археологиялық әдебиеттердің мәліметтеріне қарағанда солтүстік-шығыс Жетісуға сырлы ыдыстар ХІІ-ХІІІ ғасырларда ғана тарала бастаса керек. Осындай мәліметті негізге алып, көңілге түйер болсақ, Асусай қалашығындағы тіршілік  ХІ-ХІІ ғасырлардың арасындағы 50-60 жылды ғана қамтыған екен. Тағы айта кететін ақпарат бұл қалашықтың ешқандай да  шекаралық бекетке немесе сауда керуенініне қатысы жоқ, қарапайым егіншілердің маусымдық (уақытша)  ауысымды мекені болғаны анық. Оның айналасында сақталған бірнеше суғару жүйелері мен шағын егін алқаптары, қазбадан табылған тас дирмендердің түрлі көлемдегі бөліктері осындай болжам жасауға негіз береді.

«Ел мен жер – оның көгілдір орманы мен мөлдір көлдері, байтақ даласы мен асқар таулары – біздің басты байлығымыз»,- деген екен Ы.Алтынсарин. Жер – елдіктің, мемлекеттің белгісі екені қанға сіңген тарихи шындық. Қазақта «Жер-Ана» деген егіз ұғым бар. Оны анамыздай қастерлеу ата қостаған салтымыз. Өткенімізге көз жүгіртер болсақ, ел бастаған көсем де, ділмар шешен де, ақиық ақындарымыз, жұртының қорғаны болған батырларымыз да қасиетті жерімізді қара сөздерімен, найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғап, кейінгі салиқалы елдің саналы ұрпағына мұра етіп қалдырды. Алты Алаштың перзенті десіп баталасып, бес қаруын асынып, ат құйрығын түйісіп, бір байрақтың түбінен табылған, жаны сіріден жаралған ержүрек ерлеріміздің маңдай терімен аман қалған шежіремізді жаңғыртып, қалыпқа келтіру қазақ мұрагерлерінің міндеті деп білемін.

 

М.НҰРҚАСЫМОВА.

Мәліметпен бөлісу: