Кәсіпкерлерге қолдау көп

Қазақстандағы саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісімнің арқасында мемлекетіміздің маңғаз тұлғасы биік мінберлерден көрінуде. Тәуелсіздік тақымға салып, енді ғана тәй-тәй басып келе жатқанда бүгінгі дәреженің дәрегейіне көтерілеміз деп армандамаған да едік. Жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға күрт ауысып, өзгеріс дауылының соққысына шыдас бере білдік. Бұның барлығы ел бағы үшін бола туған Елбасының сарабдал саясатының ықпалы.

Күні бүгін жарияланған Жолдаудан кейін мемлекетіміз тың қадамдарға барып, тынысы кеңейе түседі деген сенімдеміз. Себебі кезекті Жодауда ел дамуының басым бағыттары айқындалып, болашаққа деген жаңа жоспарлар легі бекілді. Солардың бірі жеке кәсіпкерлікке деген көмек пен жеңілдіктерді көбейту.

Шағын және орта бизнес көздеріне молынан қолдау көрсетіліп, әр саладағы кәсіпорындарды цифрландыру үдерісі еселенбек.

Елбасы Жолдауда: «Бизнес дамуының тұрақты өсім көзін қалыптастыру қажет. Жеке инвестицияны ынталандыру нарықтың бостандығын қамтамасыз етеді. Дәл осы бизнес жаңа жұмыс орындарын құрып, қазақстандықтардың басым бөлігін кіріспен қамтамасыз етеді. Бұл үшін біз келесі міндеттерді шешетін боламыз», – деп, аталмыш саланың мемлекеттің экономикалық ахуалының артуының бірден-бір кепілі екендігін атап өтті.

Осы ретте Ұлт көшбасшысы 2010 жылы «Жол картасы-2020» бағдарламасының іске қосылғанын атай келе: «Өңірлерге сапарым барысында бұл бағдарламаның тиімділігіне көзім жетті. Бағдарламаның жүзеге асырылуын 2025 жылға дейін созу қажет. Оны жүзеге асыру үшін жыл сайын қосымша кемінде 30 млрд теңге қарастыру керек», – деді.

ҚР Президентінің айтуынша, бұл шаралар үш жылдың ішінде азаматтарымыз үшін қосымша кемінде 22 мың жұмыс орнын ашуға, бюджетке қосымша 224 млрд теңге алуға мүмкіндік береді.Сондай-ақ 3 трлн теңгенің өнімі шығарылады.

Жолдауда бизнесті шетелдік инвестициялармен қамтамасыз етуде, капиталға қол жеткізуде маңызды рөлді «Астана» Халықаралық қаржы орталығы атқаруы тиіс екендігіне баса назар аударылды.  Осы ретте арнайы түрде бөлек сот, қаржылық реттеуші, биржа құрылған. Ендігі мақсат барлық меморгандар, ұлттық компаниялар қаржыландыру үшін АХҚО алаңын белсенді түрде пайдалануы. Осыған байланысты Үкімет бюджеттік шығыстардың басымдықтарын қайта қарап, бұл тұрғыда әлеуметтік секторға, қауіпсіздікке, инфрақұрылымға жаңа көзқарас керектігі нақтыланды.

Сонымен қатар жаңа жылдан бастап шағын және орта бизнеске салықтық амнистия жарияланбақ.

Бұның барлығы мемлекет экономикасының қуатты тұғыры саналатын шағын және орта бизнесті дамытуға, сол арқылы халықтың әлеуметтік ахуалын еселеуге көзделген бастамалар.

М.АДИКОВ,

Алматы облыстық кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалының басшысы.

Мәліметпен бөлісу: