Кемел келешек кепілі

Саналы және салиқалы ұрпақ – мемлекетіміздің мызғымас бөлшегі.«Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда оны түзете алмайсың» деп бекер айтылмаған. Бұл тәмсілге қарап отырып ұрпақ тәрбиесі ұлтымыз үшін бірінші кезектегі мәселе екенін баса айтуға болады.

Сәбилерге жәбір көрсетудің күн санап артып келе жатқаны қазіргі кездегі қиындықтардың бірі. Қатыгездік тек ұрып-соғу, денесін көгерту, ересек балаларды алдап жыныстық қатынасқа қудалау ғана емес. Баланы қорлау, мазақ ету, оның мүдделері мен қажеттіліктерін ескермеу оларды жұдырықпен немесе белдікпен сабағандай күйзеліске апарады. Тіпті балаларды қараусыз қалдырудың өзіқиянат .

Балаға отбасында берілген тәрбие оның адам болып қалыптасуына тікелей әсер ететін фактор. Жанұяда ата-ана, балабақашада тәрбиешілер, мектепте ұстаздар әр балаға жауап береді.Әйтсе де бүгінгі таңда қоғамда бауыр еті баласын тағдыр тәлкегіне қалдырып, болашағына, жалпы тәрбиесіне немқұрайлы қарап, жауапкершіліктен жалтаратын ата-аналар кездесіп жататыны анық. Бұл бүлдіршінге жасалған катыгездіктің ең сорақысы.

Сондай-ақ жасөспірімдерге қатысты зорлық-зомбылықты көрсетудің жаңа факторы  – бұл бірінші кезекте ғаламтор, ұялы телефон, түрлі ақылы ойындар мен әлеуметтік желілер.Жаңа технологиялар заманы болғанымен де, қауіп-қатер төніп тұрғаны жасырын емес.

Аталмыш ағымды тоқтату үшін қоғамды осы саладағы халықаралық және ұлттық заңнаманың негіздері туралы хабардар етуіміз керек. Баланың миына зақым келтіретін бағдарламаларға арнайы тыйым салу қажет. Жауапты адам ретінде тәрбиеге деген оң көзқарасымызды нығайту арқылы көптеген іс-әрекеттердің алдын аламыз.

Балалар мен зорлық-зомбылық бұл данышпандық пен зұлымдық сияқты екі үйлесімі келмейтін нәрсе. Олармен қарым-қатынаста қатыгездік тек қорқыныш пен жеккөрушілікті тудыруы мүмкін. Сол себепті бүлдіршіндеріміз тек сүйіспеншілік, құрмет пен түсіністік орын тепкен отбасында туып, өмір сүру керек.

М.НҰРҚАСЫМОВА.

Мәліметпен бөлісу: