Әкім сайлауы-2021

Алматы облысында 71 ауылдық округ әкімін сайлау науқанына қатысты жұмыс қарқынды жүруде. Бүгінгі таңда үміткерлердің ұсынымын қабылдау аяқталды. Алдағы кезекте үгіт-насихат жұмыстары мен әкімдерді сайлау ісі тұр.

279 тұлға ұсынымдарын жіберіп үлгерген. Оның ішінде 93-і саяси партияның өкілдері болса, 186 азамат ауылдық округті басқаруға қауқарлымын деп, өзін-өзі ұсынғандар.   Айта кету керек, Ақсу, Алакөл, Кеген, Кербұлақ, Панфилов аудандарына қарасты ауылдық округтеріне әкім болып сайланамын деушілер өзін-өзі ұсынған.

Кандидаттар арасынан 243-і талапқа сай келсе, 16 тұлға саяси бәсекеден шет қалды.

Ауылдық округті басқаруға бағын сынап жатқандардың ішіндегі ең жасы Жантас Амангелдіұлы. Жасы 25-те. Алакөл ауданының Теректі ауылдық округін басқармаққа өз кандидатурасын ұсынғандардың бірі. Еңбекшіқазақ ауданына қарасты, Балтабай ауылдық округінің тізгінін ұстамаққа ұсыным берген Жұман Мықтыбаев, үміткерлердің ішіндегі ең үлкені. Оның жасы 62-де.

«154 үміткер жұмыс істеп жүрген мемлекеттік қызметшілер болып табылады. Оның ішінде 35 үміткер қайта сайлану арқылы дауысқа салынады. Орташа бәсекелестік – 3,9 адам. Барлық округтерде үміткерлердің саны 3-тен көп. Ең көп үміткер тіркелген аймақ, Іле ауданы Чапаев ауылдық округі. Мұндағы кандидаттардың саны 9-ы құрап отыр», – дейді Алматы облыстық сайлау комиссиясының мүшесі Қаһарман Жақсылық.

Мәліметпен бөлісу: