Латын әліпбиі- өркениет жолы

Елбасының«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты тағылымды туындысында рухани түйсігіміз бен жаңа дүниені білуге, үйренуге деген құмарлығымызды заманға сай жаңғырта түссек алпауыт отыз мемлекеттің көшіне ілесуге мүмкіндік туатынын баса айтқан болатын. Сонымен қатар бағдарламалық мақаланың әр бағыты, әсіресе адами капитал, ұлттық бірегейлікті сақтау, прагматизм, латын қарпіне көшу сынды бөлімдерінде мыңжылдықтан мәңгілікке аттанған сапарымызда алдымен рухани қазынамызды дамыту арқылы алға басатынымызды ескертті.

Қазақтың тұңғыш тіл ғалымы әрі рухани көсемі А.Байтұрсынұлы: «Әр ұлтқа төрт нәрсе керек. Олар: тіл, діл, дін және жазу. Осылары болса ғана әр халық өзінше халық. Егер бұлардан айырылса, ол ел халық болудан қалады. Тілі жоғалған халықтың, өзі де жоғалады»,- деген еді. Әлемдік тәжірибеге қарағанда да бірлікке келген кемелді тілі, жазу мен әліпбиі бар халық өркениетке қарай бет алса, ұлттық құндылықтары ұлықталмаған халық бет-бетімен ыдырап, жоқ болуда.

Сондай-ақ шетелмен қарым-қатынасты кеңейте түсу елдегі ғылым-білім, заманауи технологиялық ілгерілеушіліктің даму қарқынымен байланысты. Кең жолақты ғаламтор желілері қарқынды дамып, жедел ақпарат алмасу мөлшері күшейіп, дамыған мемлекеттерде ақпараттық технологияның озық үлгісі – компьютерлік техникалар мен бағдарламалар арқылы жолға қойылған. Қазіргі заманда дүниежүзінде өзара ақпарат алмасу латын графикасымен жасақталған компьютерлердің көмегімен жүзеге асып отырғаны мәлім. Осы коммуникациялық кеңістікке мемлекеттік тіліміз де өзіндік жазу сипатымен кіруге тиіс. Бұл қазіргі заманда ұлттық тіліміздің, жазуымыздың қоғамдық абыройын арттыруға, әлеуметтік беделін көтеруге септігін тигізеді. Осындай мәдени-әлеуметтік маңызды іске атсалысып қызмет еткен тілдің де мәртебесі арта береді.

Айта кетерлігі,аудан көлемінде латын әліпбиіне кезең-кезеңімен көшуде 41 шара өткізілді. Тоқтала кетсек, аудандық ішкі саясат бөлімінің мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы негізінде «Латын графикасы, қазақ әліпбиі емлесіндегі жаңалықтар», «Тіл – елдің тірегі» тақырыптарында түсіндірмежұмыстары жүргізіліп, 3700аудан халқы қамтылса, «Латын әліпбиі ­- рухани болашақ талабы», «Әліпби-ұлттық сананың құралы»,  «Ұлт мұрасы тіл, тұлға тағылым» атты аудандық семинар жұмыстары жүргізілді. 

Сондай-ақ тілге,латын графикасына кө­шу мәселесіне байланысты2018 жылыәлеуметтік желілерде – 314,аудан әкімдігінің веб-сайтында 42 мақала, 2019 жылдың І тоқсанындаәлеуметтік желілерде – 160,БАҚ-та 5 мақала жарық көрді.

Елбасы Н.Назарбаевтың саралап, бағамдаған жоспарлы  бағдар­ла­масындағы мемлекеттік тілді латын графикасына көшіру туралы ұсынысы – заман талабы, еліміздің дамуы және біздің болашағымыз.

Г.ЖЕКСЕМБАЕВА, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы.

Мәліметпен бөлісу: