Латынәліпбиіне көшу– уақытталабы

Берекесі мен мерекесі артқан атамекеніміз тәуелсіздігін алғалы бері экономикалық, әлеуметтік жақтан өркендеуде.Бүгінде әлемде дамыған 30 мемлекетпен терезесін теңеуді мақсат тұтқан Ұлы дала еліне Елбасымыз ең алдымен рухани жаңғыру міндетін қойып отыр. Соның ішінде жаңа әліпбиге көшу маңызды мәселеге айналуда. Біздің ұлттық сана-сезім, рухани даму, өркендеу жолымыз қазақ тілінің жаңа әліпбиін жасаудан басталады.

Бүгінде «Латын әліпбиіне көшу қажет пе?» деген уақыт талабы тудырған сауал алдымыздан көлденең шықты. Саяси маңыздылығы жағынан айтқанда, кириллицамен сіңіп кірген отарлық санадан арылу үшін де маңызы зор. Екіншіден, латын жазуы қолданысқа оңай, игеруге ыңғайлы.

2025 жылға дейін еліміздегі барша кітапты, жазуды латын әрпіне көшіріп, қазақ тілін, тұғырын сақтауға негіз болатын әрекетке нық қадам жасалмақшы. Ұлт үшін шырылдап, жанын беруге даяр аға буын қолдай кеткен латын әліпбиі әлемдік көзқарас пен қазақ тіліне деген қызығушылықты арттыратын, дүбірлі дүниеге танытатын, табысқа жетелейтін жаңа бастама екені сөзсіз.Негізі қазақтың тілі жұмсақ, үнді, мәдениетті. Кейбір әріптердің ана тіліміздің әуезін бере алмауына байланысты өзінің бастапқы қалпын жоғалтып жатыр. Осы орайда латын әліпбиіне көшуіміз керек. Иә, бұл мәселе осыдан бірнеше жыл бұрын көтерілген еді. Содан бері санамызда «Ерте ме, кеш пе, еліміз латын әліпбиіне көшеді, соған дайындала беруіміз керек» деген салмақты ой сақталып келді. Бүгін сол үкілі үміт сәулесінің куәсі болып отырмыз.
Қазіргі уақыт – бүкіл әлемде ақпарат технологияларының жоғары деңгейде дамуының кезеңі. Ең бастысы – жаңа әліпби барлық талаптарға сай болса, біз биік технологияларды меңгеруге, интернетке, ғылым мен білімге және әлемдік дамуға еркін кіретін боламыз. Осы орайда,аудан көлемінде латын әліпбиіне көшуде біраз іс-шаралар атқарылатын болады. Атап айтсақ, «Латын әліпбиіне көшу заман талабы» атты дөңгелек үстел, «Тілім-тірлігімнің тынысы» атты облыстық форум өтпек. Латын әліпбиінің қарпі бекітілгеннен кейін арнайы курстар жүргізілетін болады.

Үш айға созылып, елімізде табысты өткен «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі Қазақстан Республикасының страте­гиялық жолмен даму сипатын тағы да айқын көрсетті. Бүкіл әлемнің инновациялық технологиялық жетістіктерінің орталығына айналған Астана әлемге еліміздің мерейіне деген сенімін нығайта түсті. Міне, сол сияқты латын әліпбиіне мемлекеттік тілдің көшу реформасы да, сөз жоқ, жемісті және жеңісті болады деп сенемін.

Г.Жексембаева,
аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы.

Мәліметпен бөлісу: