Ұлттық білім берудегі ұстаздардың рөлі

Айналаға назар салсаңыз бірінен бірі озуға талпынған жұрт, жаһандық бәсекелестікте тартысқан мемлекеттер. Бұлардың мақсаты ортақ. Ол алдыңғы қатарлы елдердің көш басынан көріну. Осы мақсатта әр ұлт өзінің ерекшеліктерін ұтымды пайдаланып, ұрысқа сақадай сай отыр. Ұрыс дейтініміз қару асынып, қақтығысқа түсу емес, ол білім мен ғылымның үстемдік құрған мылтықсыз майданы. Себебі дидары өзгерген дәуірдің талабы ауысты, сұранысы алмасты. Бұрынғыдай қылышпен қырып, шоқпармен шауып алатын уақыт ескі күндердің елесі боп қала берді. Қазір жаңа заман, жаңа көзқарас қалыптасқан мезет. Осыған сай біз де жаңғыру сүзгісінен өтіп, нарықтық экономиканың бәсі басым түскен ғасырмен санасқанымыз абзал. Ал ол үшін ұлттық білім беру жүйесін жаңғыру сүзгісінен өткізіп, озық әрі үздік үлгісін қалыптастырған жөн.

Мемлекетіміздің білім беру үдерісіне енген жаңартылған үлгі – заман талабына сай келешек ұрпақтың сұранысын қанағаттандыратын тың бастамалардың бірі әрі бірегейі. Қазақстан 2050 стратегиялық бағдарламасы оқытудың ұлттық моделін қалыптастыру мен білім беру жүйесін әлемдік кеңестікке сай даярлауымен сипатталады. Осы орайда білім берудің мазмұны жаңарып, жаңаша көзқарас пайда болды. Осыған байланысты ұстаздар алдында оқытудың әдіс-тәсілдерін үнемі жаңартып отыру және технологияларды меңгеру, оны тиімді қолдана білу міндеті тұр.

Елбасы  Н.Назарбаев 2014 жылғы «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Ұлттық білім берудің барлық буынының сапасын жақсартуда бізді ауқымды жұмыс күтіп тұр. 2020 жылға қарай Қазақстандағы 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі біліммен 100 пайыз қамту жоспарлануда. Сондықтан оларға заманауи бағдарламалар мен оқыту әдістемелерін, білікті мамандар ұсыну маңызды. Орта білім жүйесінде жалпы білім беретін мектептерді Назарбаев зияткерлік мектептеріндегі оқыту деңгейіне жеткізу керек. Мектеп түлектері қазақ, орыс және ағылшын тілдерін білуге тиіс. Оларды оқыту нәтижесі оқушылардың сындарлы ойлау, өзіндік ізденіс пен ақпаратты терең талдау машығын игеру болуға тиіс»,- деп атап көрсеткеніндей, қазіргі таңда елімізде жаппай білім беру мазмұны жаңғыртылуда. Себебі білімнің салтанат құрған заманында өзгенің өкшесін қумай, аламан алдынан көріну үшін бұл саясаттың берері мол.

Аталмыш саясатқа кеңінен көз салып, бергені мен берерін сараласаңыздар мемлекеттің дамуына қосатын үлесінің зор екендігі, сондай-ақ жастардың әлемдік деңгейде танылып, бабаларымыздың табаны тимеген жерлерге, балаларымыздың қаламы тиюіне демеу болатыны сөзсіз.

Осы ретте ұлттық білім беруді жаңғыртудағы бар өмірін бала тәрбиесіне сарп етіп, болашақ иегерлерін жетелеп келе жатқан ұстаздар рөлін саралап өтсек.

Қай кезеңде, қай қоғамда болсын жеке тұлғаның қалыптасуы ұстаздан басталады. Сондықтан білім саласындағы түбегейлі өзгерістер мұғалімдерден үлкен жауапкершілікті талап етеді. Өздігінен білімге ұмтылып, жан-жақты ізденетін, алдағы өмір жолын өзі болжай алатын тұлға тәрбиелеу – ұстаздың қолында.

Инновациялық үрдістердің жалғасуына ықпал етудің маңызды факторының бірі мұғалімнің кәсіби шеберлігі. Солай бола тұра «кәсіби шебер» түсінігіне пәндік, дидактикалық, әдістемелік, психология-педагогикалық білім мен дағды ғана емес, педогогтің жеке тұлғалық потенциалы, кәсіби құндылықтары да жатады. Білім мазмұнын жаңарту тікелей шығармашылық ізденістегі мұғалімнің кәсіби шеберлігіне байланысты. «Мұғалім көп әдісті білуге тырысуы керек. Оны өзіне сүйеніш, қолғабыс нәрсе есебінде қолдануы керек», -деп Ахмет Байтұрсынов айтқандай, қазіргі заман талабына сай білім беру мәселесі сол қоғам мүддесіне сай болуы қажет деп топшылаймын. Өз ісінің шебері ғана жоғары жетістіктерге жетеді. Қазіргі таңда пәнді жақсы, терең білетін, күнделікті сабақтағы тақырыпты толық қамтитын, оны оқушыға жеткізе алатын, әртүрлі деңгейдегі тапсырмаларды білу іскерлігі, оқытудың дәстүрлі және ғылыми жетілдірілген әдіс-амалдарын, құралдарын еркін меңгеретін, оқушылардың пәнге қызығушылығын арттыра отырып дарындылығын дамытудағы іздену-зерттеу бағытындағы тапсырмалар жүйесін ұсыну өмір талабы болып саналады. Ал осы түсініктерді тұла бойынан көрсете алған ұстаз білім беру жүйесін жаңғыртудағы өзінің өте маңызды рөлін айшықтап бермек.

Ұшан-теңіз кемер білімді зердеге құяр мұғалім қауымы өзі үйреніп, оқып жүргенде ғана жетіледі. Егер кәсіби сана-сезім іске деген жағымды эмоционалды қарым-қатынаспен, өзінің еңбек саласына деген мақтаныш сезімімен ажарланса, бұл іс үшін де, адамның өзі үшін де оңтайлы болады. Жаңа білім берудің негізгі мақсаты – білім мазмұнының жаңаруымен қатар, оқытудың әдіс-тәсілдері мен әртүрлі құралдарын қолданудың тиімділігін арттыруды талап етеді. Ғылым мен техниканың күн санап өсуіне байланысты педагогика ғылымының теориясы мен оқыту үрдісі де түбегейлі өзгерістерге ұшырауда. Соған орай оқытудың да үлгісі өзгерді. Білім берудің мазмұны жаңарып, жаңаша көзқарас пайда болды. Осыған байланысты ұстаздар алдында оқытудың әдіс-тәсілдерін үнемі жаңартып отыру және технологияларды меңгеру, оны тиімді қолдана білу міндеті тұр. Осы тұрғыда әр пән мұғалімдеріне оқыту әдістерін, жаңа технологияларды таңдап пайдалану және авторлық үлгілерді қолдану мүмкіндігі берілген. Жаңартылған оқу жоспарлары, тілдік дағдылар, педагогикалық әдіс-тәсілдер және белсенді оқыту техникалары мұғалімді шабыттандырып, одан сайын қанаттандыратыны анық. Әр мұғалім тиімді оқу мен оқыту тәсілдерімен таныса отырып, өзінің педагогикалық қызметіне белсенді оқу қағидаттарын енгізеді. Бұл жолдағы әр іс-әрекет мақсатқа жетуге бағытталатындығы түсінікті. Егер ұстаз тәжірибесінде үйреніп жатқан белсенді әдіс-тәсілдерді тиімді қолдана білсе, оқушылардың сын тұрғысынан ойлау қабілеттері дамып, білімнің қажеттілігін түсінеді.

Білімнің бастауы, қайнар көзі – мектеп болса, келешек ұрпақтың алғашқы баспалдағы – білім беру саласы екені баршамызға аян. Осы тұста Мұхтар Шахановтың: «Бала жүрегі кішкентай күй сандық. Оның кілтін тапсаң ғана ашылады. Мұғалімнің қолында үнемі сол кілт жүруі керек. Алғашқы қаланған кірпіші қалай болса, келешек келбеті де сол кірпіштің берік болуына келіп саяды»,-  деген сөзі ойға оралады.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін қайырар болсақ баланың функционалды сауаттылығын қалыптастыруда жаңартылған білім беру жүйесі елеулі еңбек атқарады. Оқушы өзінің мектеп қабырғасында алған білімін өмірінде қажетке асыра білуіне жол ашады. Бұл бағдарламаның негізі «Өмірмен байланыс» ұғымына құрылған және ұстаздарға үлкен жауапкершілікті міндеттейді. ХХІ ғасырда өмірдің барлық салаларында табысты болу және қажетті дағдыларды дарыту үшін мұғалімдер тынымсыз еңбектенуі керек деген ойдамын. Замана заңғарынан сүрінбей, бүлінбей өткен мемлекетіміздің кемел болашағы оқыған, тоқыған азаматтармен тікелей байланысады. Ендеше озық отыздықтың қатарына енеміз десек, білім мен ғылымды бірінші орынға қоюға қадам жасайық. Ал сол білімді болашақ иегерлерінің бойына сіңірер ұстаздардың жалпы оқыту-ағарту жүйесіндегі, тіпті қоғамдағы да рөлі орасан зор.

Алмат ЕСЕНБЕКОВ.

Мәліметпен бөлісу: