Наурыз тойы – Алакөлде

Наурыз мейрамы ежелден қалыптасқан жыл бастауы. Күн мен түн теңеліп, жан-дүниені тірілткен, шаруаның бір малы екеу болып, арқа-басы кеңіп, аққа аузы тиген, қытымыр қыстың ызғарынан құтылып, алдағы шуақты күндерден үміттендірген мереке.

Көне уақыттан көшпелі өмір салтын ұстанған халқымыз Наурыз мерекесіне барынша зор назар аударған. Бүгінде бұл дәстүр жалғасын тауып, ғұрып пен салтты сақтаудың жақсы жолы қалыптасты деуге болдаы.

Осы жолдың жалғасы ретінде Үшарал қаласындағы Д.Қонаев атындағы орталық алаңда «Армысың, әз-Наурыз» деген мерекелік шара өтті. Табиғат ананың бусанып, тіршілік тірілетін жаңару айын алакөлдіктер бар сән-салтанатымен, жылы шырайымен қарсы алды.

Аудандық мәдениет үйі өнерпаздары сахналық қойылым қойып, мектеп оқушылары да би билеп, күй тартып, ән шырқады.

Көктемнің шуақты күндерінен үміт күттіретін Ұлыстың ұлы күнінде аудан әкімі А.Абдинов аудан тұрғындары мен қонақтарын Наурыз мерекесімен құттықтап, жылы лебізін білдірді.

Сондай-ақ Алакөл аудандық Мәслихатының 2024 жылғы 19 наурыздағы №26-2 шешімімен Мырзабек Рысбековке, Ғалым Алихановқа, Қазығұл Баядиловке және Нұрубек Маликбазаровқа Алакөл ауданының «Құрметті азаматы» атағы берілді.

Ауданымыздың тұрғындары мен қонақтарына жеке кәсіпкерлер, мекемелер қазақтың ұлттық тағамдары мен наурыз көже тарту етіп, ақ дастархан жайылды.

Тамыры тереңге бойлаған әз-Наурыз қашанда іргесі сөгілмес бірліктің, ырыс пен ынтымақтың мерекесі. Жиын соңында З.Қойшыбаева атындағы мәдениет үйі өнерпаздарының концерттік бағдарлама мен қазақтың төл дәстүрінен көрініс қойды.

А.СҮЛЕЙМЕН.

Мәліметпен бөлісу: