Өнерлі жастар форумы

Жастар – мыңжылдықтар төрінен мәңгілікке қарай аттанған Қазақстанды қуатты мемлекетке айналдырар бірден бір толқын. Алпауыттар мен адуындылар арпалысында екі құрлыққа бірдей қанатын жайған республикамыздың даңқы ме дақпыртын күллі әлемге паш ететін мемлекеттің қуатты тірегі. Сондықтан олардың спорт пен мәдениетте, өнер мен ғылымда, жалпы кез-келген салада салмақты орын алып, азуын айға білеген алыптар арасында «Қазақстандық брендті», «Қазақстандық жастар» деген атақты қалыптастыруда жетістіктеріне барынша жол ашқан абзал. Арғысын алмағанда республиканың, облыстардың, аудандардың, ең бергісі туып-өскен ауыл-абанның өркендеуіне сүйемдей болса да септігін тигізсе нұр үстіне нұр болатына хақ.

Осы орайда аудан аумағында да жстарды қолдау, олардың бос уақытын тиімді пайдалану, жұмісқа орналастыру, белсенді болу мен жеке кәсіппен айналысуға бірталай мүмкіндіктер берілуде.

Жуырда осы мүмкіндіктердің шекпенінен ұстап, өздерін әр салада үздік екендіктерін танытып жүрген өнерлі жастардың «Мәңгілік елдің – мәңгілік сарыны» атты форумы жалауын желбіретті.

З.Қойшыбаева атындағы аудандық мәдениет үйінде ұйымдастырылған жалынды жастардың жүздесуіне өңір басшысы Ә.Жақанбаев бастаған Алакөлдің айтары бар азаматтары, белді, беделді тұлғалары, ең белсенді кейінгі толқын өкілдері қатысты.

Шаранң шымлдығын түрген аудан әкімі Ә.Жақанбаева: «Жалын мен жігерді, ізденіс пен талпынысты талап ететін жастық шақта ел болашағы үшін еңбек ету – әркімнің міндеті. Бүгінгі жас – болашақ Қазақстанның  жанды бейнесі. Оларды білім жолына салып, түзу бағыттан тайдырмай, санаға сәуле шашар оқу-білімнің тізгінін ұстату басты парызымыз. Мықты мемлекет жастардың білімі мен оқу-ағарту ісіне көп көңіл бөледі. Келешектің іргетасын қалау үшін, ең алдымен жастардың саналы ұрпақ болып жетілуіне күш салады.Жалпы бүгінгі жастардың білімге, еңбекке деген құштарлығы, шет тілдерін меңгеруге, инновацияны үйренуге, жаңа жобалар әзірлеуге деген талпыныстары бізді қуантады.Аралары­ңда қазірдің өзінде елімізге пайдасын тигізіп, мемлекеттің даңқын шығарып жүрген жастар аз емес. Олар бүгінгі кездесуге келгендер қатарында да көптеп саналады»,- дей келе, «Көшбасшы – 2018», «Үздік нұсқаушы» байқауларының жеңімпаздарын марапаттап кетті.

Атап айтсақ, «Көшбасшы – 2018» аудан әкімінің жүлдесінде «Үздік жас спортшы» джиу-джитсудан Қазақстанның 8 дүркін жеңімпазы, «Алтын белбеудің» иегері, Азия чемпионы, әлем біріншілігінің күміс жүлдегері А.Ахметов, «Үздік жас ұстаз» Тоқжайлау орта мектебі директорының оқу-ісі жөніндегі орынбасары А.Туликбаева, «Үздік жас әскери қызметкер» А.Молдажанов, «Үздік студент» Д.Мұхаметбай, «Үздік жас мемлекеттік қызметші» Н.Сейфолданов, «Үздік жас өнерпаз» А.Түстікбаева, «Үздік жас кәсіпкер» А.Ахмадиев, «Жас ұлан бірыңғай балалар мен жасөспірімдер үйымының үздік көшбасшысы» Д.Дюсенбек, «Үздік жас дәрігер» С.Құдайбергенова атанды. Ал «Үздік нұсқаушы» аталымын лепсілік Ф.Аитов, еңбекшілік Қ.Данабекова, ынталылық Қ.Нүсіпхан, екпінділік Т.Жарахметов пен көлбайлық М.Базылханова қанжығалады.

Өнерлі жастардың атынан сөз алған жайпақтық жас әнші Е.Серікұлы қатарластарын тек көш басынан көруне беруге, әр салада үздік болуға үгіттесе, «Үздік жас ұстаз» номинациясының иегері А.Туликбаева Елбасы Н.Назарбаев соңғы Жолдауында 2019 жылды – Жастар жылы деп жариялауы жайлы өз ойын ортаға салды. Үздіктер қатарынан көрінген Д.Дюсенбек жаһандық бәсекелестік өршіген дәуірдің құрдасы атанған жас толқынның мойнына жартылған жүктің аса жауапкершілікті қажет ететінін ескертті.

Аудандық жастар ресурстық орталығының жеткешісі Е.Омарханов «Мәңгілік елдің – мәңгілік сарыны» атты жастар форумының Үндеуін жария етті.

Артынша ауданымыздың талантты жастарының шағын концерттік бағдарламасы назарға ұсынылып, көрермендер бір жасап қалды.

 

А.ЕСЕНБЕКОВ.

Мәліметпен бөлісу: