Отбасы банк «Дипломмен ауылға!» мемлекеттік бағдарламасының операторы болып тағайындалды


Бұл бағдарламаға ауылдық жерге тұру және бірқатар мамандықтар бойынша жұмыс істеу үшін келген қазақстандықтар қатыса алады. Бұл денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт, агроөнеркәсіптік кешен мамандары, ауылдық округтер әкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметшілері (әкімдер мен әкімдердің орынбасарларын қоспағанда).
Олардың барлығы жергілікті әкімдіктен 0,01% мөлшерлемесі бойынша 1500 АЕК-ке дейінгі мөлшерде кредит алуға үміткер бола алады. Қарыз тұрғын үй сатып алуға немесе салуға беріледі. Кредиттің ең көп мерзімі – 15 жыл. Негізгі талап – мамандар ауылдық жерлерде мамандығы бойынша 3 жыл жұмыс істеуі керек.
Қазіргі уақытта мұндай қарыздарды 38 000 қазақстандық азамат алды. Бұрын олардың кредиттік төлемдеріне Аграрлық кредит корпорациясы қызмет көрсетіп, мониторингін жүргізген. Дәл осы компания «Дипломмен ауылға!» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі қаржы агенті болды.
Ұлттық экономика министрлігінің бұйрығымен 2023 жылғы 1 сәуірден бастап «Дипломмен ауылға!» бағдарламасының қаржы агенті болып Отбасы банк (Бәйтерек холдингінің еншілес ұйымы) тағайындалды.
Енді осы бағдарлама шеңберіндегі ағымдағы қарыздарға Отбасы банкте қызмет көрсетіледі. Сондықтан «Дипломмен ауылға!» бағдарламасы бойынша кредиттері бар қазақстандық азаматтар Отбасы банкте депозит пен ағымдағы шотты ашуы қажет. Бұл қарыз алушылардың болашақта мерзімді өткізіп алмауы және өсімпұл есептелмеуі үшін жасалатын шара. Отбасы банкте депозит пен ағымдағы шот ашылғаннан кейін олар кредит талаптарын өзгертпестен оны төлеуін жалғастырады.
Депозит пен ағымдағы шотты ашудың тәсілдері:

  • Otbasy bank мобильді қолданбасында онлайн;
  • ұялы телефоннан 300 нөміріне тегін қоңырау шалу;
  • жақын жердегі банк бөлімшесіне немесе кеңес беру орталығына хабарласу арқылы.
    «Дипломмен ауылға!» бағдарламасына жаңадан қатысатын тұлғалардан өтінімдер otbasybank.kz жылжымайтын мүлік порталында онлайн режимде қабылданады. Жаңа өтінімдерді қабылдау күні туралы банк қосымша хабарлайды.
    Ол үшін порталда тіркелу, қажетті құжаттарды жүктеу* және ЭЦҚ көмегімен өтінімге қол қою қажет.
    Бұл өтінімді otbasybank.kz жылжымайтын мүлік порталында жергілікті әкімдіктердің қызметкерлері қарайды, салынған құжаттардың дұрыстығын тексереді және шешім қабылдайды. Әкімдік оң шешім қабылдаған жағдайда кредит беру процесі басталады. Бұл жағдайда Отбасы банк қарыз және кепіл шартын қалыптастыруға көмектеседі, оларға блокчейн технологиясының көмегімен тараптар арасында қол қояды, әкімдіктен ақша алады және кредит береді.
    Бүкіл процесс қашықтан жүзеге асырылады. Бағдарламаға қатысушы әкімдікке немесе банк бөлімшелеріне бармайды.
    Отбасы банк қарыздар беру жөнінде шешім қабылдамайды, төлем қабілеттілігін бағалауды жүргізбейді, кепілді бағаламайды және кредит беру үшін қаражат бөлмейді. Осы процестердің барлығына жергілікті әкімдік жауап береді.

Бұл жағдайда Банк агент ретінде әрекет етеді, қазақстандықтардың «Дипломмен ауылға!» бағдарламасы бойынша әкімдіктен қашықтан және қысқа мерзімде қолжетімді қарыз алуына көмектеседі. Сондай-ақ банк бұдан әрі қарыздардың уақтылы өтелуін қадағалайды, бағдарламаға қатысушыдан алынған төлемдерді әкімдіктерге аударады және мерзімі өткен төлемдермен жұмыс жүргізеді.

  • Тұрғын үй сатып алуға немесе салуға бюджеттік кредит алуға өтініш беру үшін келесі құжаттарды салу қажет:
  • жеке басын куәландыратын құжат
  • кадр қызметі куәландырған білімі туралы дипломның көшірмесі.
  • еңбек кітапшасының көшірмесі.
  • неке қию туралы куәлік (некеде тұрғандар үшін).
  • кредиттік бюродан есеп.
  • үміткерде және оның отбасы мүшелерінде (жұбайында (зайыбында), балаларында) жылжымайтын мүліктің жоқтығы (бар екені) туралы анықтама.

Мәліметпен бөлісу: