Тағы да бір оқу жылы аяқталып, ауданымыздағы білім ұяларын соңғы қоңыраудың сыңғыры күмбірлетіп әкетті. Түлектер ұшқан ұя мектебіндегіқызығы мен қуанышы мол сәттерді көз алдынан соңғы рет парақтады.

Жарасымды әнімен, салтанатты сәнімен соғылған соңғы қоңырау жиыны Жанама орта мектебінде өзіндік өрнек тапты. Құшағы – гүлге, жүздері қуанышқа толған 11 түлек алтын ұясымен қоштасты. Мектеп қабырғасында өткен күндердің бәрін тәтті естелікке айналдырған оқушылардың бойында қобалжумен қатар қимастық сезімі басым.
Салтанатты шараға аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Д.Жуандықов пен ауыл әкімі Т.Байзақов қатысты.
Мемлекеттік Ту көтеріліп, Қазақстан Республикасының Гимні шырқалды. Білім ордасының директоры Р.Қоразова түлектерге деген ізгі ниетін жолдап, олардың алдағы сыннан сүрінбей өтетіндіктеріне сенетіндігін айтып, сәттілік тіледі. Артынша үздік оқушыларды мақтау қағазымен марапаттап, пән олипиадалары мен спорттық жарыстардың, ғылыми жобалардың жеңімпаздарын атап өтті.
Аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Д.Бәзенұлы: «Алтын ұя білім ордаларыңыздан алған он бір жылдық білімдеріңіз бен тәлім-тәрбиелеріңіз сіздерге қоғамнан өз орындарыңызды табуға игі ықпалын тигізсін демекпін. Сіздерді алдарыңызда үлкен сынақтар күтіп тұр. Сәт сапар, мектеп бітіруші, жас түлектер!»,-деп ізгі ниетін білдірді.
Түлектердің алғашқы ұстазы А.Сқақова, сынып жетекшісі С.Хиаг және ата-аналар атынан Б.Белдеубаевалар жүрекжарды лебіздерін жеткізді.
Білімге шақырып, жарқын болашаққа жетелеген қоңырау үнін соңғы рет соғу құрметі 11 сынып оқушысы С.Расол мен 1 сынып шәкірті А.Искаковаға тиді. Салтанатты жиынның осы бір әсерлі сәтін барша бала асыға күтері анық.
Мектеп бітіруші жігіттер мен қыздар әдемі әуеннің ырғағымен дөңгелене «Мектеп вальсін» билеп, ұстаздарына арнап ән шырқады. Міне, осылай кеше ғана жүректері лүпілдеп мектеп қабырғасын аттаған бүлдіршіндер балалықтың бал дәуренін артқа тастап, алтын ұяларымен қош айтысты. Алда жаңа өмір, жарқын болашақ күтіп тұр.Сәт сапар, жас түлек!
М.ҚУАТҚЫЗЫ.