Талғар ауданында биыл 120 пəтер пайдалануға берілмек

2019 жылы әрқайсысы 60 пәтерден тұратын  2 үйдің іргетасы қаланып, халық қолданысына 120 пәтерді жалға беру жоспарлануда. Аталмыш жобаға 7-20-25 бағдарламасы аясында,  бюджеттен 926 миллион теңге қаржы бөлінген – деп хабарлайды өңірлік коммуникациялар қызметі.

“Елбасы баспана құрылысы жөнінде әртүрлі дәрежедегі әкімдерге  “7-20-25” бағдарламасының жүзеге асырылуын тапсырды.  Талғар ауданында үй алуға 2998 азамат кезекте тұр. “7-20-25” бағдарламасының бастапқы субсидиялық  қорына бюджеттен 167 миллион теңге қарастырылды. 430-ға жуық азамат  төлем жасау жолдарын анықтау мақсатында екінші деңгейлі банктерге жөнелтілді, оның ішінде 27 адамның өтінішіне оң жауап қайтарылды. Қазіргі таңда аумақта 5 тұрғын комплексінің құрылысы жүргізіліп жатыр. 2019 жылы барлығы  93 мың шаршы метрді құрайтын 27 баспана қайта жөндеуге беріледі.  Оның  12,6  мың шаршы метрді құрайтын 195 пәтерге арналған 4 үйі “7-20-25” бағдарламасы негізінде жасалды” , –  деді Талғар ауданының әкімі Сатбаев Рыскелди.

Сонымен қатар, 2019 жылы білім ошақтарын жөндеу жұмыстарына  көңіл бөлінбек. Дәулет елді-мекеніндегі  үш ауысымды оқыту жүйесін дұрыс қалыпқа келтіру мақсатында 300 орынды мектеп салынып жатыр, жаңа мектеп биылғы жылы қолданылуға беріледі деп жоспарлануда. Бұдан бөлек, Талғар қаласы мен Жаңалық, Жалғамыс, Айғаным және Қызыл Ту ауылдарында жаңа 5 мектеп салудың  жобалық құжаттау істері қаралып жатыр. Өткен жылы  19 білім беру мекемесін газбен қамтамасыз ету үшін 448,2 миллион теңге бөлінген болатын. Қазіргі таңда 35 мектепте газ құбыры орнатылып, қолдануға берілген.

Айта кету керек, 2018 жылы Талғар ауданында 26 миллиард теңгеден астам қаржыға құрылыс жұмыстары жүргізіліп 142 мың шаршы метрлік қоныс мекен қайта жөндеуден өткен болатын.

Бота СЕРІКБЕК

Мәліметпен бөлісу: