Тасқа таңбаланған тоқсан жыл

«Тойдың болғанынан, боладысы қызық» дегендей, тұғырлы ауданымыздың тоқсан жылдығына арналған айлық та өз мәресіне жетті. Батырлар мен ақындардың, шешендер мен көсемдердің, дүлдүлдер мен бұлбұлдардың, даналар мен даралардың мекені саналатын өңірімізде отыз күнге созылған мерекелік іс-шаралардың нүктесі қойылып, қорытындысы шығарылды. Айлық барысында ауданнан шыққан атпал азаматтармен кездесулер, ғылыми конференциялар, сазгерлер, ақындар, әншілер кеші, түрлі өнер иелерімен жүздесулер, сан алуан сайыстар, мүшәйралар, спорттық додалар түңлігін түріп, тұрғындар бір жасап қалған еді. Бұл игі істің бәрі игілігін Алакөлдің иен даласынан тапқан, өңіріміздің тоқсан жылдық тағылымды тарихының қалыптасуына түрткі болған жұртшылықтың құрметіне орай ұйымдастырылған.

 

«Көп тебінсе – жер сілкінеді»,- деші еді байырғы бабаларымыз. Бұл тұста, «Саусақ бірікпей, ине илікпейді», «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген мәнді мақалдардан мысал келтірелік. Бажайлап қарап, байламына зер салсаңыз бұқараның бірлігі мен берекесінің арқасында тоқсан жылдық тарихымызды әспеттеген шаралар жоғары деңгейде өтті деп ойланбастан жар салуға құқылымыз.

Қыркүйектің 21-22 жұлдыздарына межеленген қорытынды шаралардың куәгері болуға құлшынған халықтың қарасы мол болды. Барлығы да ғасырға жуық өткеніміз сараланған кештерден сарқыт алудан дәмелі.

«Алакөл – киелі мекенім» тақырыбында ұйымдастырылған шараның шымылдығы Ұлы Отан соғысында қаза тапқан ардагерлердің ескерткіші мен еліміздің біртуар азаматы Д.Қонаевтың кеуде мүсіні қонған тастұғырға гүл шоқтарын қоюмен ашылды.

Артынша таңдайына бұлбұл ұя салған торғын үнді әншіміз З.Қойшыбаева атындағы аудандық мәдениет үйінде салтанатты шара жалғасын тауып, оған өңіріміздің белді, белгілі тұлғалары арнайы шақыртылды. Адамдарға лық толған залда ине шаншар орын болмай, қорытынды кездесу көпшіліктің көңілінен шықты.

Сөз алған облыс әкімінің орынбасары А.Әбдуалиев тоқсан жылдық тарихын алтын әріптермен тасқа қашаған киелі ауданның өткені мен бүгініне тоқталып, облыс басшысы А.Баталовтың құттықтауын жеткізді.

Келесі болып мінберге көтерілген аудан әкімі Ә.Жақанбаев жалпы өңірдің даму сатысы жайында баяндама оқып, ел мерейін еселеген мерейтоймен құттықтады. Айтулы мейрамға орай бірнеше жыл ауданды басқарған жерлесіміз О.Жақияновқа, облыстық ішкі істер департаментінің басшысы, генерал-майор М.Ұрымхановқа, «Байғожанов» шаруақожалығының басшысы М.Байғожановқа ауданның Құрметті азаматы атағын беріп, кеуделеріне белгісін тақты. Сондай-ақ тоқсан жылдықтың эмблемасын әзірлеген ҚР көркем академиясының вице-президенті, ҚР көркем академиясының академигі, Қытай өнер академиясының профессоры, ҚР суретшілер одағының облыстық филиалының төрағасы Е.Жүнісхан мен айтулы датаға орай республика көлемінде ұйымдастырылған жазба ақындар мүшәйрасының жеңімпаздарын марапаттады. Жүлдегерлерге тоқталсақ үшінші орын Ғ.Кәдірбайұлы мен Н.Әбдірахымға, екінші орын Ж.Игіманға, бірінші орын Ж.Немеребаевқа бұйырса, бас бәйге О.Қасымның тақымында кетті.

Ізгі тілекті жалғаған Алматы облысы және Алакөл ауданының Құрметті азаматы, еңбек ардагері Б.Қапсаламов, белгілі меценат, «ZHERSU» инвестициялық-өндірістік корпорациясы бақылау кеңесінің төрағасы Б.Оспанов, Алматы облысының және Алакөл, Кербұлақ аудандарының Құрметті азаматы Ә.Бектеміров, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР мәдениет қайраткері, Алматы облысының құрметті азаматы А.Кендірбекұлы жиналғандарды мерейтоймен құттықтап, ақжарма ниеттерін ақтарды.

Артынша республикалық жыр мүшәйрасының жүлдегерлері өз туындыларын паш етіп, ауданымыздың әнұранына айналған жергілікті сазгер Е.Жотабаевтың «Менің Алакөлім» әні орындалды.

Көңілді кездесуден жарқын әсерлер алған қонақтар аудан басшылығы мен ұйымдастырушыларға жылы лебіздерін жаудырып, жайдары кейіпте тарқасты.

А.ЕСЕНБЕКОВ.

 

Мәліметпен бөлісу: