Тірлігі құтты, бірлігі мықты өңір!

Қаңтардың қақ ортасында бастау алған аудан, ауылдық округ әкімдерінің халық алдындағы есебі ақпанның алғашқы он күндігінде өз межесін бағындырып, өңір басшысы Ә.Жақанбаев қорытынды кездесу өткізді. Есепті жиынға облыс әкімінің орынбасары С.Бескемпіров қатысып, алакөлдіктердің тыныс-тіршілігімен танысып қайтты.

 

Кездесуге келген тұрғындар мен меймандар З.Қойшыбаева атындағы аудандық мәдениет үйінің дәлізін бойлай орналасқан өнеркәсіп өнімдерінің және өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық даму прогрестері көрсетілген көрмені тамашалады.

Алқалы жиынды ашып, жүргізген аудандық мәслихаттың хатшысы С.Жабжанов күн тәртібі мен жұмыс регламентін бекітіп, алғашқы сөзді қорытынды есебін баяндау үшін өңір басшысы Ә.Жақанбаевқа берді.

Аудан әкімі 2017 жылы атқарылған ауқымды істердің төңірегінде әңгіме өрбітіп, алдағы жоспарлар жайлы кең көлемде мағлұмат берді.

Атап айтсақ, өткен жылы тек аудан тірлігіне ғана емес күллі мемлекеттің тарихына төңкеріс әкелген резонансты жаңалықтың бірі тәуелсіздік алған мезеттен бері Қазақстан аумағында тұңғыш рет Алакөл жерінде жаңа әуежайдың бой көтеруі болды. Енді, жол машақатынан қаймыққан кез-келген турист «Астана – Үшарал – Астана», «Алматы – Үшарал – Алматы», «Талдықорған –Үшарал – Талдықорған» бағыттары бойынша ұзақ уақыттарын сарп ететін жолдарды бір-екі сағаттың ішінде бағындыра алады. Әуежай құрылысына республикалық және облыстық бюджеттен барлығы 1млрд. 89 млн. теңге бөлінген болатын.

Алакөлдің туристік әлеуетін арттыру тікелей Елбасының тапсырмасы болғандықтан бұл салада да ауқымды дүниелер атқарылды. Жетісудың жақұтына айналға көл жағалауына келіп демалушылардың саны биыл 753 мыңнан асып жығылған. Соның нәтижесінде 3,5 млрд. теңгенің ақылы қызметі көрсетілді. Жыл бедеріне зер салсақ былтыр 19 демалыс орны ашылып, 209 адам маусымдық жұмыспен қамтылды.

Белгіленген межені жоспарлы мөлшерден асыра орындаған сала ауыл шаруашылығы болды. Биыл егістіктегі өнім мен төрт түлік төлінен түскен табыс 33,2 млрд. теңгені құрап, 104,8%-ға орындалып отыр. Ертеректе ауданның атағы тәтті түбірден алынған өнімнің молдығымен танылғандықтан, қант қызылшасын өсіру қайта қолға алынды. 600 гектар алқаптан барлығы 16 мың 250 тонна тәтті түбір жиналды. Қызыл қырманның қызған шағында 67,8 мың тонна майлы және 67,9 мың тонна дәнді дақыл алынды. Сөйтіп, 2017 жылы 83,3 мың гектар егістіктегі жалпы өнім мөлшері 193 мың тоннаның төңірегіне аялдады. «Алтын асық», «Құлан» «Сыбаға» бағдарламаларының барлығы 100%-дан аса орындалып, 45 жаңа жұмыс орны ашылды. Сонымен қатар, 16116 тонна ет, 36935 тонна сүт, 512 тонна жүн өндірілді. Бал және балық шаруашылығында да ілгерілеулер байқалады. Ұсақ шаруашылықтарды ірілету мақсатында 7 кооператив құрылып, 912 адам жұмысқа орналасты.

Құрылыс саласына келсек бұнда да ілкімді істер атқарылды. Атап айтсақ, Үшарал қаласында 25 пәтерлі көп қабатты тұрғын үй бой көтеріп, халық игілігіне үш бөлікті аллея берілді. «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында алты ауылдық округте спорт алаңы, тағы алты елді мекенде полиция пунктері салынды. Қарабұлақ және Қабанбай батыр атындағы орта мектептері мен Бұлақты ауылындағы мәдениет үйі және Үшарал қаласында әскерилерге арналған тұрғын үй күрделі жөндеуден өтті. Қабанбай және Көлбай ауылдық округтерінде ветеринарлық пункт қолданысқа берілді. Қорыта айтқанда, 2017 жылы барлығы 7561 шаршы метр тұрғын үй кіріске алынып, құрылыс нысандарының жалпы құны 9 млр. 215 млн. теңгеге жетті. Бұдан бөлек жеке қаражат есептерінен біршама ғимараттар бой көтеріп, өңіріміздің келбеті көркейе түсті.

Өткен жылы ауданның инфроқұрылымдары да назардан тыс қалмады. «Ақ бұлақ» бағдарламасы аясында Қарлығаш және Ақтүбек ауылдарына ауыз су жүйесі тартылып, туристік саланың қазаны қайнаған Ақши ауылының, Үшарал қаласының, Достық және Бұлақты елді мекендерінің ішкі жолдары жөнделіп, көше бойларына жарық бағаналары орнатылды. Нәтижесінде 1млрд. 893 млн. теңге жұмсалып, тұрғындардың жүріп-тұрулары оңтайландырылды.

Өнеркәсіп саласында 7 млрд. 993 млн. теңгенің өнімі өндіріліп, 2016 жылмен салыстырғанда 1млрд. 767 млн. теңгеге артық, яғни 124,7%-ға орындалды. Индустрияландыру және жаңа технологияларды енгізу бағыты бойынша 18 млрд. 709 млн. теңге инвестиция тартылып, заттай индексі 100,4%-ды құрады. Меншікті салық жоспары 110,6%-ға жетіп, 2565,4 млн. теңгенің төңірегіне тұрақтады. Шағын және орта кәсіпкерлікте өндірілген өнім мен көрсетілген қызмет көлемі 18 млрд. 513 млн. теңгені еңсерсе, бөлшек тауар айналымы 17040 млн. теңгені бағындырды.

«Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасының бірінші бағыты бойынша 313 адам қысқа мерзімді кәсіптік қайта даярлау курстарынан өтіп, оқуын аяқтаған 280 тұрғын тұрақты жұмысқа орналасты. Екінші бағытының аясында 49 жерлесіміз 189,3 млн. теңге көлемінде несие алып, өз кәсіптерінің көзін тапты. Бағдарламаның үшінші бағытының негізінде 56 адам әлеуметтік, 751 алакөлдік қоғамдық жұмысқа тартылып, 69 тұрғын жастар тәжірибесі арқылы екі қолға бір күрек тапты. 2017 жылы 124 млн. 854 мың теңгенің әлеуметтік және 4 млн. 800 мың теңгенің қайырымдылық көмегі көрсетілді. Жылдық есеп бойынша 4586 адам қызметке орналасып, жұмыссыздық деңгейі 4,7%-ға төмендеді.

Бюджет иығына ең ауыр салмақ салатын білім, медицина салаларына да қатысты біршама жұмыстар жүргізілді. Жоғарыда аталған қос білім ордасының күрделі жөндеуден өтуінен бөлек мемлекет-жекеменшік серіктестігі арқылы екі балабақша ашылып, балалардың мектепке дейінгі орталықтармен қамтылуы 97%-ды құрап отыр. Биыл бұл көрсеткіш 100%-дық межені еңсермек. Медицина саласы да жаңғырудан құр қалмады. Өткен жылы 37,1 млн. теңгеге 3 жедел-жәрдем автокөлігі мен 117,5 млн. теңгеге түрлі құрал-жабдықтар алынды.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» тақырыбындағы тағылымды туындысында көтерілген «Туған жер» бағдарламасы да өңірімізде жоғары дәрежеде жүзеге асты. Ауданымыздың атымтай жомарт тумалары 526,8 млн. теңгеге барлығы 15 жобаға жан бітуіне ұйытқы болды. Барлығымыз байқап-білгендей былтыр Үшарал қаласында сәні мен сәулеті астасқан мешіт, Қазақстан ауылында балалар саябағы бой көтеріп, Көктұма аулында жылжымалы сахна орнатылды. Сонымен қатар, Есім төре кесенесі жаңғыртылып, Лепсі аулында ұстаздарға жатақхана мен тұрғын үйлер салынды. Көптеген елді мекендерде көшелер жарықтандырылып, мектепке керекті құрақ жабдықтар сыйға тартылып, тіпті зираттар аумағы қоршалды. Бұл арқылы біз алакөлдіктердің тірлігі құтты, бірлігі мықты екендігін аңғаруымызға болады.

Алдағы жоспарлар да ауқымды. Бірінші кезекте басты назар туризм саласына бөлінбек. Шипалы көлдің жағалауында жыл бойы жұмыс істейтін «Фалкон Петролеум» қонақ үй кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Сонымен қатар, «Феникс Компании» серіктестігі 2025 жылға дейін құны 10млрд. теңгені құрайтын үлкен жобаны жүзеге асырмақ. Бұдан бөлек тағы да екі кәсіпкердің демалыс орындары пайдалуға беріліп, Ақши ауылында темір жол вокзалы мен аумағы 4 гектарды құрайтын саябақ қолданысқа берілмек. «Helios» ЖШС-мен келліссөздер жүргізіліп, аталмыш елді мекенге кіреберіс бұрылысқа автокөлік жөндеу және жуу қызметтерін қоса атқаратын жанар-жағармай бекетін салу жоспарда тұр. Халық қауіпсіздігі алдыңғы қатарлы мәселе болғандықтан жағалауды бекіту жұмыстары да назардан тыс қалмаған. Осының нәтижесінде 2018 жылы туристер санын 1 млн.-ға жеткізу жоспарланып отыр.

Келесі алпауыт жобалар Достық ауылдық округінде жүзеге аспақ. Алдағы уақытта аталмыш елді мекенде “Petrochemical transportation company” ЖШС құны 16,5 млрд. теңгені құрайтын «Достық индустриялық паркінің құрылысын бастамақ. Жоба алты функционалдық блоктан тұрады. Атап айтсақ, инфрақұрылымдық блок, машина жасау, биотехнологиялық және жел электр энергиясын өндіру кешендері, химия өнеркәсібі мен құрылыс материалдарын шығару сынды қызметтер атқарады. Сонымен қатар, 600 орындық мектеп және 20 пәтерлі көп қабатты тұрғын үй, спорт кешені бой көтермек. Сөйтіп, Достық кентін «Құрғақ портқа» айналдыру мақсаты орындалады деген сенімдеміз.

Былтыр Үшарал қаласында орталық саябақ пен жомарт жерлесіміз С.Мыңбаевтың демеушілігімен спорт кешенінің құрылысы басталған болатын. Ағымдағы жылы бұл нысандар қолданысқа беріледі. Жоспар бойынша 20 және 60 пәтерлі бірнеше көп қабатты тұрғын үйлер де салынбақ. «Жаңару» серіктестігі 92 млн. теңгеге қуаттылығы жылына 50 мың тонна қалдықты қайта өңдеуге қауһарлы кіші зауытты іске қоспақ.

13 ауылдық округте полиция пункті, екі елді мекенде дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілмек. Бірнеше ауылға ауыз су жүйесі тартылып, көптеген түйіткілді тақырыптардың тамырына балта шабылмақ. Және де Бұдыр елді мекенінде 4800 басқа арналған мал бордақылау алаңы мен 10 мың бас іріқара малын соятын ет өңдеу комбинаты іске қосылмақ. Тағы айта кетерлігі, «Лашын нұр дала» серіктестігі 1,5 млрд. теңгеге құс өсіру кешенін, «Agricole» серіктестігі 7,9 млрд. теңгеге май бұршақ дақылын қайта өңдейтін зауыттың есігін ашпақ. Сондай-ақ, 2018-2021 жылдар аралығында «Отан винд энерджи», «Жетісу Гидро», «КазГидроЭнерго» серіктестіктері жел және су электр станцияларын іске қосамыз деп отыр. 360,2 шақырым каналды күрделі жөндеуге «Ислам» банкі арқылы 7,2 млрд. теңге бөлінбек.

Сүйіншілі жаңалықтың бірі «Талдықорған – Өскемен», «Үшарал – Достық» аралығындағы күре жолдың күрделі жөндеуден өтуі. Жобалық-сметалық құжаттар толықтай рәсімделіп, көктем шыға сала жұмыстар басталмақ. Тұрғындар мен туристердің талай жылғы арманы да осы еді.

«Туған жер» бағдарламасының аясында 1млрд. 33 млн. теңгеге 14 жоба жүзеге асырылмақ.

Аудан әкімінің баяндамасын соңына дейін демдерін ішіне тарта тыңдаған жұртшылық жарыссөзге асықты. Солардың қатарында пайымды пікірімен ерекшеленген Алматы облысының Құрметті азаматы М.Жолжанов, облыстық, аудандық мәслихаттың депутаттары Қ.Қожабеков, Е.Жуанышбаев, А.Қасымжанова, Теректі орта мектебінің директоры Н.Ластоверов, Лепсі орта мектебінің тарих пәні мұғалімі, жас маман А.Оразов өз салаларында атқарылған жұмыстарға тоқталып, өңір басшысының есебіне қанағаттанарлық деген баға берді.

Мінберге көтерілген облыс әкімінің орынбасары С.Бескемпіров жер жәннаты Жетісу өлкесі тауық жалы қандай табыстарға жеткеніне тоқталып, алдағы мақсат-міндеттерімен бөлісті.

Кездесу барысында жиналғандар тарапынан бірнеше түйіткілді тақырыптар төңірігінде сұрақтар қойылып, тұщымды жауаптар алынды. Мәселен, шалғай орналасқан ауыл тұрғындары құжат жинау, рәсімдеу барысында көп сандалмау үшін барлық мемлекеттік мекемелерді бір жерге біріктіруді, Арқарлы ауылдық округінде егістікке су жетпеу салдарынан өнімнің азайюына байланысты Шілікті, Ащыөзек каналдарының жағдайын реттеп беруді, өзге де елді мекендерде ескіріп, көркі көмескіленген мәдениет үйлерін жөндеуден өткізуді және өңірімізге МРТ аппаратын алуды сұрағандар болды.

Жиын соңында бірнеше азаматтарымыз Алакөлдің өсіп-өркендеу жолында балақ түре, білек сыбана қызмет етіп жатқан аудан әкімі Әлібек Әскербекұлына алғыстарын білдіріп, рахметтерін жаудырды.

2017 жыл осындай естеліктерімен есте қалмақ. Білікті басшы мен бірлігі мығым тұрғындардың арқасында межесі биік мерейлі белестерге өрлеп, толайым табыстарға кенелдік. Әлеуметтің әлеуеті едәуір көтеріліп, халықтың хал-ахуалы жақсарды. Қазақы түсініктегі жеті қазынаның сапын толықтырған ит жылы да игілігімізді еселеп, ырысымызды ұлғайта түссін. Тастүйін ымырашылдығының арқасында қаймағы бұзылмаған ауданымызды тек биіктерден көрейік.

АЛМАТ ЕСЕНБЕКОВ,

Мәліметпен бөлісу: