Әрбір бүлдіршін жаңа жыл қарсаңында бір таңғажайыпты күтетіні белгілі. Ал, таңғажайыптардың орындалуына ересектер жауапты екендігі де ақиқат.
Төрімізге озған ит жылы төрт құбыламызды теңестіріп, төбеміздегіні келтірсін деген мақсатта атымтай жомарттарымыз тапқан-таянғандарын балалармен бөлісіп, шыршаны жағалай ән шырқап, шыр айнала билеген балдырғандарға жарыса сыйлықтар табыстауда.
Қалалық әкімдіктің ұйытқы болуымен бас шаһарымыздағы ерекше күтімді қажет ететін, мүмкіндігі шектеулі, ата-анасынан ерте айырылған, әлеуметтік әлсіз отбасылардан шыққан бүлдіршіндер бір күндерін ертегідегідей өткізгендерін айтпасқа болмайды.
Бұл күні жеке кәсіпкер З.Молдаханованың демеушілігімен қырыққа жуық бала бақыт құшағына енді. Ертегі кейіпкерлерінің кейіпіне енген жастар кішкентайлардың көңілдерін көктен келтірсе, Аяз ата мен Ақшақар армандар орындалатынын аңғартты. Балдырғандар жаттаған тақпақ-өлеңдерін оқып, өнерлерін көрсетіп, сыйлықтар иемденді.
Олардың құрметіне мерекелік дастархан жайылып, әрқайсысына тәттілер қаптамасы мен ойыншықтар тарту етілді.
АЛМАТ ЕСЕНБЕКОВ.