Жас қалам – бас қалам

Тағдырдың томағасыз түз қыранының тырнағынан теперіш көрген елдің енді тұғыры мызғымайтын тұсы туды десек те болады. Етегіне жабысып, етігін сүйсең де еліріп қарамайтын егде заманның заңғар биігінде көтерілген күннің көзі тәуелсіз ұлтқа тартылған тәңірдің сыйы. Тамыры тектіліктен ажырамаған тегеурінді, ата-бабасы аруақтанса арыстанды алқымнан алып, астына алаша қылып басар абадан Алаштың шаңырағының уығын шаншар жұмақ мекен іздеуіндегі таңдауы Астанаға түскені бекершілік деуіміз нобайсыз. Ұлытаудан басталар ұлы көшіміздің Кеңес дәуірі кезінде астанамыз қазығын бірде Орынбор, бірде Қызылордаға қадап, одан бертін жасыл желекті Алматыға тұрақтауы тарихтың жадында жатталып, санасында сақталған. Тоқырау тоқпағымен тағдыр соқпағының бұралаң жолында бұғанасы қатпаған қазақ елінің жаңа ғасырында езілген еңсесін көтеріп, құлаған ордасын кезекті мәрте көтергеніне тәнті болып отырмыз. Қалай десекте, Астана өскелең ұрпақтың жарқыраған жұлдызындай келешегіне өз үлесін қосары сөзсіз.

Уақыт –қалбыр елек сияқты. Оның көзінен ұсақ-түйек, майда-шүйденің бәрі түсіп кетеді де, ірілері ғана қалады. Сондықтан тобылғы гүлдеген тоты дәуренге тұрақтағанымыз тақымымыздың мықтылығын білдіріп, Есілдің ерке самалына еліп өскен Елордамыз ел тарихындағы елеулі дүние екендігін аңғартты.

Әлбетте, алдымен Астана десе ауызға Бәйтерек оралатыны тектен емес. Ол- қаланың символы ишараттас. Есіл өзенінің сол жағалауынан көкке қарай бой созған зәулім «Бәйтеректің» биіктігі – 97 метр.  Ол Астана қаласының елорда мәртебесіне ие болған 1997 жылды білдіреді. Негізгі идеясы ретінде бейбіт өмір мен келісімге ұмтылған барлық қазақстандықтардың ғұмырлық мұраты көрсетіледі. Одан бөлек, сәулет өнерінің үлгілеріне сай бой түзеген биік те сұлу ғимараттары бір кездегі қарапайым облыс орталығын адам танымастай өзгерткені анық. Қала сұлулығы қай адам баласын болсын тамсандыратыны күмәнсіз. Кең жазирада көсіліп жатқан кербездігімен, күміс көлдерімен Есіл, Нұра секілді қыз бұрымындай тарқатылған өзендері адамды өзіне еріксіз тартады. Құдды бір ертегі әлемінде жүргендей балбырауын сезімді бойыңыздан сезіндірмей қоймайды. Тасы өрге домалап тұрған мекеннің келбеті ешкімді де бей-жай қалдырмасы анық. Елордамыз әлемдік, іскерлік байланыстың күре тамырына айналғанын ауыз толтырып айтамыз.

Мемлекет басшысы Н.Назарбаев Қазақстанның Еуразиялық ел екенін, оның астанасының орасан зор қос құрлықтың өкпе тұсында орналасқанын, демек келешекте қаланың осынау ұлан-ғайыр кеңістіктің қуатты желілері тоғысқан торабына, 21 ғасырдағы экономикалық, технологиялық, ақпараттар тасқынының арнасына айналатынын атап көрсетті.

Елорда – кемел де келісімді ойлардың, ізгі ниет пен игі тілеудің қаласы. Айталық, қаланы қақ жарған Есіл өзенінің бойы кезінде кеудесін басқан қамыс-құрақ қаба сақалдан арылып, бетон тақтайшалармен төселген. Оның мәрмәр жағалауынан зәулім ғимараттар салуға да, қаланың орталық бөлігінде еуропалық үлгідегі шағын орамдар тұрғызуға да орын жетерлік. Еліміздің жаңадан орын тепкен ордасын көркейту мақсатына орай президентіміз 2001 жылы «Астана жаңа қала» деген арнайы экономикалық аймағын құрған болатын. Бұл шара Есілдің сол жағалауына инвестициялар тарату, озық технологияларды пайдалану, сондай-ақ қазіргі заманғы инфрақұрылым арқылы құрылысты қарқынды түрде дамыту еді. Сол себепті Астанадағы үкімет сарайлары, құрметті орындар, министрліктер мен қоғамдық ғимараттар аса көрнекті сәулеттік бейнеге ие болып келеді. Осының өзі әлем төрінен орын алатындай көрініс, шіркін! Бәрін айт та, бірін айт дегендей барлығынан да бас алаң төріне көз тастаған жан халқымыздың өмірінде әділ сөзімен, елінің басына ауырпашылық түскенде шешендігімен алғырлығымен қорған болған, асқан беделге бөленген  Әйтеке, Қазыбек, Төле билер бас қоса отырған сәулетті ескерткішті байқайды.

Бұл – өзге халықтарды бауырына басып, татуластырып қана қоймай, оларды жаңа қауымдастық, жаңа өркениет құру жолында топтастыра білген өлке. Ендеше Елорданың жаңадан қаланып жатқан іргетасының берік болуы да мемлекетіміздің болашаққа нық сеніммен жасар қадамының нағыз кепіліне айналмақ. Жас қала болса да, бас қала титулын тақымға басқан Астана биыл жиырма жастың желкесіне шықты. Сымбатты да сырбаз серідей сұлулық нұры себездеп, айналасындағылардың арманы мен аңсауына айналды.

Шартарапқа Қазақстанның даңқы мен дақпыртын әйгілеген шырайлы шаһарымыздың мерейтойы құтты болсын. Мәңгілік болашақты бағдар еткен мемлекетіміздің төлқұжатына айналған төр мекеніміз төрт көздің ғана емес, төрткүл дүниенің назарын өзіне аударып, қарқынды даму даңғылындағы жылдамдығын жоғалтпасын. Бас қала Астананың жиырма жылдығымен, құрметті қазақстандықтар!

Темірлан АЙТБАЕВ.

 

 

Мәліметпен бөлісу: