Жетісудың жақұт мекені саналар аудынды Алакөлдің даму потенциалы өте жоғары. Ауыл шаруашылығы мен туризм саласы ауданның тұғырын тіктесе, шекаралы аймақта орналасып, аспан асты елі арқылы өтетін тауар айналымы, кедендік жұмыстар сол тұғырын теңселтпеуге мейілінше ыңғайлы жағдайлар жасап отыр.

Бұнымен тоқтап қалуға да негіз жоқ. Сондықтан да Nur Otan партиясы тарапынан бекітілген «Өзгерістер жолы: Әр азамат үшін лайықты өмір» атты бағдарламасы негізінде өңіріміздің алдағы бес жылдықтағы дамуының жол картасы әзірленген болатын. Күні кеше партия фракциясының отырысын осы мәселелер талқыға түсіп, мәслихаттар тарапынан мақұлданды.
Nur Otan партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, фракция төрағасы Қайрат Көкебаев жиын барысында күн тәртібінде қаралатын мәселелер жайында сөз қозғап, депутаттар таразысына тастады. Бұл ретте 2021-2025 жылдарға арналға жол картасы мен әр депутаттың жеке жұмыс жоспары бекітілді.

Алдағы жоспарларды нақтылау мақсатында аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Жансая Көкенова әр сала бойынша көзделген бастамаларға тоқталып, 89 жоба жүзеге асырылатынын айтып өтті. Оның ішінде, Алакөл көлінің жағалауын кезең-кезеңімен бекіту, егіндік жердің үлес салмағын арттыру үшін су каналдарын күрделі жөндеуден өткізу, баспана құрылысын жүргізу, бұқаралық спорт пен білім, медицина салаларын дамыту, Үшарал әуежайының ұшып-қону жолағын реттеу, «Жалын» лагерін жандандыру, жеке кәсіпкерлік салаларындағы нысандарды дамытуға көңіл бөлу, ең бастысы халықтың хал-ахуалын көтеру үшін қажетті жағдайларды жасау мәселелері көтерілді. Аталған жобаларға алдағы 5 жылдықта республикалық бюджеттен 103,1 млдр, мемлекеттік бюджеттен 37 млдр. 966 млн. теңге бөлу жоспарланған. Сонымен қатар, жеке қаражат есебінен 65 млдр. 127 млн. теңге қарастырылады деп күтілуде.
Ендігі біздің мақсат бөлінер қаражаттың тиісті бағытта жұмсалып, әр жобаның халық игілігне толықтай жарауы үшін қам қылу. Бұл жолда бар күш-жігерімізді сарп етіп, әділдік туын көтере отырып еңбек етпекпіз.
Қорытынды сөл алған аудан әкімі Әлібек Жақанбаев партияның бастамашыл қадамдары арқылы тұрғындарға тиісті жағдайлар жасалып, жоспарлар толықтай жүзеге асып жатса нұр үстіне нұр болатынын тілге тиек етті. Сондай-ақ мәслихат депутаттарына барынша бұқарамен етене жақын араласып, билік пен қоғам арасында алтын көпір болу бізге жүктелгенін ескертті.
Алмат ЕСЕНБЕКОВ,
Алакөл аудандық мәслихатының депутаты.