Мектеп формасы төңірегіндегі даудың шығу төркіні не?

Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі​ орта білім беру ұйымдары үшін мектеп формасына қойылатын міндетті талаптарды жариялаған болатын. Бұл талапта қандай да бір дінге қатысты киім элементтерін қосуға жол берілмейтіндігі жазылған. Осыдан кейін, қоғам арасында түрлі пікірлер туындай бастады. Бірі зайырлы мемлекеттегі заң талаптарын сақтау керек, оған бағынған жөне десе, енді бірі өзінің сыңаржақ пікірлерін таңып, келіспейтінін айтуда. Қызу талқыға түскен бұл мәселенің ақ-қарасын ажырату үшін осы дін саласындағы мамандардың пікірін сұрап көрдік.

Теология ғылымдарының докторы Балғабек Мырзаев мектеп формасына қатысты қойылатын талаптарды азаматтардың құқығын шектеу деп есептемейді. Оның айтуынша, жекелеген азаматтар мектеп формасына қойылатын талаптарды діндарлардың құқығын шектеп жатыр деп санайтын көрінеді. Дінтанушы маман осының салдарынан қоғамда түрлі түсініспеушілік пен дау атаулы өрістей беретінін айтты.

«Мен бұдан даурығатын ешқандай себеп көріп тұрғаным жоқ. Бекітілген талапты мұқият қарап шықсаңыз, онда мектеп формасының түсін және пішінін таңдау орта білім беру ұйымы мен ата-аналар жиналасының хаттамасымен бекітіледі деп айдан анық жазылған. Яғни бұл оқушылардың, әсіресе қыз балалардың бірыңғай киінуіне мүмкіндік береді», дейді теолог маман.

Балғабек Мырзаев діни сипаттағы орамал тағынуға тек мектеп ішінде ғана рұқсат берілмейтінін, ал орта білім беру мекемелерінен тыс жерлерде оқушылардың киім кию үлгісіне ешкім ешқандай шектеу қоймайтынын жеткізді. Сондай-ақ ол мектеп формасына қойылатын талаптарға түсіністікпен, рационализммен қарауымыз керек дейді:

«Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының мектеп формасы төңірегіндегі дауға байланысты өз ұстанымын білдіргенін жақсы білесіздер. Діни басқарма да киім үлгісіне қатысты қойылатын талаптарға түсіністікпен қарауға үндеген еді. Себебі бұл орта мектептерде киім үлгісін бірыңғайлыққа келтіру мақсатында қабылданған маңызды шешім болатын. Мен еліміздің барлық діндар қауымын батыр бабамыз Бауыржан Момышұлының «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деген аталы сөзін басшылыққа алып, мемлекет заңдарына құрметпен қарауға шақырамын», — деді Балғабек Мырзаев.

Қазіргі таңда діннің қоғамдағы орны мен рөлі күн санап өсіп жатыр. Тіпті, зайырлылық принципі мен діни қағидаттардың аражігін ажырату мәселесінде де бірлі-екілі даулы жағдаяттар орын алып жататыны рас. Философия ғылымының кандидаты, дінтанушы Кеңшілік Тышқанұлы мұны заңды құбылыс дейді, себебі мемлекет пен діни құндылықтардың атқаратын қызметі де, қояр талабы да әртүрлі.

«Қазір бұл пікірді ушықтыра берудің еш қажеті жоқ деп ойлаймын. Мұны ҚМДБ да қадап айтты. Еліміздегі зайырлы сипаттағы жалпы орта білім берудің міндетті болуына байланысты аталған талапқа сабырмен һәм түсіністікпен қараған жөн деп білем. Әрине, бұл мәселеге сыңаржақ позиция танытудың қажеті жоқ. Республиканың әр азаматы діни сенім бостандығына құрметпен қарайтын мемлекет талаптарына түсіністікпен қарауға тиіс. Мен бұл талапты мектеп қабырғасындағы оқушылардың тәрбиесіне, киіміне ерекше мән беру қажеттілігінен туындап отыр деп ойлаймын. Сондай-ақ осындай қайшылықты мәселелерді желеу етіп, даурықтыруға тырысатын кейбір топтардың арандатуына, айтағына еріп кетпесек екен деймін. Рухани дамуымызда асығыстық пен күйгелектік танытпай, ортақ байламға келу керек деп санаймын», — дейді дінтанушы ғалым.

Ал, философия ғылымдарының Phd докторы, исламтанушы Ершат Оңғаров мектеп формасына қатысты ҚМДБ ұстанымын жеткізіп, ол жердегі негізгі қойылатын талаптарға тоқталды:

«Біріншіден, Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы еліміздегі мұсылман қыз-келіншектер мен әйелдерге киім кию үлгісінде қазақ халқының салт-дәстүрлерін сақтай отырып, жинақы киінуге кеңес береді. Діндар азаматтардан киім үлгісіне қатысты қойылатын талаптарға сабырлықпен қарауға шақырамыз. Екіншіден, жалпы орта мектеп оқушыларына қатысты ортақ киім формасы жайлы шығарылған талапты бұра түсіндіріп, қолдан дау отын тұтатып, елді дүрліктірудің қажеті жоқ. Еліміздегі тұрақтылық пен тыныштыққа сызат түсірмейік. Үшіншіден, ҚМДБ заң бойынша діни бірлестік ретінде тіркелген. Бүгінде таңда Қазақстан аумағында өз қызметін үйлестіруде. Ал діни бірлестіктер заң бойынша мемлекеттік мекемелердің саясатына, қызметіне араласа алмайды. Бұл діни басқарма қоғамнан бөлек өмір сүріп жатыр деген байлам емес. Сондықтан мемлекет шығарған әрбір заңға дін қызметкерлері құрметпен қарайды», — дейді Нұр Мүбарак Университетінің жаңа проректоры.

Темірлан АЙТБАЕВ

Мәліметпен бөлісу: