Алып қалаларға да ақыл бітпек

Қазақстандағы саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісімнің арқасында мемлекетіміздің маңғаз тұлғасы биік мінберлерден көрінуде. Тәуелсіздік тақымға басып, енді ана тәй-тәй басып келе жатқанда бүгінгі дәреженің дәрегейіне көтерілеміз деп армандамаған да едік. Жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға күрт ауысып, өзгеріс дауылының соққысына шыдас бере білдік. Бұның барлығы ел бағы үшін бола туған Елбасының сарабдал саясатының ықпалы.

Әр жыл басында жарияланатын Жолдаудан кейін мемлекетіміз тың қадамдарға барып, тынысы кеңейе түседі. Биыл да Президентіміздің «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауынан кейін қазақстандықтар өзгеше тұрмысқа көшті. Ел дамуында елеулі орын алатын сан салар жаңғыру сүзгісінен өтіп, төбет жылына жаңаша форматта аттады. ХХІ ғасырдың сұранысына сай, енді, Қазақстанда «цифрландыру» процесі өз қарқынын үдетпек.

Зәулім ғимараттары бұлт жарып, төбесін көкке тіреген алып шаһарларға да ақыл бітіру жоспарланып отыр. Биыл егемендігіміздің еншісі, мемлекеттілігіміздің айшықты белгісіне айналған Астанамыздың жиырма жылдығы. Сәні мен сәулеті астасқан мегополистегі тұрғындардың тұрмысын оңтайландыру мақсатында замануаи технологияларға жүгіну көзделуде. Бұл өз кезегінде жылдам дамып келе жатқан алып қаланың проблемаларын тиімді шешуге жол ашпақ. Сөйтіп, «Ақылды қалалар» өңірлік дамудың, инновация тартудың және еліміздің барлық аумағында өмір сапасын арттырудың локамативіне айналмақ.

Шағын және орта бизнес көздеріне молынан қолдау көрсетіліп, әр саладағы кәсіпорындарды цифрландыру үдерісі еселенбек. Бұрындары ондаған адамның күші жұмсалатын іс енді екі тетіктің көмегімен басқарылып, еңбек өнімділігі ұлғаймақ.

Бас қаламыздың бүгінгі тірлігіне жаңа технологиялардың озық үлгілерін енгізе отырып, Елордамыздың жаһандық бәсекелестіктегі бәсін жоғарылату алғышарттардың бірі. Себебі, Қазақстан дегенде ең алдымен Астана, Астана дегенде Қазақстан еске түсетіндей жағдайға жеткізуіміз керек. Шетел азаматтары шекарамыздан аттамаса да еліміз жайлы мол мағлұматқа қанығып, оң көзқараста болулары тиіс. Ол үшін циврландыру түсінігі арқылы әлемдік кеңістікке кеңінен құшақ жайғанымыз абзал.

Бас шаһарымыздың бұл үлгісін Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі өзге қалаларға таратып, озық практиканы тарату мен тәжірибе алмасу ісін ертеден бастаған жөн. «Төртеу түгел болса төбедегі келеді» демекші төрт құбыламызға шашыла орналасқан шаһарлардың барлығының тірлігіне жаңа технологияларды енгізе отырып, мемлекетіміздің дамыған отыз елдің қатарына қосылуға ұмтылған қадамдарын қарымды ете түсуіміз керек.

АЛМАТ ЕСЕНБЕКОВ.

Мәліметпен бөлісу: