Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: Табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты халыққа Жолдауында айтылған негізгі тапсырмалар еліміздің қысқа мерзім ішінде дамуын айқындап берді. Осы орайда мұғалімнің мәртебесін көтеру туралы сөз көпшіліктің көңілінен шығып, үлкен қуанышқа бөлегені жасырын емес.
Н.Назарбаев өз сөзінде: «Жергілікті жерлерде мұғалімдерге кез келген жұмыс тапсырылады. Мұғалімдер сайлау өткізеді. Насихат жұмыстарын да ұстаздар жүргізеді. Бір нәрсе қажет болса, мұғалімдер жіберіледі. Сол үшін оларға ешкім ақша төлемейді. Бұл жұмыстардан оларды босату керек. Олар сабаққа дайындалып, уақытында ғана жұмыс істеуі қажет. Тіпті оларды орынсыз текесере береді. Аталған заң осы үшін қажет»,- деп атап өтті. Және бұған қоса елдегі кейбір аймақтарда мектеп жетіспеушілігінен оқушылар үш ауысымда оқып жатқанын сынап, мәселені шешу керектігін тапсырды.
Шынымен де соңғы уақыттарда әкімшіліктің тегін жұмыстары мен науқандық жұмыстардың барлығы ұстаздардың белсенділігімен атқарылатынын ескере кеткеніміз жөн. Мысалы, жиналыстардың тыңдарманы мен көрермендеріне болу, сайлау немесе сол сияқты саяси шаралардың насихаттаушысы сияқты қоғамдық жұмыстардың қайсысы болмасын мұғалімді іздеп табады.
Дамыған отыз елдің қатарында болу – еліміздің даму стратегиясының басты саясаты. Ғылым мен техниканың дамыған ғасыры, экономикамыздың өсуі, білімді, сондай-ақ ұстаздың мәртебесін көтеру дегенге келеді. Демек мұғалімдердің мәртебесін көтеру – барша қазақстандықтардың мәртебесін көтерумен тең. Болашақ маманның барлығы да, еліміздің келешегін құрайтын кадрлардың бәрі мұғалімің қолынан шығады.
«Ұстаз шәкіртіне білім жолын үйретеді, білімді жан тас қамалды күйретеді» дегендей, бар білімнің, бар сынақтың бастауында мұғалім тұратынын ұмытпайық.
А.ЕСЕНБЕКОВА,
Үшарал №1 орта мектебінің орыс тілі және орыс әдебиеті пәнінің мұғалімі.