Ұлт биігін ұлықтаған Елбасы Н.Назарбаев әр жылғы Жолдауларында білімнің салтанат құруы жаһандық бәсекедегі бәсіміздің басым түсуіне түрткі болатын бірден бір фактор екендігін айтудан жалыққан емес. Себебі нарықтық экономика үстемдік құрып, ғылым мен ілім жаңа деңгейді бағындырған заманда тек қана біліммен биіктерге қол созып, санамызды сұрауы өзгерген уақытқа сай жаңғырта түспекпіз. Тұңғыш Президентіміз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» тақырыбындағы тағылымды туындысында рухани түйсігіміз бен жаңа дүниені білуге, үйренуге деген құмарлығымызды заманға сай жаңғыртып, құбылта түссек әлем аренасындағы азуын айға білеген алпауыт отыз мемлекеттің көшіне ілесуге мүмкіндік туатынын баса айтқан болатын. Сондай-ақ бағдарламалық мақаланың әр бағыты, әсіресе адами капитал, ұлттық бірегейлікті сақтау, прагматизм, латын қарпіне көшу сынды бөлімдерінде мыңжылдықтан мәңгілікке аттанған сапарымызда алдымен білім деңгейімізбен ғана алға басатынымызды ескертті. Биылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты халыққа Жолдауында да мемлекет дамуын жеделдетіп отырған әр салада жаңа технологиялар мен тың идеяларды қолдана отырып, көксеген мақсатымызға жете алатынымызды көрсетті. Ал заманауи өзгерістерді меңгеру үшін алдымен біздің ғылым мен білімге деген көзқарасымыз модерницазиядан өтуі тиіс.
1 қыркүйек – білім күні барша халықтың дәстүрлі мерекесі. Әрбір адамның өміріне ерекше әсер қалдыратын бұл күн еліміздің барлық тұрғындарының басын біріктіреді. Бұл күн тек атаулы мереке ғана емес, біздің еліміздің болашақ иегерлерін тәрбиелеуге бағытталған жауапты кезеңнің бастамасы.
Бүгінгі күні білім беру жүйесі түбегейлі жаңаша ойлауға негізделген іргелі реформаларға қадам басты.
Ауданы бойынша 2018-2019 оқу жылында 45 білім ордасы, оның 37-сі орта, 6 негізгі мектеп, 1 гимназия және 1 мектеп-лицейінде шәкірттер қабылдауға дайын. Аталған мектептерде білім алушылар саны 12900-ды құрап отыр. 3 мектеп жанындағы жатақханада 165 оқушы тәрбиеленеді. Оқу ордалары жоқ 8 елді мекеннен 110 оқушы 7 мектепке көлікпен тасымалданады. 30 мектепте асхана іске қосылса, 9-ында қоғамдық тамақ ұйымдастырылған. Өткен оқу жылында бірінші сыныпқа қабылданған 1515 оқушы білім мазмұнын жаңарту бағдарламасы аясында 5 күндік оқу жүйесі бойынша білім алды. Жаңартылған мазмұнды бағдарламаға 1,2,5,7 сыныптағы 5354 оқушы толығымен 100 пайыз көшіп, білім деңгейін анықтауда критериалды бағалау жүргізілді.
2018-2019 оқу жылында жаңартылған білім мазмұнына 3, 6, 8, 10-сыныптар көшсе, 2019-2020 оқу жылында – 4, 9, 11-сыныптар жаңа жүйеге қадам баспақ.
Сонымен қатар биылғы оқу жылында 1-11 сыныптарға арналған жаңа білім беру стандарттары, жаңа типтік оқу жоспарлары мен бағдарламалары бекітілді. Енді тек қана бір типтік оқу жоспары болмайды, бірнеше ҮОЖ-ры ұсынылуда. Мектептерге өзіне келетін жоспар бойынша жұмыс жасауына мүмкіндік пен осы ҮОЖ-ры арқылы академиялық дербестік берілуде. Мектептерге қойылатын басты міндет — қай ҮОЖ-мен жұмыс істейтінін мектеп өзі шешеді. Рухани жаңғыру бағдарламасы аясында 5-7 сыныптарда «Өлкетану» курсы 2018-2019 оқу жылына алғашқы рет енгізіледі. Тағы бір айта кететін жаңалық — «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы негізінде «Информатика» пәні 3 сыныпқа енгізіледі. Келесі оқу жылында 1-2 сыныптар қосылады.
Білім беру саласында педагогтардың кәсіби құзыреттілігін арттыру елімізде жүріп жатқан инновациялық жаңғырту жағдайында жүзеге асуда. Қазіргі уақытта білім беру ұйымдарына тек кәсіби ғана емес, оның ішінде инновациялық үдеріске тез бейімделіп, жаңашылдықты қолдайтын, өзіндік ұстанымы бар педагогтар қажет. Осы мұғалімдердің 534-і жаңартылған білім беру мазмұны бойынша өз білімдерін жетілдірді.
Елбасы «өзгеріс дауылы тұрғанда оған қарсы қорған емес, желкен тұрғызу керек» деді. Желкеніміз мықты болғанда ғана ағыны қатты ағысқа қарсы тұра алатынымыз белгілі. Сондықтан біз ХХІ ғасырдың артықшылығы – білім, ақпарат, санды технологиялар екенін жақсы түсінуге міндеттіміз.
Көздеген мақсаттарға жету үшін елдің жаңа заманның жаңа шақыруларына лайықты жауап беретіндей қауқары мен интеллектуалдық әлеуеті жоғары болуы тиіс. Сондықтан қоғамның барлық салаларын цифрландыру, заманауи технологияларды ендіру қажет.
Қазіргі уақытта компьютерлік және ақпараттық сауаттылықты арттыру — білім беруді дамытудың басым бағыттарының бірі болып табылады. Ақпараттандыру бағдарламасына сәйкес ауданда жалпы білім беретін мектептердің 45-сі компьютерлендірілген. Кең жолақты интернетпен қамтамасыз етілген.
«Қазақстан Республикасы білім беру ұйымдарының оқушыларына арналған электронды журналдар мен күнделіктердің бірыңғай ақпараттық жүйесі» жобасы бойынша ауданымыздың 29 мектебі аталған жоба аясында жұмыс жүргізетін болады.
Цифрлық білім беру ресурстары белсенді қолданылуда. Әр пән бойынша ресурстар мектептерге 100% жеткізілді, мұғалімдер оны өз сабақтарында тиімді пайдалануда. Жаңа оқу жылынан бастап әр балаға жеке логин берілмек. Енді цифрлық ресурстар үйде де, мектепте де бәріне қолжетімді болмақ.
Ұстаз білім беру жүйесіндегі басты тұлға. Сондықтан оның біліктілігі, ізденімпаздығы, сабақты түрлендіріп, оқушының жүрегіне жол таба білуі нәтижеге жетудің басты құндылығы. Сол себепті еліміздің ең асыл қазынасы – өскелең ұрпақ болашағы ұстаздардың қолында.
Шәкірт тәрбиесіне бар ынта-ықыласын арнап, ерік-жігерін сарп етіп жүрген мұғалімдер мен білім нәрімен сусындауды көздеген оқушыларды жаңа оқу жылымен шын жүректен құттықтаймын. Барлығыңызда мемлекет дамуына лайықты үлес қосып, еліміздің болашағының баянды болуына атсалыса беріңіздер.
М.ТӨЛЕУЖАНОВ,
аудандық білім бөлімнің басшысы М.Төлеужанов