Көпшілік көңілінен шығуда
Өткен жылғы ауданымыздың әлеуметтік –экономикалық дамуы алакөлдіктердің көңілінен шықты десек артық айтпаймыз. Бұлай деуімізге негіз де жоқ емес. Барлық көрсеткіштер бойынша жыл қорытындысымен облыс көлемінде төртінші орын алдық. Ауданымыздың құрылуының 90 жылдығын есте қаларлықтай дүркіретіп өткіздік. Міне, осының бәріне көпшілік өңір басшысының халық алдындағы есебі барысында оң бағаларын беруде. Әрине, өмір болғасын шешімін күткен мәселелердің де кездесері сөзсіз. Осы орайда округтердегі бас қосуларда ел қандай жағдайларға назар аударып жатқандықтарына тоқталайық.
Арқарлы ауылдық округі
Бұл жердегі жиында мал ұрлығы, тоған суының тапшылығы, табынның ұйымдастырылмауы күл-қоқыстың қалай болса солай төгілетіндігі, интернеттің жоқтығы, ауыз судың тұзды суға айналып бара жатқандығы, электр желілеріндегі үзіктің көптігі, жаңа жедел жәрдем көлігінің қажеттілігі баса айтылды.
Округте 2,5-3 мың гектарға жуық суармалы алқап бар. Оны игеруге мүмкіндік беретін Ашшылыбұлақ каналының жыры жылдан –жылға жалғасып, бітер түрі көрінбейді. Қазу, тазалау жұмыстарының дұрыс жүргізілмеуі салдарынан ауыл маңына су мардымсыз жетуде. Ал бұдан кейін бірдеңе өсіріп, пайда табамын деудің өзі әбестік.
Жиналғандардың өтініш-тілектерін мұқият тыңдаған аудан басшысы биыл каналды жөндеуге біраз қаражат бөлініп отырғандығына тоқталып, осы істің ойдағыдай жүзеге асуына жауапты мекемелердің басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді. Ауыз судың құрамын тексертіп, мамандармен сөйлесіп, шара қолдануға уәде берді. Үстіміздегі жылы кәсіпкер Б. Оспанов ауыл клубын жөндеуді міндетіне алғанын, орталықпен байланыстыратын жолдың ой-шұқыры жабылатындығын айтып, көпшілікті бір серпілтіп тастады.
Еңбекші ауылдық округі
Әкіммен кездесуге жиналған халық елді мекендегі орта мектеп мұғалімдерінің біліктілігі төмен екендігін, мамандардың жетіспейтіндігін, дәрігерлік амбулатория ғимаратының ескілігін, ауылда түңгі жарықтың жоқтығын, көшелердің жөнделмей жатқандығын, суармалы жерлерді субарендаға беру жайларының тыйылмай отырғандығын айтып көмек сұрады.
Аудан басшысы округтің жаңадан сайланған әкімі Қ. Сағымбековке ауылдағы барлық жағдайдан хабардар болып, үлкендермен ақылдасып, жастарды жұмысқа орналастыруды, жиде басып кеткен суармалы алқаптарды тазалап, қолынан іс келетін азаматтарға игеруге беруді, биыл Ресейден осы өңірдің ауарайына төзімді асыл тұқымды ірі қаралар әкелуді жоспарлап отырған «Алакөл Ақбас» ЖШС-не қолдау көрсетуді тапсырды. Өз сөзін: «Мал көбейсе, жұмыс орындары ашылады. Округтің перспективасы жаман емес. Аталған серіктестіктің басшыларынан ауылға да көз-қырларын салуды сұрап отырмыз. Орталық көшелеріңізді жарықтандырып, жөндейміз», деп түйіндеді.
Жанама ауылдық округі
Аудан әкімінің биылғы есептік кездесуін аталмыш округтің құрамына кіретін Қарабұлақ ауылынан бастағанынан көпшілік хабардар. Ал Жанамадағы басқосуда тек осы елді мекеннің проблемалары көтерілді. Абылханов Жанат есімді азаматтың ауылда бос тұрған ескі ғимаратты өз күштерімен жөндеп, спорт секцияларын ашсақ, бұл үшін құжаттарын дұрыстап берсеңіздер деген өтінішін өңір басшысы бірден құптап, округ әкімінен мәселені тез шешуді талап етті. «Елім, жерім деген осындай жігіттерді қолдауға әркез дайынбыз. Жеткіншектердің бос уақыттарын пайдалы өткізу жағын ұйымдастыруды мақсат тұтқан азаматтарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ»,-дей келе биыл бұл жерден салынатын спорт алаңын да сол тұсқа жақын орналастыруды жүктеді.
Ауылдары аудан орталығына жақын орналасса да жанамалықтардың айтар өтініш-тілектері аз болмады. Олар арық суын реттеуді, фельдшерлік-акушерлік пунктті, оның бұрынғы ғимаратын жөндеп, қайта көшіруді, кермек дәмі шығып кеткен ауыз су жүйесін жөндеуді, Қытайдан 2014 жылы көшіп келіп, азаматтық ала алмай жүрген қандастарымызға көмектесуді, мектепті жөндеп, интернетке қол жеткізуді сұрады.
Ә. Жақанбаев мырза көтерілген мәселелерді қолдан келгенше шешуге уәде беріп, үстіміздегі жылы осы округтің аумағынан құс өсіру фабрикасы салынатындығын, Б. Момышұлы көшесіне асфальт төселетіндігін атап өтіп, жайылымдар мен суармалы алқаптардың электрондық картасы жасалмағандығын, алынған несиелерді қайтарудың нашарлығын, жұмыс орындарын ашу ісі аудан көрсеткішінен төмен екендігін сын тезіне алды.
Үш округтегі кездесулерден түйгеніміз, көпшіліктің аудан аумағында атқарылып жатқан жұмыстарға көңілдерінің толатындығы. Бұл да болса береке-бірліктің арқасы шығар.
А. Жақыпбек.