Сексенінде де сергек Сембай ақсақал

Тегінде, мінсіз шығарма жазу оңай, ал ғұмырыңды мінсіз шығармаға айналдыру қиынның қиыны. Басқан ізіңде бағалы дүние қалмай, артыңда ауыз толтырып айтар жақсылығың болмаса бес күндік фәнидегі сынақтан сүрінгенің. Себебі адам атақ-атымен емес, кейінгіге қалар кенді ісімен, келелі ойымен, кемел ақылымен ғана жасай бермек. Бұл көзден кетсе де, көңілде қалып қояр «Мәңгілік адамдардың» бітім-болмысы.

Әсілі, әсемдігімен жүрек дүрсіліңді әуенмен әрлеп, көкірек тұсыңнан ән боп ұшатын өмір шіркіннің әлсіздігі – уақыт. Қайтаруға келмейтін, ырқын бермейтін жалғыз дүние де осы. Шығыстан еркелей шыққан күннің, батысқа қарай еңірей бататыны бар. Ол тоқтау білмейтін уақыттың төрелігі.

Алайда күндер сырғып, жылдар жылжыған сайын қадірі артып, құрметі еселене түсетіндер жетерлік. Көрер көзді сүйсінтіп, естір құлақты таңдандырар ондай тұлғалармен иық тіресе өмір сүріп жатқанымызды кейде аңдамай да қаламыз. Өйткені күйбең тірліктен өрілген өмір айналаға қарауға мұрша берер де емес.

Кезінде айтқаны өтіп, атқаны жетіп тұрған ағадал азаматтардың самайын уақыт салқыны аққа бояған тұста, елдің де есінен кетіп, ұмытыла бастайтыны қынжылтады. Бірақ бүгін біз сөз қылғалы отырған кейіпкеріміз сексенге келсе де сеңгір биіктен бір адым төмен түспеген, кісілік келбетіне кір жұғып көрмеген ақсақал.

«Қырықтың екеуінде ғанамын»,- деп, қара әңгімеге қалжыңның қаймағын араластыра білген Байзақов Сембай Тезекбайұлы сексен жастың да қақпасын қағып, кіргелі тұр. Қасқыр уақыттың азуы батып, еншісін алса да ақсақалдың ширақ қимылы мен шапшаң қозғалысы, сексек жастағы сергектігі таң қылды. Көбіне бұл жастағы қариялардың таяққа сүйеніп, сұрақ белгідей белдері бүгіліп жүретінін көруші едік. Алайда Сембай ақсақал бұндай келеңсіздіктерден аулақ екендігін аңғардық. Сөзінде шалыс жоқ, бір іркілмей әңгіменің майын тамызғанда құдды бір кітап оқып отырғандай күйге бөлендім. Жүріп-тұрысында да мін жоқ. Сөйтсек, бұл әулеттің еркек кіндіктілерінің көбі тоқсанға таяп, жүзден асқаннан кейін ғана фәнимен қоштасқан екен. Бұны мықты ген, тұқымның тектілігі деп топшыладық.

1939 жыл. Мал қыстақтан әлі қайта қоймаған уақыт. Көктемгі күннің қызуы артып, қыстай мұз құрсанған жер енді-енді арқасын кеңге салып, бусанып жатыр. Үшаралға жақындау орналасқан Ақтікен қыстағында күйбең тірлік. Ұлыстың ұлы күні жақындап, ұнға көмілген сүр еттің сорпасын татар, жеті тағамнан тұратын көженің дәмін сезінер күнге де аз қалды. Бәрінен де Тезекбай есімді елуден асқан ел ағасының көңілі орнында емес еді. Себебі жұбайы Асылханның ішінде екінші жүрек дүрсілдеп жатты. Сөйтіп, наурыздың он сегізінші жұлдызында дүниеге Сембай есімді сәби келді. Серкені салымға сүйреген көкпаршылардың, қазан қойып ет асқан қыз-келіншектердің күлкісімен бұл күн нағыз думанға айналды. Көкпардың арты жабайы тартысқа ұласып, түн ортасында сүр етпен қоса тақымға қысылып, тұяққа тапталып, әбден жұмсарған серке де дастарханға қойылды. Бұрынғының дағдысы да, дәстүрі де осы еді. Бүкіл ауыл-абанға той сыйлаған Сембай өзінің бар ғұмырында айналасына шуақ шашар азамат болып ержетерін кім білген!?

Қоңырқай тірліктің тегершігін шыр айналдырған қойлы ауылдан шыққан кейіпкеріміз жастайынан қара жұмыстың ортасында өсті. Оның қолы тимеген дүние болмайтын. Әкесі Тезекбай да еңбек адамы болғандықтан перзенттерінде адалынан ас табуға үйретуді алдыңғы қатарған қоятын еді. Сондықтан бала Сембай ойыннан көрі орақ ұстап, егістік басында жүруді құп көретін.

«Бес-алты жастан бастап ақырындап даланың жұмысына араласа бастадық. Осы кезде жылқыға да жайдақ мініп, түзде жүріп тірлік қамын күйттеген әкемізден бір адым қалыспайтынбыз. Алғашында үйге су әкелу, бұзау мен қозы-лақ қарау, ит-құстың тамағын беру, отын кіргізу сынды кіші-гірім істерді бізге жүктейтін. Бірақ… Бірақ біздің ой тұлпарымызды тізгіндеп, қыран құстай ұлан-ғайыр даланың төсінде асыр салу, тау басынан төмен қарап тұрып шұбырған малдың жайылысын бағамдау еді. Қызықтың бәрі сонда секілді сезінетін. Бір айта кететіні бүгінгідей ауыр көліктермен отын тасып, электр қуатымен қоғалатын аралармен дырылдатып ағаш кесу жоқ еді. Әкеміздің яки үлкен ағалардың артына ілесіп, бір-бір атты ерттеп тау жоталарына аттанатынбыз. Алып ағаштарды жығып, бұтағынан түгелдей арылтып, ертоқымның екі жағына арқанмен асып, ауылға сүйреп әкелетінбіз. Үйге жеткендегі біздің жайды көрсеңіз. Құдды бір соғыстан олжамен оралған батырлардай кеудемізді соғып кіретінбіз. Дастарқанда жайылған асқа көз қадап, қолды жуар-жумастан үстелге жүгіретінбіз. Ол ол ма… Мал төлдету және егін орағы кезіндегі күйімізді бүгінгі жастар түсіне алмас. Ерте туған малдың төлін үйге кіргізіп, суықтан сақтап қалу үшін не жасамадық. Сонда үйдегі балалар әр қозы-лаққа жеке-жеке ат қойып, кәдімгідей бауыр басып қалатынбыз. Біздің кезімізде ойын аз еді. Бар болса да сол төрт түлікпен байланысты болатын. Асық ату, тоғызқұмалақ, ханталапай, ақсүйек… Тағысын тағы. Барлығы асымызға да, көлігімізге де, табысымызға да айналған малмен сабақтасып жататын. Бұл ауыл баласының күнігі тірлігінің бір парасы ғана. Егін даласындағы еңбекті жайы бір бөлек. Техника дегеннің жүргенінен бұзылғаны көп, онымен қоймай ат пен өгізге жегіп сүйрейтіндері де болды. Қолда шалғы, орақ, тәпкі, кекпен… Алақаннан алақан қалмайтын. Сондай нағыз жұмыстың ортасында өскендіктен бе кез-келген қиындықтан кейіп көрмедік»,- дейді ақсақал.

Сөйтіп, кейіпкеріміз 1948 жылы Үшаралдағы Абай атындағы қазақ орта мектебінің табалдырығын аттап, жазу-сызу үйрене бастайды. Жылқының жалына жабысып, еркін өскен бала партаға танылғанда алғашқыда өзін жайлы сезіне алмағанын айтады. Алайда еңбек даласында ешкімге дес беріп көрмеген бала, мектеп қабырғасында да өзгеден кейін жүру дегенді ойламаған да еді. Қиын тигенімен, термен келген дүниенің тәтті боларын білетін еді. Сондықтан тырыса білді, талпына білді, мақсат қойды, орындады. Тіпті «Білім айнасы» кереге газетінің редакторы да болған. Он жыл бойы білім нәрімен сусындаған қасиетті қара шаңырақты тәмамдағаннан кейін Тақжайлау политехникалық колледжіне тракторшы-комбайыншы-слесер мамандығы бойынша оқуға түседі. Қосымша жүргізуші куәлігінде алып шығады.

Тепсе темір үзердей екпінді жігіттің кәсіби еңбек жолы «Ильич» савхозына механизатор болып орналасуынан басталды. Артынша «ДТ-54» шынжыр танды тракторының жүргізушісі, ал егін пысқан уақытта комбайыншының көмекшісі сынды қызметтерді атқарды. 1961 жылы жігіт Сембай Владивосток қаласына әскерге аттанып, үш жыл бойы отан алдындағы борышын өтейді.

Туған елге оралған ол алған білімін азсынып, Алматы қаласындағы зооветеринарлық институтына зоотехник мамандығы бойынша оқуға қабылданып, білімін жетілдіреді. Ал бұл сол мезеттегі ең сұранысқа ие мамандықтардың бірі еді. 1976 жылы дипломын қолына алып, тәжірибесін ауыл тірлігінде пайдалана бастайды. Бұған дейін, яғни 1972-77 жылдар аралығында «Лево бережный» савхозында жұмысшылар комитетінің төрағасы болып үлгереді.

1977 жылы қыркүйектен бастап «Социалды» савхозы партия комитетінің хатшысы, 1981 жылы «Лево бережный» савхозының директоры, 1984 жылы Үшарал мал тұқымын асылдандыру мекемесінің меңгерушісі, 1985 жылы Жанама савхозы партия комитетінің хатшысы, 1986 жылы Қарабұлақ ауылдық кеңесінің төрағасы, 1991 жылы осы ауылдың әкімі лауазымын иемденеді.

Өзінің еңбек сапарында ешкімнің ала жібін аттап көрмеген, адалынан ас табуға, қам қылуға үйренген кейіпкеріміз елдің де ықыласын молынан иемденген еді. Тіпті қазіргі уақытта кіші ұлы Тұрысбек осы Жанама ауылдық округінің әкімі болып отыр. Бұдан алма ағашынан алысқа құламайды деген тәмсілдің дәлдігін аңғаруға болады.

Кейіпкеріміздің отбасылық өміріне ойыссақ 1939 жылы Гүлжауар Нұрмұханбетқызымен көңіл жарастырып, шаңырақ көтереді. Жұмыс барысында танысып, сол таныстықтары болашаққа қол ұстаса аттануға септігін тигізгенін ақсақал бірнеше қайталай айтты. «Сол мезеттегі қызу жұмыс болмағанда, мүмкін жан-жарымды жолықтырмауым да мүмкін ба еді?»,- дейді, өткен күндердің өткелдеріне көз шалдырған Сембай Тезекбайұлы. Бақытты отбасының шаңырағын үш ұлдың нәзік күлкісі жаңғыртты. Шекесі торсықтай үш атқамінер сыйлаған жұбайына шексіз ризалығын білдірген ақсақал, ажал уақыты келіп, ана өмірге кете барған серігін еске алып бір күрсінді.

Ұлдарының үлкені Мәшен (1961 ж.) мен ортаншысы Қасен (1965 ж.) шаруа қожалықтың ісін жүргізсе, кенжесі Тұрысбек жоғарыда атап өткеніміздей мемлекеттік қызметте. Атамыз бүгінде 8 немере мен 5 шөберенің бал қылығына батып отыр.

Сембай ақсақал сонау 1997 жылы керегесін қалаған «Ақбота» шаруа қожалығын бір шолып шықпасақ болмас. Басында небәрі 22 гектардан басталған кәсіп бүгінде 352 гектар егістік жерге қанатын жайған. Бұдан бөлек 400 гектар шабындық, 600 гектар жайылымдық жер бар.

«Алғашында «Т-40», «МТЗ-80» тракторларын қолдан құрап, ісімізге кірістік. Бастапқы уақытта қызылша, бидай, жоңыщқа, жүгері ексек, соңара қытай бұршағына ауыстық. Қазіргі уақытта жаңа 7 трактор, 3 комбайын, экскаватор, камаз, Газ-53, Газ-66 және 6-7 жеңіл көлік бар. Бұрынғыдай таза адам қолымен жасалатын жұмыс көп емес. Барлығы да техникаға байланысты. Есесіне 25-30 адамды жұмыспен қамтудамз. Бұдан бөлек 200-ден астам ірі-қара, 150-дей ұсақ мал мен 60-қа жуық жылқы асырап отырмыз. Менің жасым келгеніне байланысты тізгінді екі ұлым қолдарына алды»,- дейді, баларын еңбекқор етіп жеткізген ұлағатты әке.

Бір айта кетерлігі, алтындай уақытты бекерге кетіруді ойламаған ақсақал бүгінде Төлеңгіт руының шежіресін жазуда. Оны жуырда кітап қылып та басып шығармақшы. Сәкен Иманасовтай сәйгүлік ақынның сырласы, құрдасы болған Сембай Тезекбайұлы жазуға деген, қалам ұшынан құнды дүние тудыруға деген құлшынысы баяғыдан болғанын айтады. Ал соны жүзеге асыру осы сексен жастық мерейтойға дөп келіп отыр.

Біз де өз тарапымыздан талай жыл ел басқарып, халықтың көңілінен шыға білген, жеке кәсіпте де айтарлықтай жетістікке қол жеткізген, ұрпақтарын ұлықты етіп тәрбиелеген ақсақалдың деніне саулық, отбасына бақ пен береке, татулық пен баянды ғұмыр тілемекпіз. Тәңір жазып жүз жастық мерейтойыңызды көріп, шөпшек сүйер қуанышты бұйыртсын. Сексен жасыңыздағы сергектіңізден айрылмай, шуылдаған шөберенің ұйытқысы, сүйікті аталары болып жүре беріңіз.

А.ЕСЕНБЕКОВ.

Мәліметпен бөлісу: