Ғарыштағы алғашқы тіл

Ардан жаратылған алтын құрсақты аналарымыздың ақ сүтімен бойымызға сіңіп, тәнімізге дарыған қазақ тіліміз небір алмағайып заматтардың зобалаңдарына шыдас беріп, тәуелсіздігімізді тұғырына көтерген мезеттен бастап «Мемлекеттік» деген атақты қанжығасына бекем байлаған болатын. Берен мылтықтан безере атылған  қорғасын оғына ілігіп, қынадай қырылып кеткен қазақ зиялыларының көздегендерінің бір сарқыншағы да осы еді.

Ұлт болып ұйысқалы бері қазақ тілі дәл осындай жетістікке  жетпегені мәлім. Алайда, жетпіс жыл өзгенің салған соқпағын басып, соққанынан қаймығып жүрсек те ана тіліміздің бағындырған айтулы биігі бар. Алты нарға жүк болатын атағымызды ғарышта әйгілеп, әлемдегі біршама алпауыт державалардың қызғана да, қызыға көз салуларының мәнісі «Байқоңыр» ғарыш айлағы.  Қаймана қазақтың қарапайым иісі сіңген иен даламыздың бетке ұстар, мақтануға лайықты аймағы да осы. Сол мақтанышынан 1957 жылдың 4 қазанында ғарышқа жердің алғашқы жасанды серігі ұшырылып, дүйім жұрт нәресте мәнзелдес қуанып, жетістігін асып та, тасып та тойлаған болатын. Сол мезетте ғарыштың ашық кеңістігіне көтерілген «Спутник – 1»  жасанды жер серігінің бортында «Жолдастар! Мына пакетті кім тапса жақын жердегі жергілікті советке табыс етсін» деген хабарламамен жабдықталған деректер пакеттері болған. Өйткені капсулалардың қону нүктесі жоспарланған орыннан қиыс кетуі де мүмкін еді. Ал, зымыран қазақтың ұланғайыр атырабынан көтерілгендіктен сол аймаққа түсері хақ. Сондықтан капсуланы Байқоңырдың іздеу тобтарынан бұрын қазақтың қарапайым шопандары яки ауыл тұрғындары тауып алулары да назардан тыс қалмаған. Сол кезде ауыл азаматтары орыс тілін білмеу ықтималдығы жоғары болғандықтан, алдын ала осындай шаралар қолданылған.  Демек қазақ тілі «Ғарышта болған алғашқы тіл» деп жер салып жариялауымызға болады. Фактілер бойынша тек осыдан кейін ғана өзге тілдер ғарыш кеңістігіне көтерілді.

Міне, өзге мемлекеттердің алдында именбей мәлімдеуге болатын мақтаныштарымыздың бірі осы. Бұл деректер ана тіліміздің айбындылығы мен өміршеңдігінің, қайраттылығы мен қадірлілігінің айқын белгісі. Демек, көзіміз жетпеген жерге тіліміз жетіп, бүгінгі таңда  атағымызға атақ үстеп, мерей-мәртебемізді  еселеп отыр. Ендігі біздің борышымыз ана тіліміздің ғарышқа дейін көтерілген тұғырын төмендетіп алмау. Осы орайда жұрт болып жұмылып, бұқара болып бірігіп тіліміздің ертеңгі тағдыры үшін талмай талаптанып, ерінбей еңбек еткеніміз абзал. Тіліміздің тұғырлығы – мемлекетіміздің беделі.

АЛМАТ ЕСЕНБЕКОВ.

Мәліметпен бөлісу: