«Қазақстан Республикасындағы жергілікті өзін-өзі басқару туралы»

ЖОБА

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЗАҢЫ
«Қазақстан Республикасындағы жергілікті өзін-өзі басқару туралы»

МАЗМҰНЫ
Осы Заң Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес жергілікті өзін-өзі басқару саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының құқықтық мәртебесін, жергілікті өзін-өзі басқарудың қаржы-экономикалық негіздерін айқындайды.

1-тарау. Жалпы ережелер

1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) кеңес – халықтың еркін білдіретін және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оны іске асыру үшін қажетті шараларды айқындайтын және олардың аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ аумағында жүзеге асырылуын бақылайтын жергілікті өзін-өзі басқару органы;
2) жергілікті қоғамдастық – шекараларында жергілікті өзін-өзі басқару жүзеге асырылатын, оның органдары қалыптастырылатын және жұмыс істейтін тиісті әкімшілік-аумақтық бөлініс аумағында тұратын тұрғындардың (жергілікті қоғамдастық мүшелерінің) жиынтығы;
3) жергілікті өзін-өзі басқару – халықтың тікелей, оның ішінде мәслихаттар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдары арқылы, халық топтары жинақы тұратын аумақтарда жергілікті маңызы бар мәселелерді осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген тәртіппен өзінің жауаптылығымен және жергілікті қоғамдастықтың мүдделерінде шешуге қатысу нысаны;
4) жергілікті қоғамдастықты дамыту бағдарламасы – аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің аппараты әзірлеген және кеңес жыл сайын үш жылға бекітетін, аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ дамуының басым бағыттарын айқындайтын құжат, оның негізінде аудандық маңызы бар қаланың, ауылдың, кенттің, ауылдық округтің бюджеті қалыптастырылады;
5) жергілікті қоғамдастық жиыны – елді мекен тұрғындарының (жергілікті қоғамдастық мүшелерінің) осы Заңда белгіленген тәртіппен жергілікті маңызы бар мәселелерді шешуге тікелей қатысуы;
6) қалалық өзін-өзі басқару кеңесі – халықтың еркін білдіретін және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оны іске асыру үшін қажетті шараларды айқындайтын және олардың республикалық маңызы бар қаланың, астананың және облыстық маңызы бар қаланың аумағында жүзеге асырылуын бақылайтын жергілікті өзін-өзі басқару органы;
7) аудандық маңызы бар қаланың, ауылдың, кенттің, ауылдық округтің коммуналдық мүлкі – аудандық маңызы бар қаланың, ауылдың, кенттің, ауылдық округтің мүлкі, оның ішінде аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ бюджетінің қаражаты, сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық заңды тұлғаларына бекітілген және (немесе) бекітілмеген мүлік;
8) жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган – басшылықты, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шектерде жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелерін салааралық және ведомствоаралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган.

2-тарау. Жергілікті өзін-өзі басқаруды ұйымдастыруды негіздері

2-бап. Қазақстан Республикасының жергілікті өзін-өзі басқару туралы заңнамасы
Қазақстан Республикасының жергілікті өзін-өзі басқару туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына, жергілікті өзін-өзі басқару туралы халықаралық құқықтың қағидаттары мен нормаларына негізделеді және осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
3-бап. Жергілікті өзін-өзі басқаруды ұйымдастыру негіздері

  1. Қазақстан Республикасының азаматын жергілікті қоғамдастық мүшесі деп тануға шекараларында жергілікті өзін-өзі басқару жүзеге асырылатын әкімшілік-аумақтық бірлік аумағындағы тұрғылықты жері бойынша оны тіркеу фактісі негіз болып табылады.
    Осы бапта көзделген негіздерді қоспағанда, Қазақстан Республикасы азаматтарының жергілікті өзін-өзі басқаруды жүзеге асыруға қатысуының қандай да бір өзге шарттарын белгілеуге жол берілмейді.
    Жергілікті қоғамдастық аумағында кемінде бір жыл тұрақты тұрғылықты жері бар шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда белгіленген шектерде жергілікті өзін-өзі басқаруды жүзеге асыруға қатысуға құқығы бар.
  2. Жергілікті өзін-өзі басқару республикалық маңызы бар қала, астана, облыстық және аудандық маңызы бар қала, қаладағы аудан, ауыл, кент, ауылдық округ шегінде жүзеге асырылады.

4-бап. Жергілікті қоғамдастық мүшелерінің құқықтары
Жергілікті қоғамдастық мүшелерінің:
1) шығу тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктерге қатыстылығына қарамастан тікелей, оның ішінде мәслихаттар және жергілікті өзін-өзі басқару органдары арқылы жергілікті өзін-өзі басқаруды жүзеге асыруға;
2) осы Заңда көзделген тәртіппен жергілікті өзін-өзі басқару органдарын сайлауға және оларға сайлануға;
3) мемлекеттік органдар мен басқа да ұйымдарға жеке жүгінуге, сондай-ақ жеке және ұжымдық өтініштер жолдауға;
4) осы Заңда және Қазақстан Республикасының басқа да заңнамалық актілерінде көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқығы бар.
Осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінде көзделген жағдайларды қоспағанда, жергілікті қоғамдастық мүшелерінің жергілікті өзін-өзі басқаруға қатысу құқықтарын шектеуге жол берілмейді және оған сот тәртібімен шағым жасалуы мүмкін.

5 бап. Жергілікті өзін-өзі басқару қағидаттары
Жергілікті өзін-өзі басқару мынадай қағидаттар негізінде жүзеге асырылады:
1) азаматтарды тарту қағидаты – азаматтардың жергілікті маңызы бар мәселелерді шешуге тікелей қатысуы және жергілікті өзін-өзі басқару органдарының қызметіне бақылауды жүзеге асыруы үшін жағдайлар жасау;
2) дербестік қағидаты – жергілікті қоғамдастық мүшелері мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының ұйымдастырушылық, экономикалық және қаржылық дербестігі;
3) функциялардың аражігін ажырату қағидаты – функциялар мен өкілеттіктердің аражігін ажырату негізінде мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының қызметі;
4) айқындық және ашықтық қағидаты – жергілікті өзін-өзі басқару органдары, әкім және аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімі аппараты, республикалық маңызы бар қала, астана, облыстық маңызы бар қала әкімдігі қабылдайтын шешімдерді жергілікті қоғамдастықпен міндетті түрде талқылау, оларды бұқаралық ақпарат құралдарында және (немесе) өзге де тәсілдермен жариялау және тарату;
5) жергілікті өзін-өзі басқару органдарын сайлау қағидаты – тікелей дауыс беру арқылы өз мүшелерін сайлау арқылы жергілікті өзін-өзі басқару органдарын қалыптастыру.

6-бап. Осы Заңмен реттелетін жергілікті маңызы бар мәселелер
Жергілікті маңызы бар мәселелерге мыналар жатады:
1) жергілікті маңызы бар жолдардың жұмыс істеуін қамтамасыз ету;
2) қоғамдық пайдалану орындарын абаттандыру, жарықтандыру және көгалдандыру;
3) туысы жоқ адамдарды жерлеуді және зираттар мен өзге де жерлеу орындарын тиісті қалпында күтіп-ұстау жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру;
4) бос уақытты ұйымдастыру үшін жағдайлар жасау;
5) коммуналдық қалдықтарды бөлек жинауды ұйымдастыру;
6) тарихи-мәдени мұраны сақтау жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, тарихи, ұлттық және мәдени дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды дамытуға жәрдемдесу;
7) жер пайдалануға байланысты мәселелер;
8) тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында жарнама орналастыру;
9) дене шынықтыру мен спортты дамыту үшін жағдайларды қамтамасыз ету;
10) төтенше жағдайлардың, оның ішінде әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыру;
11) коммуналдық мүлікті басқару;
12) кооперацияларды ұйымдастыру;
13) «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен реттелетін елді мекендер санаттарының, шекараларының және атауларының өзгеру;
14) өз құзыреті шегінде елді мекендерді сумен жабдықтауды және су пайдалану мәселелерін реттеуді ұйымдастыру;
15) өзге де мәселелер.

3-тарау. Өкілді және атқарушы органдардың
міндеттері мен құзыреттері

7-бап. Жергілікті өзін-өзі басқару мәселелері жөніндегі уәкілетті органның міндеттері
Жергілікті өзін-өзі басқару мәселелері жөніндегі уәкілетті орган:
1) жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелері бойынша мемлекеттік саясатты қалыптастырады;
2) жергілікті өзін-өзі басқаруды мәселелерін реттеуге бағытталған нормативтік құқықтық актілерді әзірлейді және бекітеді.

8-бап. Жергілікті өзін-өзі басқару мәселелері бойынша жергілікті өкілді және атқарушы органдардың міндеттері

  1. Жергілікті өкілді және атқарушы органдар жергілікті өзін-өзі басқарудың қалыптасуы мен дамуы үшін қажетті құқықтық, ұйымдастырушылық және өзге де жағдайларды жасайды, Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне және өзге де нормативтік құқықтық актілерге сәйкес халықтың жергілікті өзін-өзі басқару құқығын жүзеге асыруына жәрдем көрсетеді.
  2. Жергілікті өкілді органдар аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімін лауазымға сайлауға және лауазымынан босатуға, елді мекендердің әкімшілік-аумақтық құрылысын өзгертуге және жергілікті маңызы бар өзге де мәселелерге байланысты мәселелерді шешуде жергілікті өзін-өзі басқару органдарымен өзара іс-қимыл жасайды.

9 бап. Аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің құзыреті

  1. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімі:
    1) ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) мәслихатымен, мемлекеттік органдармен, жергілікті өзін-өзі басқару органдарымен, ұйымдармен және азаматтармен өзара қарым-қатынастарда тиісті әкімшілік-аумақтық бөліністің атынан өкілдік етеді;
    2) кеңеске есеп береді, жергілікті маңызы бар мәселелерді шешуді қамтамасыз етеді;
    3) кеңес мүшесі бола алмайды.
  2. Әкім Қазақстан Республикасының Президенті айқындаған тәртіппен және мерзімде халықпен тұрақты кездесулер өткізеді.
  3. Әкім жоғары тұрған әкім, кеңес алдында құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша, өзіне жүктелген міндеттердің іске асырылуы үшін жауап береді.
  4. Аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің құзыретіне:
    1) бюджет жобасын әзірлеу;
    2) бюджетті жоспарлау және атқару;
    3) кенеске бюджеттің атқарылуы туралы есепті ұсыну;
    4) азаматтардың жолданымдарын, арыз, шағымдарын қарау, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау бойынша шаралар қолдану;
    5) жергілікті қоғамдастықты дамыту бағдарламасын әзірлеу және оны жергілікті қоғамдастық жиынымен келісу бойынша кеңестің қарауына және бекітуіне ұсыну;
    6) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес кеңеспен келісім бойынша коммуналдық мүлікті басқару;
    7) жергілікті бюджеттен жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық мемлекеттік мекемелерін қаржыландырудың жеке жоспарларын бекіту;
    8) аудан әкімімен және кеңеспен келісу бойынша апаттық тұрғын үйлерді бұзуды ұйымдастыру;
    9) жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі жоспарды іске асыру;
    10) автомобиль жолдарын, елді мекендердің көшелерін, сумен жабдықтау желілерін дамыту және күтіп ұстау;
    11) инфрақұрылымды абаттандыру, оның ішінде елді мекендерді, жарықтандыру, көгалдандыру және санитарлық тазарту, сондай-ақ қоғамдық орындарды сыртқы безендіру жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру;
    12) туысы жоқ адамдарды жерлеуді ұйымдастыру және зираттар мен өзге де жерлеу орындарын күтіп-ұстау;
    13) мәдениет мекемелерінің қызметін қамтамасыз ету және тарихи және мәдени мұраны сақтау жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру;
    14) кеңеспен келісу бойынша елді мекен жерлерінде мал жаятын орындарды айқындау;
    15) коммуналдық қалдықтарды бөлек жинауды ұйымдастыру;
    16) кеңес белгілеген тәртіппен тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік тұрғындарына ақылы негізде қызмет көрсету;
    17) еңбек шарты бойынша жалданатын әкім аппараты қызметкерлерінің еңбегіне кесімді ақы төлеу кезінде кесімді бағаларды кенеспен келісу бойынша бекіту;
    18) жергілікті өзін-өзі басқару мәселелері жөніндегі уәкілетті орган бекітетін Қазақстан Республикасының заңдарымен және өзге де нормативтік құқықтық актілерімен, оның ішінде аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімі мен әкім аппаратының қызметінің Үлгілік регламентімен жүктелген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру.

10 бап. Мемлекеттік функцияларды жүзеге асыруды аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкіміне және оның аппаратына табыстау тәртібі

  1. Аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкіміне тапсырушы мемлекеттік органның шешімі негізінде жоғары тұрған мемлекеттік басқару деңгейінен мемлекеттік функциялар табысталуы мүмкін.
  2. Аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкіміне және оның аппаратына мемлекеттік функцияларды табыстау берілетін өкілеттіктерді іске асыру жағдайларын қажетті ресурстармен мемлекеттік қамтамасыз ету тәртібін белгілей отырып, қолданыстағы заңнама және мемлекеттік басқару органдары мен кеңес арасындағы келісу негізінде жүзеге асырылады.
  3. Аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ бюджетінің шығыстарын ұлғайтуға әкеп соғатын мемлекеттік органдар табысталған функциялар жоғары тұрған бюджеттен тиісті қаржыландыруды көздеуге тиіс.
  4. Табысталған мемлекеттік функциялар бойынша аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімі тиісті уәкілетті мемлекеттік органға есеп береді.

11 бап. Аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкіміне және оның аппаратына табысталатын мемлекеттік функциялар
Аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкіміне және оның аппаратына табысталуы мүмкін мемлекеттік функцияларға мыналар жатады:
1) аудандық маңызы бар қаланың, ауылдың, кенттің, ауылдық округтің тұрғын үй қорына түгендеу жүргізу;
2) жер учаскелерін алып қою, оның ішінде Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген негіздер мен тәртіп бойынша мемлекет мұқтажы үшін алып қою мәселелері жөнінде аудандық (қалалық) әкімдікке ұсыныстар енгізу;
3) жұмыспен қамту органдары болмаған жағдайда Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жұмыссыздарды тіркеу;
4) табысы аз адамдарды анықтау, жоғары тұрған органдарға еңбекпен қамтуды қамтамасыз ету, атаулы әлеуметтік көмек көрсету жөнінде ұсыныстарды енгізу, жалғызбасты қарттарға және еңбекке жарамсыз азаматтарға үйінде қызмет көрсетуді ұйымдастыру, оларға қайырымдылық көмек көрсетуді үйлестіру;
5) мүгедек адамдарға көмекті ұйымдастыру;
6) мүгедек адамдардың қоғамдық бірлестіктерімен бірлесіп, мәдени-бұқаралық және ағарту іс-шараларын ұйымдастыру;
7) дене шынықтыру және спорт жөніндегі уәкілетті органмен және қоғамдық бірлестіктермен бірлесіп, мүгедек адамдар арасында сауықтыру және спорттық іс-шаралар өткізуді ұйымдастыру;
8) шұғыл және кезек күттірмейтін медициналық көмек көрсету қажет болған жағдайда: науқастарды денсаулық сақтау ұйымдарына дейін жеткізу, жатқан науқасты денсаулық сақтау ұйымдарынан тұрғылықты жеріне дейін тасымалдау;
9) жазаның осы түріне сотталған адамдардың қылмыстық-атқару қызметі мәселелері жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен қоғамдық жұмыстарды орындауын ұйымдастыру;
10) қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде жазасын өтеп жүрген сотталғандарды, оның ішінде жазасын өтеу жолымен жұмыспен қамтуды ұйымдастыру:
қылмыстық-атқару жүйесінің кәсіпорындары мен мекемелері өндіретін, орындайтын және көрсететін тауарларға, жұмыстарға және қызметтерге тапсырыстарды орналастыру;
қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің аумағында сотталғандардың еңбегін пайдаланатын өндірістер ашу, оларды кеңейту және жаңғырту үшін кәсіпкерлік субъектілерін тарту арқылы жәрдемдесу;
11) мемлекеттік жоспарлау жүйесінің бағдарламалық құжаттары шеңберінде ауыл халқына микрокредит беруге жәрдем көрсету;
12) өз құзыреті шегінде әскери міндеттілік және әскери қызмет, жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру туралы мәселелер бойынша, сондай-ақ азаматтық қорғау мәселелері бойынша Қазақстан Республикасы заңнамасының орындалуын ұйымдастыру және қамтамасыз ету;
13) агроөнеркәсіптік кешен саласында жедел ақпарат жинауды жүзеге асыру және оны аудандардың (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органдарына (әкімдіктеріне) беру;
14) ауыл шаруашылығы санағын жүргізуге қатысу;
15) облыстардың жергілікті атқарушы органдары құрған мемлекеттік ветеринариялық ұйымдарға олардың тиісті әкімшілік-аумақтық бірлікте ветеринария саласындағы функцияларды орындауы кезінде жәрдем көрсету;
16) ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жөніндегі іс-шараларды жүргізуге қатысу;
17) тиісті аумақта жануарлардың жұқпалы аурулары пайда болған жағдайда бас мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспектордың ұсынуы бойынша карантинді немесе шектеу іс-шараларын белгілеу туралы шешімдер қабылдау;
18) тиісті аумақта жануарлардың жұқпалы ауруларының ошақтарын жою жөніндегі ветеринариялық іс-шаралар кешені жүргізілгеннен кейін бас мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспектордың ұсынуы бойынша шектеу іс-шараларын немесе карантинді алып тастау туралы шешімдер қабылдау;
19) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен ветеринариялық пункттерді қызметтік үй-жайлармен қамтамасыз ету;
20) ауыл, кент, ауылдық округ әкімдері мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті орган бекіткен статистикалық әдіснамаға сәйкес шаруашылық бойынша есепке алуды жүргізу ;
21) ауыл, кент, ауылдық округ әкімдері мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша тіркеу жазбаларын жүргізуді ұйымдастыру;
22) ауыл, кент, ауылдық округ әкімдері шаруашылық бойынша есепке алу деректерінің анықтығын қамтамасыз ету;
23) ақылы негізде көрсету үшін қызмет түрлерінің тізбесін әзірлеу және оны кеңеске бекітуге ұсыну;
24) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де мәселелер.
Азаматтық хал актілерін тіркеуді жүзеге асыратын органдар жоқ кенттерде, ауылдарда, ауылдық округтерде кент, ауыл, ауылдық округ әкімі нотариаттық әрекеттер жасауды ұйымдастырады, өз аумағында тұратын азаматтардың азаматтық хал актілерін тіркеуге құжаттар қабылдауды және оларды азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу және жеке тұлғалар туралы мемлекеттік дерекқорға мәліметтер енгізу үшін ауданның немесе облыстық маңызы бар қаланың азаматтық хал актілерін тіркеу органына беруді, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен куәліктерді және қажет болған кезде анықтамаларды беруді және табыс етуді жүргізеді.

12-бап. Аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің аппараты

  1. Аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің аппаратын аудан (облыстық маңызы бар қала) әкімдігі құрады, таратады және қайта ұйымдастырады, жергілікті бюджет есебінен ұсталатын мемлекеттік мекеме болып табылады және аудандық маңызы бар қаланың, ауылдың, кенттің, ауылдық округтің коммуналдық мүлкіне жататын объектілерді салу, реконструкциялау және жөндеу бойынша тапсырыс беруші болады.
    Аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімі мен әкімі аппаратының қызмет Регламентін және оның құрылымын кеңес бекітеді.
    Аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімі мен әкімі аппараты қызметінің Үлгілік регламентін жергілікті өзін-өзі басқару мәселелері жөніндегі уәкілетті орган бекітеді.
  2. Әкім аппараты аудандық маңызы бар қалаларда, ауылдарда, кенттерде, ауылдық округтерде құрылады.
    Әкім аппараты халық саны кемінде 500 адам болатын ауылдарда, ауылдық округтерде құрылады.
    Халық саны кемінде 250 адам болатын ауылдарда әкім аппаратын құруға мынадай талаптардың біріне сәйкес келгенде жол беріледі:
    Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасынан 25 километрге дейін қашықтықта орналасуы;
    50 километр радиуста тиісті ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) басқа елді мекенінің болмауы.
  3. Әкім аппараты Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен жергілікті атқарушы органдардың жалпы лимиті мен штат санының нормативтері шегінде айқындалатын мемлекеттік қызметшілерден, сондай-ақ еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган әзірлеген және бекіткен жұмыскерлер санының бірыңғай салааралық нормативтеріне сәйкес мемлекеттік органдарға техникалық қызмет көрсетуді және олардың жұмыс істеуін қамтамасыз ететін қызметкерлерден тұрады.
    Аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін азаматтық қызметшілерге еңбекақы төлеудің кесімді жүйесіне сәйкес өз қызметін жүзеге асыратын еңбек шарты шеңберінде қызметкерлерді жалдауға құқығы бар.
    Мемлекеттік қызметшілердің жалақысы Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін мемлекеттік бюджет есебінен ұсталатын барлық органдар үшін қызметкерлердің еңбегіне ақы төлеудің бірыңғай жүйесіне сәйкес белгіленеді.
  4. Әкім аппараты аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің және кеңестің қызметін ақпараттық-талдамалық, ұйымдық-құқықтық және материалдық-техникалық қамтамасыз етуді жүзеге асыруға міндетті.
  5. Аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімі өкілеттіктерінің тоқтатылуына, жаңа әкімнің тағайындалуына немесе сайлануына байланысты аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімі аппаратының мемлекеттік қызметшілері қызметінің мәселелері Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалады.
  6. Аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімі аппаратының міндеттері:
    1) коммуналдық қазыналық кәсіпорындар өндіретін және өткізетін тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) бағаларын айқындау жөнінде ұсыныстар әзірлеу;
    2) жерлеу және қабірлерді қарап-күту жөніндегі істі ұйымдастыру қағидаларына сәйкес қабірге арналған жер учаскелерін есепке алу мен тіркеуді жүргізу;
    3) ақылы негізде көрсету үшін көрсетілетін қызметтер түрлерінің тізбесін әзірлеу;
    4) кеңес қызметін қамтамасыз ету;
    5) өзіне осы Заңмен және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасымен жүктелген өзге де өкілеттіктер.

4-тарау. Жергілікті өзін-өзі басқаруды жүзеге асыру нысандары және жергілікті өзін-өзі басқару органдары

13-бап. Жергілікті қоғамдастықтың жергілікті өзін-өзі басқаруды жүзеге асыру нысандары
Мыналар жергілікті өзін-өзі басқаруды жүзеге асыру нысандарына жатады:
1) аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің сайлауы;
2) жергілікті қоғамдастық жиыны;
3) кеңес және қалалық өзін-өзі басқару кеңесіне сайлау;
4) кеңес және қалалық өзін-өзі басқару кеңесінің отырыстары.

14-бап. Аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің сайлауы және өкілеттіктерін тоқтату

  1. Аудандық маңызы бар қаланың, ауылдың, кенттің, ауылдық округтің әкімін жалпыға бірдей, тең, төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің халқы жиырма бес жастан төмен емес Қазақстан Республикасы азаматтарының қатарынан төрт жыл мерзімге лауазымға сайлайды.
  2. Бір адам сол бір аудандық маңызы бар қаланың, ауылдың, кенттің, ауылдық округтің әкімі болып қатарынан екі реттен артық сайлана алмайды.
  3. Аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің сайлауын өткізу тәртібі «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңымен регламенттеледі.
  4. Сайланған аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің өкілеттігі «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына сәйкес ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) аумақтық сайлау комиссиясы оны тіркеген кезден басталады.
  5. Аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің өкілеттіктері :
    1) әкім қайтыс болған, әкімді әрекетке қабілетсіз, әрекет қабілеті шектеулі, хабарсыз кеткен деп тану туралы сот шешімі не оны қайтыс болды деп жариялау туралы сот шешімі заңды күшіне енген;
    2) өзін ұсынған саяси партияны қайта ұйымдастыру және тарату жағдайларын қоспағанда, саяси партияға мүшелігі тоқтатылған;
    3) жоғары тұрған әкім аудан (облыстық маңызы бар қала) мәслихаты депутаттарының әкімге қатысты білдірген сенімсіздік вотумын қабылдаған;
    4) Қазақстан Республикасының азаматтығы тоқтатылған;
    5) ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) аумақтық сайлау комиссиясы жаңадан сайланған әкімді тіркеген;
    6) осы Заңда және Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де жағдайларда тоқтатылады.
  6. Аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің өкілеттіктері осы баптың 5-тармағында көзделген негіздер бойынша тоқтатылған кезде ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) аумақтық сайлау комиссиясы аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің өкілеттіктерін тоқтатуға алып келетін негіздердің басталу фактісі көрсетілетін шешім қабылдайды және ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) тиісті әкіміне аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату туралы ұсыным енгізу туралы шешім қабылданады.
    Ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) аумақтық сайлау комиссиясының ұсынымы негізінде ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) әкімі аудандық маңызы бар қаланың, ауылдың, кенттің, ауылдық округтің тиісті әкімінің өкілеттігін тоқтатады.
    Аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің өкілеттіктері Қазақстан Республикасы Президентінің шешімі негізінде тоқтатылған кезде ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) аумақтық сайлау комиссиясы тиісті адамның аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің өкілеттіктерін жоғалту фактісін көрсететін шешім қабылдайды.

15-бап. Жергілікті қоғамдастық жиыны

  1. Жергілікті қоғамдастық жиынын кеңес өз бетінше шақыруы немесе әкімнің немесе осы аумақта тұратын және оны шақыру қажеттігі туралы өтінішке тегін, атын, әкесінің атын (ол болған кезде) және тұрғылықты жерін көрсете отырып қол қойған жергілікті қоғамдастық мүшелерінің кемінде он пайызының бастамасы бойынша шақырылуы мүмкін.
  2. Жергілікті қоғамдастық жиынына кәмелетке толмаған адамдардың, сот әрекетке қабілетсіз, әрекет қабілеті шектеулі деп таныған адамдардың, сондай-ақ сот үкімімен бас бостандығынан айыру орындарындағы адамдардың қатысуға құқығы жоқ.
  3. Жергілікті қоғамдастық жиынын өткізу үшін аудандық маңызы бар қаланың, ауылдың, кенттің, ауылдық округтің аумағы учаскелерге (ауылдық округтердің құрамына кіретін ауылдар мен кенттер, көшелер, көппәтерлі тұрғын үйлер және басқалары) бөлінуі мүмкін.
    Жергілікті қоғамдастық жиыны осы аумақта тұратын және оған қатысуға құқығы бар әрбір учаскеден жергілікті қоғамдастық мүшелерінің не олардың өкілдерінің кемінде он пайызы қатысқан кезде өтті деп есептеледі.
  4. Аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ аумағындағы жергілікті қоғамдастық жиыны жергілікті маңызы бар мынадай мәселелер:
    1) жергілікті қоғамдастықтың басым міндеттерін және оларды іске асыру мерзімдерін айқындау;
    2) жергілікті маңызы бар мәселелер бойынша жергілікті өзін-өзі басқару органдарына ұсыныстар енгізу;
    3) тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің шекарасы мен мәртебесін өзгерту;
    4) тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік әкімінің және кеңесінің қызметі туралы есептерін тыңдау және талқылау;
    5) кеңес мүшелерін сайлау;
    6) кеңес мүшесінің өкілеттігін тоқтату жөніндегі мәселеге кеңес алдында бастамашылық жасау;
    7) кеңес пен қалалық өзін-өзі басқару кеңесін тарату туралы шешім қабылдау;
    8) жергілікті маңызы бар өзге де мәселелер бойынша өткізіледі.
  5. Жергілікті қоғамдастықтың жиынында хаттама жүргізіледі. Хаттамаға жергілікті қоғамдастық жиынының төрағасы мен хатшысы қол қояды және тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің әкіміне, кеңесіне және қалалық өзін-өзі басқару кеңесіне беріледі.
  6. Жергілікті қоғамдастық жиындарын өткізу тәртібі жергілікті маңызы бар мәселелер жөніндегі уәкілетті орган бекітетін Үлгілік регламентте айқындалады.

16-бап. Кеңес құру тәртібі

  1. Кеңес жергілікті қоғамдастық жиындарында аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің тұрғындары қатарынан қалыптастырылады.
  2. Кеңес мүшелері төрт жыл мерзімге сайланады.
  3. Сот әрекетке қабілетсіз, әрекет қабілеті шектеулі деп таныған, сондай-ақ сот үкімімен бас бостандығынан айыру орындарында отырған адамдарды қоспағанда, он сегіз жасқа толған Қазақстан Республикасының азаматы кеңес мүшесі болып сайлана алады
  4. Кеңес мүшелерінің саны, қалыптастыру тәртібі және қызметі кеңестің Үлгілік регламентте айқындалады.
  5. Кеңестің үлгілік регламентін жергілікті өзін-өзі басқару мәселелері жөніндегі уәкілетті орган бекітеді.
  6. Кеңес төрағасын қоспағанда, кеңес мүшелерінің қызметі қоғамдық негізде жүзеге асырылады.
  7. Кеңес заңды тұлға құқығына ие емес.

17-бап. Кеңестің міндеттері
Кеңес пен оның мүшелерінің міндеттеріне:
1) жергілікті қоғамдастықты дамыту бағдарламаларын қарау, талқылау және бекіту;
2) бюджет жобасын және бюджеттің атқарылуы туралы есепті қарау және бекіту;
3) уақытша мониторингтік комиссиялар құру;
4) бюджеттің атқарылуына жүргізілген мониторинг нәтижелері туралы есепті тыңдау және талқылау және мониторинг қорытындылары бойынша ұсынымдар енгізу;
5) коммуналдық заңды тұлғаларды құру, қайта ұйымдастыру, атауын өзгерту және тарату туралы, сондай-ақ аудандық маңызы бар қаланың, ауылдың, кенттің, ауылдық округтің коммуналдық мүлкін басқару туралы шешімдерді келісу;
6) жергілікті маңызы бар өзекті мәселелерді, жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ әкімдердің карантиндік аймақты белгілеу (күшін жою) туралы шешімдер қабылдауды, сондай-ақ табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайды жариялауды көздейтін нормативтік құқықтық актілерінің жобаларын қоспағанда, азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік құқықтық актілердің жобаларын талқылау;
7) аудан (облыстық маңызы бар қала) әкімінің аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімі лауазымына ұсынған кандидатураларын «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында көзделген жағдайда одан әрі ұсыну үшін келісу;
8) жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын және тиісті аумақта орналасқан мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардың басшыларын тағайындау жөнінде ұсыныстар енгізу;
9) жергілікті қоғамдастық мүшелерінен қоғамдық медиаторларды сайлау;
10) басқаруына берілген коммуналдық қазыналық кәсіпорындар өндіретін және өткізетін тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) бағаларын белгілеу;
11) коммуналдық мүліктің мақсатқа сай пайдаланылуына бақылауды жүзеге асыру;
12) әкім аппараты ақылы негізде көрсететін қызметтер түрлерінің тізбесін бекіту;
13) ақылы негізде көрсету үшін қызмет түрлерінің тізбесінің кесімді бағасын келісу;
14) аудан (облыстық маңызы бар қала) әкіміне аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімін тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы ұсыныс енгізу;
15) аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімі аппаратының аудандық маңызы бар қаланың, ауылдың, кенттің, ауылдық округтің коммуналдық мүлкіне сот иесіз деп таныған мүлікті қабылдау туралы өтінішхатын келісу;
16) қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандырудың қағидаларын бекіту жатады;
17) кеңес қызметінің мәселелері бойынша тиісті ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) аумағында орналасқан, қызметі мемлекеттік құпиялармен байланысты ұйымдарды қоспағанда, мемлекеттік органдарға, қоғамдық бірлестіктерге және мемлекеттік ұйымдарға өтініш жасауға құқылы;
18) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жергілікті маңызы бар өзге де мәселелер жатады.

18-бап. Кеңес жұмысын ұйымдастыру

  1. Кеңес өз өкілеттіктерін отырыстарда Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырады.
  2. Кеңесті кеңес төрағасы өзінің не кеңес мүшелері санының кемінде үштен бірінің бастамасы бойынша немесе аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімі шақырады және қажеттілігіне қарай, бірақ тоқсанына кемінде бір рет өткізіледі.
    Кеңес отырысы мүшелерінің кемінде жартысы қатысқан кезде өтті деп есептеледі.
  3. Кеңес отырысында қабылданған шешімдер аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің міндетті түрде қарауына жатады.
  4. Кеңес жарты жылда кемінде бір рет халық алдында атқарылған жұмыс туралы есеп береді.
    Аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімі кеңестің шешімімен келіспейтінін білдіруге құқылы, ол мұндай келіспеушілік тудырған мәселелерді қайта талқылау арқылы шешіледі.
    Келіспеушілікті тудырған мәселелерді шешу мүмкін болмаған жағдайда, әкім ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) мәслихаты алдында мәселеге бастамашылық жасайды.
  5. Кеңес жергілікті маңызы бар мәселелерді шешу жөнінде уақытша мониторингтік комиссиялар құруға құқылы. Уақытша мониторингтік комиссиялардың тәртібі, құрамы, мерзімдері мен өкілеттіктері жергілікті өзін-өзі басқару мәселелері жөніндегі уәкілетті орган бекітетін кеңес регламентінде айқындалады
    Кеңестің мониторинг комиссиясының мүшелері қол қойған мониторинг нәтижелері туралы есеп кеңестің талқылауына шығарылады.
  6. Мониторинг нәтижелері туралы есепті талқылау қорытындылары бойынша кеңес жергілікті маңызы бар мәселелерді шешу жөнінде ұсынымдар қабылдауға құқылы.
  7. Әкім кеңестің кезекті отырысына мониторингтік комиссияның ұсынымдарын қарау қорытындылары туралы негізделген қорытынды енгізеді.

19-бап. Кеңес төрағасы

  1. Кеңес төрағасы қызметін тұрақты негізде жүзеге асыратын лауазымды тұлға болып табылады.
  2. Кеңес төрағасы кеңес мүшелерінің арасынан ашық дауыс беру арқылы кеңес мүшелерінің жалпы санының көпшілік даусымен кеңес өкілеттігі мерзіміне сайланады және кеңес оны отырыста лауазымынан босатады.
    Кеңес төрағасы лауазымына кандидатураларды кеңес мүшелері кеңес отырысында ұсынады.
  3. Кеңес төрағасының міндеттеріне мыналар:
    1) кеңестің ұйымдастыру қызметін қамтамасыз ету бойынша әкім аппаратымен өзара іс-қимыл жасау;
    2) ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті өкілді және атқарушы органдарымен, тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында орналасқан өзге де ұйымдармен өзара іс-қимыл жасау;
    3) кеңес отырысын өткізу туралы шешім қабылдау және оны өткізуді ұйымдастыру;
    4) кеңес мүшелерінің өз өкілеттіктерін жүзеге асыруына жәрдемдесу;
    5) кеңестің уақытша мониторингтік комиссияларының қызметін үйлестіру;
    6) қабылданған шешімдердің орындалу барысын бақылау;
    7) Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру жатады.
  4. Кеңес төрағасы болмаған жағдайда оның өкілеттігін кеңес мәжілісіндегі көпшіліктің шешімі бойынша кеңес мүшесі уақытша жүзеге асырады.
  5. Егер кеңес отырысында дауыс беру кезінде кеңес мүшелерінің дауыстары тең бөлінген жағдайда, кеңес төрағасы не оның орнындағы адам шешуші дауыс құқығын пайдаланады.

20-бап. Кеңес пен оның мүшелерінің өкілеттігін тоқтату негіздері

  1. Кеңес өкілеттігі:
    1) осы Заңда белгіленген өкілеттік мерзімінің аяқталуы;
    2) кеңес жергілікті қоғамдастық жиынына қатысушылардың кемінде үштен екісінің тарату туралы шешім қабылдау;
    3) әкімшілік-аумақтық бірлік таратылуы жағдайында тоқтатылады.
  2. Жергілікті қоғамдастық жиыны жергілікті қоғамдастық отырысы қатарынан екі реттен артық айқындаған мәселелер қараусыз қалдырылған және/немесе кеңес отырысына енгізілмеген жағдайларда кеңес мүшесінің өкілеттіктерін тоқтату туралы мәселеге бастамашылық жасайды.
  3. Кеңес мүшесінің өкілеттігі:
    1) мемлекеттік қызметке кіруі;
    2) тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің шегінен тыс жерге тұрақты тұруға кетуі;
    3) Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалтуы;
    4) кеңес мүшесіне қатысты қылмыс не қасақана қылмыстық теріс қылық жасағаны үшін соттың айыптау үкімі заңды күшіне енуі;
    5) кеңес мүшесі қайтыс болған, кеңес мүшесін хабарсыз кетті деп тану туралы сот шешімі не оны қайтыс болды деп жариялау туралы сот шешімі заңды күшіне енуі;
    6) кеңес құрамынан шығу туралы жеке өтініші;
    7) кеңес өкілеттігінің тоқтатылуы;
    8) өз міндеттерін жүйелі түрде орындамауы, сондай-ақ кеңес регламентін қатарынан екі реттен артық бұзуы жағдайларында тоқтатылады.
    Осы баптың 3-тармағында көрсетілген негіздер бойынша кеңес мүшесінің өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы шешім отырыста қатысып отырған кеңес мүшелерінің жалпы санының көпшілік даусымен қабылданады.

21-бап. Кеңес актілері

  1. Кеңес өз құзыретіндегі мәселелер бойынша «Құқықтық актілер туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес кеңес шешімі нысанындағы актілерді, соңдай-ақ өзге де актілерді қабылдайды.
    Кеңес шешімі оның отырысына қатысып отырған кеңес мүшелерінің көпшілік дауысымен қабылданады.
  2. Кеңестің өз құзыреті шегінде және азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты қабылдаған шешімдері Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен ресми жариялануға тиіс және тиісті аумақта орындалуға міндетті.
  3. Аудандық маңызы бар қаланың, ауылдың, кенттің, ауылдық округтің бюджет кірістерін қысқартуды немесе бюджет шығыстарын ұлғайтуды көздейтін кеңес шешімдерінің жобалары аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің оң қорытындысы болған кезде ғана отырыстың қарауына енгізілуі мүмкін.
  4. Кеңестің азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты шешімдер қабылдауы «Құқықтық актілер туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады.
    5 Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарына сәйкес келмейтін кеңес шешімдерінің күшін кеңеспен немесе сот тәртібімен жойылады.

22-бап. Қалалық өзін-өзі басқару кеңесі

  1. Қалалық өзін-өзі басқару кеңесі республикалық маңызы бар қаланың, астананың және облыстық маңызы бар қаланың аумағында құрылады және жұмыс істейді.
    Қалалық өзін-өзі басқару кеңесінің өкілеттік мерзімі төрт жылды құрайды.
    Қалалық өзін-өзі басқару кеңесін қалыптастыру үшін республикалық маңызы бар қаланың, астананың және облыстық маңызы бар қаланың аумағы округтерге, ал округтер участкелерге бөлінеді. Округтер мен учаскелердің шекаралын тиісті мәслихат айқындайды.
    Қалалық өзін-өзі басқару кеңесінің құрамы учаскелерінің өкілдері қатарынан бір округінен бір өкілден құрылады.
    Әрбір учаскесінен, өзін-өзі ұсыну жолымен ұсынылған осы учаскенің тұрғындары арасынан сайланады.
    Бір сайлау округінің құрамына кіретін учаскелерінің өкілдері қалалық өзін-өзі басқарудың округтік кеңесін құрады.
    Қалалық өзін-өзі басқарудың округтік кеңесі тиісті учаске (округі) тұрғындарының мүдделерін білдіреді.
    Қалалық өзін-өзі басқарудың округтік кеңесі мүшесінің өкілеттігі тоқтатылған жағдайда, өкілеттігін тоқтатқан адамның орнына округтік кеңестің жаңа мүшесін рәсімі осы бапта белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
    Қалалық өзін-өзі басқару кеңесінің құрамы қалалық өзін-өзі басқарудың округтік кеңесі мүшелерінің қатарынан, бір округінен бір өкіл ашық дауыс беру жолымен қалалық өзін-өзі басқарудың округтік кеңесі мүшелерінің жалпы санының көпшілік даусымен құрылады.
  2. Қалалық өзін-өзі басқару кеңесінің жаңа құрамын қалыптастыру рәсімі осы бапта белгіленген тәртіпке сәйкес қалалық өзін-өзі басқару кеңесінің жұмыс істейтін мүшелерінің өкілеттік мерзімі аяқталғанға дейін екі ай бұрын басталады.
  3. Қалалық өзін-өзі басқарудың округтік кеңесіне сайлауға кәмелетке толмаған адамдардың, сот әрекетке қабілетсіз, әрекет қабілеті шектеулі деп таныған, сот үкімі бойынша бас бостандығынан айыру орындарындағы адамдардың, сондай-ақ жұмыс істеп жүрген депутаттар мен мемлекеттік қызметшілердің қатысуға құқығы жоқ.
  4. Қалалық өзін-өзі басқару кеңесінің жұмыс тәртібі қалалық өзін-өзі басқару кеңесінің бірінші отырысында бекітілетін оның регламентпен айқындалады.
  5. Қалалық өзін-өзі басқару кеңесі жұмысының негізгі нысаны отырыстар болып табылады.
  6. Қалалық өзін-өзі басқару кеңесінің және оның мүшелерінің міндеттері:
    1) жергілікті қоғамдастықтың басым міндеттерін және оларды іске асыру мерзімдерін айқындау;
    2) жергілікті маңызы бар мәселелер бойынша жергілікті өкілді және атқарушы органдармен, біріккен мүлік меншік иелерінің және көппәтерлі тұрғын үйлердің жай серіктестіктерінің өкілдерімен өзара іс-қимыл жасау;.
    3) қалалық өзін-өзі басқару кеңесінің шекарасы шегінде құқық бұзушылықтардың профилактикасы, учаскелік полиция инспекторларының жұмысын жақсарту, абаттандыру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, санитариялық жай-күй, экология мәселелері бойынша ұсыныстарды өкілді және атқарушы органдардың қарауына енгізу;
    4) петицияға қол жинау және оны мәслихаттың қарауына жолдау;
    5) қалалық өзін-өзі басқару кеңесінің ережесінде айқындалған басқа мәселелер.
  7. Қалалық өзін-өзі басқарудың округтік кеңесі мынадай функцияларды жүзеге асырады:
    1) кейіннен қалалық өзін-өзі басқару кеңесінің қарауы үшін жергілікті маңызы бар мәселелерді жинау және қорыту;
    2) азаматтарды тұрғын үйлер мен үй маңындағы аумақтардың сақталуын, пайдаланылуын, жөнделуін, абаттандырылуын жақсарту мәселелерін шешуге тарту;
    3) жер комиссиясының құрамына қатысу.
  8. Қалалық өзін-өзі басқару кеңесінің шешімі хаттама түрінде ресімделеді, жергілікті мемлекеттік басқару органдарына жіберіледі, сондай-ақ жиырма жұмыс күн ішінде оларды қарау үшін міндетті болып табылады.
  9. Қалалық өзін-өзі басқару кеңесі мен қалалық өзін-өзі басқарудың округтік кеңесі мүшелерінің қызметі қоғамдық негізде жүзеге асырылады.
  10. Қалалық өзін-өзі басқару кеңесі мен қалалық өзін-өзі басқарудың округтік кеңесі заңды тұлға құқығына ие емес.

23-бап. Қалалық өзін-өзі басқару кеңесінің төрағасы

  1. Қалалық өзін-өзі басқару кеңесінің төрағасын кеңес өз мүшелерінің арасынан сайлайды.
  2. Қалалық өзін-өзі басқару кеңесінің төрағасы кеңестің бірінші отырысында кеңес мүшелерінің жалпы санының көпшілік даусымен ашық дауыс беру арқылы сайланады.
  3. Қалалық өзін-өзі басқару кеңесі төрағасының функционалдық міндеттеріне:
    1) облыс, республикалық маңызы бар қала, астана және облыстық маңызы бар қала әкімінің аппаратымен қалалық өзін-өзі басқару кеңесінің ұйымдастырушылық қызметін қамтамасыз ету бойынша, республикалық маңызы бар қаланың, астананың және облыстық маңызы бар қаланың мәслихатымен, сондай-ақ ұйымдармен және қоғамдық бірлестіктермен өзара іс-қимыл жасау;
    2) қалалық өзін-өзі басқару кеңесінің отырысын өткізу туралы шешім қабылдау және оны жүргізу;
    3) қалалық өзін-өзі басқару кеңесі мүшелерінің өз өкілеттіктерін жүзеге асыруына жәрдемдесу;
    4) қалалық өзін-өзі басқару кеңесі мүшелерінің сұрау салуларды қарауын бақылау;
    5) қалалық өзін-өзі басқарудың округтік кеңестерінің қызметін үйлестіру;
    6) қабылданған шешімдердің орындалуын бақылау жөніндегі шараларды айқындау;
    10) Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру жатады.
  4. Қалалық өзін-өзі басқару кеңесінің төрағасы болмаған кезде оның өкілеттіктерін қалалық өзін-өзі басқару кеңесінің отырысында көпшіліктің шешімі бойынша қалалық өзін-өзі басқару кеңесінің мүшесі уақытша жүзеге асырады.
  5. Егер кеңес отырысында дауыс беру кезінде кеңес мүшелерінің дауыстары тең бөлінген жағдайда қалалық өзін-өзі басқару кеңесінің төрағасы не оны алмастыратын адам шешуші дауыс құқығын пайдаланады.

24-бап. Қалалық өзін-өзі басқару кеңесі мен оның мүшелерінің өкілеттіктерін тоқтату негіздері

  1. Қалалық өзін-өзі басқару кеңесінің өкілеттіктері:
    1) осы Заңда белгіленген өкілеттіктер мерзімі аяқталған;
    2) кеңес жергілікті қоғамдастық жиынына қатысушылардың кемінде үштен екісінің тарату туралы шешім қабылдау;
  2. Жергілікті қоғамдастық жиыны қалалық өзін-өзі басқару кеңесінің отырысында жергілікті қоғамдастық жиыны қатарынан екі реттен артық айқындаған мәселелер қараусыз қалдырылған және/немесе енгізілмеген жағдайларда қалалық өзін-өзі басқару кеңесі мүшесінің өкілеттіктерін тоқтату туралы мәселеге бастамашылық жасайды.
  3. Қалалық өзін-өзі басқару кеңесі мүшесінің өкілеттіктері:
    1) мемлекеттік қызметке кірген;
    2) тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің шегінен тыс жерге тұрақты тұруға кеткен;
    3) Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалтқан;
    4) қалалық өзін-өзі басқару кеңесінің мүшесіне қатысты қылмыс не қасақана қылмыстық теріс қылық жасағаны үшін соттың айыптау үкімі заңды күшіне енген;
    5) қалалық өзін-өзі басқару кеңесінің мүшесі қайтыс болған, қалалық өзін-өзі басқару кеңесінің мүшесін хабарсыз кетті деп тану туралы сот шешімі не оны қайтыс болды деп жариялау туралы сот шешімі заңды күшіне енген;
    6) қалалық өзін-өзі басқару кеңесінің құрамынан шығу туралы жеке өтініші;
    7) қалалық өзін-өзі басқару кеңесінің өкілеттіктері тоқтатылған жағдайларда;
    8) өз міндеттерін жүйелі түрде орындамағаны, сондай-ақ қалалық өзін-өзі басқару кеңесінің регламентін қатарынан екі реттен артық бұзғаны үшін тоқтатылады.
    Осы баптың 3-тармағында көрсетілген негіздер бойынша қалалық өзін-өзі басқару кеңесі мүшесінің өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату туралы шешім отырыста қатысып отырған қалалық өзін-өзі басқару кеңесі мүшелерінің жалпы санының көпшілік даусымен қабылданады.

25-бап. Жергілікті өзін-өзі басқару органдары мүшелерінің құқықтары мен міндеттері

  1. Жергілікті өзін-өзі басқару органдары мүшелерінің:
    1) осы Заңда белгіленген тәртіппен жергілікті өзін-өзі басқаруды жүзеге асыруға;
    2) кеңесті және қалалық өзін-өзі басқару кеңесін сайлауға және оның төрағасы болып сайлануға;
    3) кеңестің құрылатын уақытша мониторингтік комиссияларының құрамына кандидатураларды, оның ішінде өзінің кандидатурасын да ұсынуға;
    4) жергілікті қоғамдастық мүшелерімен кездесулер өткізуге;
    5) жергілікті қоғамдастық жиындарына қатысуға;
    6) кеңестің, қалалық өзін-өзі басқару кеңесінің отырысында азаматтардың қоғамдық маңызы бар өтініштерін жария етуге;
    7) тиісті жргілікті атқарушы орган тапсырыс беруші болып табылатын тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық объектілерін салу және жөндеу барысының мониторингіне қатысу;
    8) осы Заңда және Қазақстан Республикасының басқа да заңнамалық актілерінде көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқығы бар.
    1-1. Кеңес аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімін аудан (облыстық маңызы бар қала) мәслихатының алдында қызметтен босату туралы мәселеге бастамашылық жасауға құқылы.
  2. Жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелері:
    1) тиісті аумақта тұруға;
    2) жергілікті қоғамдастық мүшелерінің оған келіп түскен өтініштерін қарауға;
    3) қоғамдық пікірді, азаматтардың, қоғамдық және басқа да ұйымдардың қажеттіліктері мен сұраныстарын зерделеуге, олар туралы кеңеске, қалалық өзін-өзі басқару кеңесіне хабарлауға;
    4) жергілікті қоғамдастық мүшелерінің құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуын қамтамасыз етуге;
    5) өз қызметін жүзеге асыру кезінде ашықтық және айқындық, қоғамдық пікірді ескеру қағидаттарын ұстануға, жергілікті қоғамдастық мүшелерінің жергілікті өзін-өзі басқару органдарының отырыстарына еркін қатысу мүмкіндігін қамтамасыз етуге;
    6) жергілікті қоғамдастық мүшелерінің жергілікті маңызы бар мәселелерді шешуге қатысуын қамтамасыз етуге;
    7) Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңнамасын сақтауға;
    8) Қазақстан халқының бірлігін, елдегі ұлтаралық және конфессияаралық келісімді нығайтуға ықпал етуге;
    9) мемлекеттік тілге және басқа тілдерге, Қазақстан халқының
    салт-дәстүрлеріне құрметпен қарауға және олардың дамуына ықпал етуге;
    10) жалпымемлекеттік ішкі және сыртқы саясатқа, оның ішінде қаржылық және инвестициялық саясатқа сай келмейтін шешімдердің қабылдануына жол бермеуге;
    11) қызметтің қоғамдық маңызы бар салаларында белгіленетін жалпымемлекеттік стандарттарды сақтауға міндетті.

5-тарау. Жергілікті өзін-өзі басқарудың қаржы-экономикалық негіздері

26-бап. Жергілікті өзін-өзі басқарудың қаржы-экономикалық негіздері
Жергілікті өзін-өзі басқарудың қаржы-экономикалық негізін:
1) аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ бюджеті;
2) жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық заңды тұлғаларына бекітілген коммуналдық мүлік;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық меншігіндегі өзге де мүлік құрайды.

27-бап. Аудандық маңызы бар қаланың, ауылдың, кенттің, ауылдық округтің мүлкін иелену, пайдалану және оған басшылық ету

  1. Аудандық маңызы бар қаланың, ауылдың, кенттің, ауылдық округтің меншігінде осы Заңда белгіленген жергілікті маңызы бар мәселелерді шешуге арналған мүлік болуы мүмкін.
  2. Аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің аппараты әкімшілік аумақтық бірлік атынан Қазақстан Республикасының заңдарына және оларға сәйкес қабылданатын жергілікті өзін-өзі басқару органдарының нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес аудандық маңызы бар қаланың, ауылдың, кенттің, ауылдық округтің коммуналдық мүлкін дербес иеленеді, пайдаланады және оған басшылық етеді.
    Кеңес аудандық маңызы бар қаланың, ауылдың, кенттің, ауылдық округтің коммуналдық мүлкін қалыптастыру, есепке алу, басқару және оған басшылық ету тәртібін айқындайды.
    Аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің аппараты Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ мүлкінің (оның ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен иесіз деп танылған) тізілімін жүргізеді.

6-тарау. Қорытынды ережелер

28-бап. Осы Заңның өзге де заңнамалық актілермен арақатынасы және оның ережелерін іске асыру тәртібі

  1. Осы Заңның ережелері Қазақстан Республикасында жергілікті өзін-өзі басқаруды қамтамасыз етудің жекелеген бағыттары мен тетіктерін регламенттейтін өзге де нормативтік құқықтық актілерді қабылдау үшін негіз болып табылады.
  2. Осы Заң күшіне енген кезде қолданылып жүрген Қазақстан Республикасының заңнамасы оған қайшы келмейтін бөлігінде қолданылады және ол күшіне енген күннен бастап бір жыл ішінде осы Заңға сәйкес келтірілуге тиіс.

Қазақстан Республикасының
   Президенті

Мәліметпен бөлісу: