Қай жерде мейлі, қай елде,
Әлемнің мәні әйелде…
Расымен де, жанұядағы тылсым жылылықтың бір себез нұрын сыртқа төкпей, ошақ қасында отбасының бағын ұстап отырған әйелдердің орны ерекше. Дала ділмарлары атанған дана бабаларымыз әлмисақтан әйелдің ұлттық болмыс пен ұрпақ тәрбиесіндегі орнын екшеп, ерекше құрметке бөлеген. Содан да болар, «Анаңды меккеге арқалап апарсаң да қарызын өтей алмайсың», «Жұмақ ананың табанының астында» деген тәмсілдері өмір салтынымызға сіңісті болған.
Замана заңғарынан айналамызға үңілсек көркемдік пен әсемдік, махаббат пен іңкәр сезім тікелей нәзік жандылармен сабақтасып жатқанын байқаймыз. Қарт тарихтың өзі біздің мемлекет ретінде тұғыр көтеруіміздің жолында есімі елімен бірге аталып, дүйім жұртшылықтың риясыз құрметін еншілеген талай әйелдерді тізбектеп бере алады. Сары құрлықты тұлпарының тұяғымен тұқыртып ұстаған сақ дәуріндегі Томирис ханшайымнан тамыр тартып, жылдар бедерімен бергіге ойыссақ, есімі Мөде, Еділ қағандармен қатар аталатын Зарина патшайым, қазақ қағанатының байрағын көтеріп, байтақ жеріміздің төрінде шаңырағымызды тектеген Жәнібек ханның жары, құрсағына құт ұялап, Қасым ханды дүниеге әкелген Жаған бегім, кіші жүз билеушісі Әбілқайырдың серігі, ел басқаруда өзіндік өтімді сөзімен танылған Бопай ханым, Бәйдібек бидің өмірлік қосағы болған, сәугейлігі бір төбе, көріпкелдігі мен кемел ақылы бір төбе Домалақ ана, қазақтың бас батыры Қабанбайдың қасында жүріп, талай шайқаста ерлік көрсеткен жұбайы Гаухар батыр, осы ананың құрсағында жетілген Қабанбайдың қызы Назым батыр, Отырар билеушісі Қайыр ханның әпкесі, бұқара арасында беделі асқақ аталатын Терхем ханым, Иван Грозный кезінде Ресейге жеті мәрте жорық жасап, Қазан қаласын қорғауда қолбасшы болған Сүйінбике, Көшім ханның тұсында орыс басқыншыларына қарсы сұрып, Ермактан Еске қаласын қорғауда ерлік көрсетіп, тұтқынға түспес үшін өзін өзі өлтірген Сүзге ханым, орыс патшасы Николай І-нің өзі құрметке бөлеген Жәңгір ханның әйелі Фатима ханша, жоңғар апқыншылығына тойтарыс беруде ерлермен қатар семсерімен сауыт сөккен Абылай ханның қызы
Айтолқын, Қарасай батырдың қызы Есенбике, Бұланбай батырдың қызы Айбике, Ресейге қарсы ұлт-азаттық көтерілістерін бастап, басқарған батыр қыз Сапура Мәтенқызы, Ұлы Отан соғысы кезінде Кеңестің кеңістігінде әйгілі болған Мәншүк Маметова мен Әлия Молдағұлова, алып әуе құралын тізгіндеп, жауға жойқын соққы бере білген Хиуаз Доспанова, қазақ қыздарына арналған алғашқы мектептер ашуда ерен еңбегімен елдің құрметін алған ұстаз Хұснижамал Нұралыхановалар жалпы ұлттық мүддені қорғау мен қалыптасуымызда аттары алтын әріппен жазылды.
Бергіге ауыссақ, мәдениет, әдебиет, өнер мен ғылым, медицина мен білім салаларында еңбек еткен нәзік жандылардың үлесі де қомақты. Тіптен, Ұлы Отан соғысы кезінде ерлердің барлығы майдан даласында жүргенде,тылда тынбай қызмет еткен еңбеккерлердің басым бөлігі де – әйелдер. Ауыздарына артық түйір дән салмай, «Барлығы майдан үшін» деген ұранмен жеңісті жақындатуда жан берді. Бұл – ерлік емей, өрлік емей немене?!
Қарап тұрсаңы әйел затының адамдық қасиеттердің өрістеуіне ғана, күллі мемлекеттің іргетасын қалауына қосқан үлесі ерлерден қарыс адым кем емес. Яғни, бүгінгі күні «Гендерлік теңдік» түсінігің проблемалық мәселе ретінде көтерлуі болмысымызға жат екендігінің дәлелі. Демек, тарихтың қай өткелін алмасақ та қазақ үшін әйел мен ердің беделі бір, құқығы тең. Жаңа заманның жаңаша мүмкіндіктерінің көкжиегі кеңейген кезеңде нәзік жандылардың қай салада болса да ерлерден бір табан төмен тұр деуіміз өткенімізге жасаған қиянат.
Жалпы, қазіргі қоғамның барлық саласындағы жұмыстарға әйелдердің араласуы үйреншікті жағдай. Яғни, қызметтеің қай түрі болмасын «ердікі, қыздікі» деп бөлуіміз де азайды. Осыдан кейін, отбасын жеткізу, жетілдіру, нәпақа табу ісінде жүкті ермен қатар әйелі де тең көтеруде. Алайда, жанұядағы жылылықтың кепілі болып отырған аналарымыздың қоғамдағы теңдігі кейде лайықты бағаланбай, кемсітуге тап болып жататынын да байқаймыз. Күйеуінен теперіш көрген әйелдің құқығы тиісті қаралмай қалуы қоғамдық мәселе деп білемін. Бұл ретте 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы кемшін тұстарды түзетуде көп көмегін тигізуде. Оның басты мақсаты – әйелдің мәртебесін көтеру арқылы отбасы құндылығын арттыру.
Отбасында серігінен опа таппай, опық жеп жүрген нәзік жандылардың мысалын көптеп кезіктіреміз. Алайда, әйелдерге көрсетілетін әлімжеттіктің біразы көпке беймәлім. Көбісі көрпе астына көмулі қалпында көпшілікке жетпейді, көрмедік, білмедікпен шектеледі. Ал адам капиталын дамытуға ден қойып отырған мемлекетіміз үшін әйелдердің теңдігі мәселесі маңызды болып отыр. Бір қолымен бесікті, екіншісімен әлемді әлдиіне бөлеп отырған жандардың айналсына шуақ сыйлап, алыс пен жақынды табыстыруда, бар мен жоқты үйлестіруде, ағайынның аразын қосып, арасын жақындатуда, ұрпаққа ұлағатты тәрбие беру мен ұлттық болмысты сақтауда орны ерекше. Бұл – қазақ қоғамында ертеден қалыптасқан идеология.
Бұдан түйетініміз тарихта төңкеріс жасауда, бүгініміздің бұрынғымыздан бақуатты, болашағымыздың бүгінгіден баянды болуын әйел затынсыз елестету қиынның қиыны.
Әйелмен құның өлшенер,
Құдайдан кейін сол шебер..! – деп, айтыс өнерінің тынысын кең қылған Жүрсін ағамыз жырлағандай, ең алдымен Жаратқан жаппар иеміздің қалауымен анамыздың құрсағына бітіп, тоғыз ай нәрін бойымызға сіңіріп, екі жыл ақуызынан дәрумен алып, өміріміздің соңына дейін жүрегінде сақталамыз.
Алмат ЕСЕНБЕКОВ.