Бұл тақырып Қазақстанда көптен бері қызу талқыға түсіп келе жатқан өзекті мәселелердің бірі.
Тоқаевтың жолдауында АЭС салудың негізгі мақсаты — Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Елімізде электр энергиясына деген сұраныс үнемі артып келеді, ал дәстүрлі энергия көздері сарқылуға бет алған. Осы тұрғыдан АЭС салу жаңа энергия көздерін іздеудің бір жолы болып табылады. Қазақстанда үлкен уран қоры бар болғандықтан, АЭС-ті ел ішінде пайдалану экономикалық тұрғыдан тиімді шешім.
Атом энергиясы экологиялық таза әрі көмірсутек көздерін пайдалануға қарағанда қоршаған ортаға аз зиян тигізеді. Бұл фактор Қазақстанның экологиялық жағдайын жақсарту мақсатында маңызды болып табылады. Алайда, АЭС-ке байланысты экологиялық тәуекелдерді де ескеру қажет:
-Радиациялық қауіптер және мүмкін болатын апаттар. Чернобль мен Фукусима апаттары АЭС-тердің қауіпсіздігі мәселесін күшейтті.
-Атом қалдықтарын қауіпсіз түрде жою мәселесі де өте күрделі.
Қазақстанда АЭС салуға қатысты қоғамда әртүрлі пікірлер бар. Кейбіреулер АЭС салу экономикалық өсім мен энергетикалық қауіпсіздікке оң әсер етеді деп санаса, басқалары экологиялық және қауіпсіздік тұрғысынан қарсылық білдіреді. Халықтың АЭС-ке сенімін арттыру үшін үкімет ашық диалог жүргізіп, қауіпсіздік шаралары жөнінде толық ақпарат беруі қажет деп ойлаймын.
АЭС салу мәселесінде Тоқаев шетелдік тәжірибені қолдануды ұсынды. Бұл дұрыс қадам болуы мүмкін, себебі дамыған елдерде атом энергетикасын қауіпсіз пайдалану технологиялары жақсы дамыған. Дегенмен, шетелдік серіктестермен жұмыс істеу барысында ұлттық мүдделерді қорғау, қауіпсіздік стандарттарын қатаң сақтау маңызды аспекті болып табылады.
АЭС салу — ұзақ мерзімді инвестиция. Алғашқы шығындары жоғары болғанымен, АЭС ұзақ мерзімді перспективада экономикалық тиімді болуы мүмкін. Электр энергиясының тұрақты бағасы мен оның жеткілікті көлемін қамтамасыз ету Қазақстанның өндірістік саласына оң ықпал етеді. Бұл елдің энергетикалық тәуелсіздігін нығайтып, шетелдік инвесторларды тартуға мүмкіндік береді.
АЭС-ті балама энергия көздерімен салыстыру да маңызды. Қазақстанда жел, күн энергиясын пайдалану мүмкіндіктері бар. Дегенмен, балама энергия көздері әзірге тұрақты және үлкен көлемде энергия өндіру үшін жеткіліксіз болып отыр. Сондықтан АЭС салу осы мәселені шешудің бір жолы ретінде қарастырылуда.
Тоқаевтың АЭС салу туралы ұсынысы Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін арттыруға бағытталған стратегиялық шешім болып табылады. Алайда, бұл бастаманың сәтті жүзеге асуы үшін қауіпсіздік, экология, қоғамдық пікір, экономикалық тиімділік секілді маңызды факторлар ескерілуі тиіс деп ойлаймын. Қоғам мен үкімет арасында ашық диалог жүргізіліп, АЭС-тің елдің болашағына пайдасы мен ықтимал қауіптері жан-жақты талқылануы керек екендігі анық.
Нұсіпханов Жасұлан Қайратұлы, электр жабдықтары мамандығы бойынша арнайы пән оқытушысы, Алакөл көпсалалы колледжі