Алматы облысында Ауған соғысы ардагерлеріне құрмет көрсетілді

Жалындап тұрған 17-18 жастарында Ауған соғысына қатысып, ар-ожданның алдында аласармай, қатерлі күндерде қаймықпаған батырларымыздың ерліктері ешқашан ұмытылмақ емес. Осыған орай облыс әкімінің орынбасары Ақан ӘБДУӘЛИЕВ Ауған соғысына қатысқан 88 ардагер мен қаза тапқан жауынгерлердің ата-аналарын қабылдап, құрмет көрсетті, — деп хабарлайды өңірлік коммуникациялар қызметі. 

Зұлмат соғыстың зобалаңы – әр халықтың болсын, ұлттың немесе мемлекеттің таным түкпірі мен сана сандығында сақталып тұрары жасырын емен. Біз өткенімізді ұмытпай, ұлықтай алсақ қана, тарих алдындағы жауапкершілігімізден құтыла алатынымыз мәлім. Осы ретте Отан үшін от кешкен отандастарымызға облыс басшылығы«Құрмет» грамотасымен, алғыс хаттармен және арнайы медальдар табыстады.

Биыл Кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 30 жыл толып отыр. Сол жылдардан бері жарты ғасырға жуық уақыт өтсе де жүздеген жылаған жүректерде қайғы бұлты әлі де сейілген жоқ. Ерлік пен өрліктің белгісін көрсеткен интернационалист жауынгерлер кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге бола білді. Бүгінде Ауған соғысының от-жалынында шыңдалған ардагерлердің бірі келешек ұрпаққа әскери-патриотиоттық тәрбие берсе, енді бірі өнеркәсіп, өндіріс, шағын және орта бизнес саласында облыстың экономикалық-әлеуметтік дамуына үлес қосуда. Осы орайда сіздерге болашақ ұрпақты, жастарды Отанды сүюге, ұлтжандылыққа тәрбиелеу ісіндегі қызметтеріңіз үшін шынайы ризашылық білдіремін, — деген Ақан ӘБДУӘЛИЕВ соғыста қаза болған азаматтарды еске алып, олардың ата-аналарына қайғыра көңіл айтты.

Шара соңы Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясының ұйымдастыруымен өткен концертпен аяқталды.

Темірлан АЙТБАЕВ

Мәліметпен бөлісу: