Алматы облысында инклюзивті білім беру жүйесі оң белес алуда

Қазіргі таңдағы әлем жұртшылығының назарын аударып отырған мәселенің бірі ерекше білім беруді қажет ететін балаларды қоғамнан шеттетпей, отбасының қасында білім алуы болып отыр. Осы жаһандық мәселенің шешімін ғалымдар инклюзивті білім беру жүйісін қалыптастыру деп баға берді.

Инклюзивтік білім беру дегеніміз – барлық балаларды, соның ішінде мүмкіндіктері шектеулі балаларды жалпы білім үрдісіне толық енгізу және әлеуметтік бейімдеуге, баланың түзеу-педагогикалық және әлеуметтік мұқтаждықтарына арнайы қолдау яғни, жалпы білім беру сапасы сақталған тиімді оқытуға бағытталған мемлекеттік саясат.Инклюзивті білім беру немесе «білім баршаға» бағдарламасы – барлық балаларға мектепке дейінгі оқу орындарында, мектепте және мектеп өміріне белсене қатысуға мүмкіндік береді. Бұл бағдарламаны Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы мақұлдап, БҰҰ-ның Конвециясына 2006 жылдың 13 желтоқсанында енгізілген.

Айта кету керек,мұндай білім беру мәселесі шет елдерде 1970 жылы қолға алынса, Қазақстанда «Қазақстан Республикасының Білім беруді дамытудың 2010-2020» жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында қарастырылған.

Бүгінде арнайы білім берудің осы түрі Алматы облысында баса назар аударылуда. Жалпы аймақта 2006 жылдан бері білім саласында мүмкіндігі шектеулі балаларға әлеуметтік және медициналық- педагогикалық түзеу арқылы қолдау көрсету, оқытумен қамту мақсатында 7 психологиялық-медициналық педагогикалық консультациялар, 15 психологиялық-педагогикалық коррекциялық кабинеттер, 7 арнайы мектеп-интернаттар ашылып белсенді жұмыс жасайды.

Облыста барлығы 444 оқу орнында кедергісіз орта, яғни 67 балабақша, 329 мектеп, 57 колледж, ол барлық білім беру ұйымдарының жалпы санын алғанда 31 % -ын құраған. Соңғы екі жылдың қорытындысы бойынша 49 арнайы мектепте 2228 оқушы инклюзивті біліммен қамтылған .

Алматы облысының білім басқармасының мектепке дейінгі, мектептен тыс және интернаттық мекемелер бөлімінің басшысы ГүлжанЕлубаеваның айтуынша жыл соңына дейін инклюзивті білім беретін 100 маманды жұмысқа тарту көзделді дейді.

«Экологиялық жағдай мен әлеуметтік мәселелерге байланысты қазіргі таңда инклюзивті білім беруді қажет ететін балалар саны өкінішке орай күннен- күнге өсуде. Осыған қарамасан, мемлекет балаларға қажетті мұндай ортаны 100 % -ға дейін қалыптастыруды міндеттеді. Осы мақсатта ағымдағы жылдың соңына дейін арнайы білім беру мекемелеріне 100 маман қабылдау жоспарланып отыр», – дейді ол.

Сонымен қатар, аталмыш психологиялық кабинеттермен мектептерде баланы оңалту жұмыстары 1 балаға 3 айға дейін жүргізіліп, процесс барысы ата-аналар қатысуымен өтеді. 105 күндік сараптама қорытындысы бойынша балаға қандай білім берілуі тиіс және қандай мекемеде ем алатыны анықталды.

Инклюзивті бағыт мүмкіндігі шектеулі балаларды оқуда жетістікке жетуіне ықпал етіп, жақсы өмір сүру мүмкіншілігін қалыптастырады. Сондай-ақ, оқушыларды адамгершілікке, ізгілікке, қайырымдылыққа тәрбиелейді.

 

Меруерт Махмұтжан

Мәліметпен бөлісу: