Талдықорғанда соңғы бірнеше жылдағы ең ірі нысандардың бірі – олимпиадалық типтегі жабық жүзу бассейнінің құрылысы аяқталды.
Осындай ауқымды нысанның салтанатты ашылуы Астана күнінде өтті. Іс-шараға бокстан Олимпиада чемпионы Ермахан Ибраимов, Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, жүзуден Қазақстан Республикасының бірнеше дүркін чемпионы Мария Федотова, кәсіби күрескер Ардақ Назаров, ауыр атлет Илья Ильин қатысты.
Жетісу өлкесінің спорт қауымдастығы бассейннің ашылуын асыға күтті. Жоба мемлекеттік-жеке меншік серіктестік аясында жүзеге асырылды, ал оның іске асырылу барысын облыс басшысы жеке өзі қадағалады. Іргетасын қалаудан бастап, іргелес аумақты абаттандыруға дейінгі жұмыстардың барлығы аймақ басшысының назарынан тыс қалған жоқ.
«Бүгінгі ашылып отырған заманауи жүзу бассейні – көздің жауын алады. Аталған ғимарат қаланың төрінде 3,8 га жерге қанатын жайды. Бұл ғимараттың жалпы ауданы – 13 мың шаршы метрден асады. Жүзу бассейнінің құрылысына 11,4 млрд. теңгеден астам қаражат жұмсалды.Мұндай әсем де, әдемі, зәулім спорттық нысанның бой көтеруі – ел экономикасы дамуының айқын көрінісі»,– деді облыс әкімі Амандық Баталова.
Айта кетейік, Жетісдағы бүкіл республика бойынша теңдесі жоқ жаңа нысан қаланың оңтүстік-батыс тұрғын алабында орналасқан. Жабық бассейннің жалпы ауданы — 27 мың шаршы метрді құрайды. Онда әлемдік стандарттарға сәйкес келетін 3 бассейн бар. Олардың бірі, ұзындығы 50 метр, жүзу, аквааэробика, су добы және синхронды жүзу бойынша оқу-жаттығу сабақтарына арналған. Ал екіншісі-биіктігі 5-тен 10 метрге дейін суға секіру үшін. Онда республикалық және халықаралық деңгейдегі жарыстар өтеді, оларды амфитеатр түріндегі мінбелерден 500-ден астам адам бақылай алады. Сарапшылардың айтуынша, ғимараттың сәулеті көрермендер жүзушінің әр қимылын қадағалай алатындай етіп жоспарланған.
Жарыстан бос уақытта Талдықорған тұрғындары мен қонақтарының игілігі үшін әмбебап бассейн жұмыс істейтін болады. Мұнда жүзудің барлық түрлері үшін жағдай жасалған. Балалар мен әлеуметтік аз қамтылған тұрғындар үшін жекелеген жағдайлар жасалған.
Алдағы таңда облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының хабарлауынша, ватерполо мен синхронды жүзуден қалалық және облыстық командалар құрылады. Осылайша, спорттың су түрлері бойынша болашақ чемпиондарды тәрбиелеу жолында біршама жұмыстар атқарылады. Күніне бассейн 750 адамға дейін қабылдай алады.
«Жалпы, біздің облыста спортты дамытуға және салауатты өмір салтын қалыптастыруға, әсіресе жас ұрпақ арасында ерекше көңіл бөлінетінін атап өткім келеді. Мәселен, өткен жылдың өзінде Жетісуда онға жуық спорт нысаны пайдалануға берілді. Жетісулықтар үшін аса маңызды нысанның бүгінгі ашылуы — тарихи сәт, Талдықорғанның су спортының астанасы болу жолындағы Алғашқы қадамдарымыз. Жерлестеріміз әлі де су спорты түрлерінің шыңдарын бағындыратынына сенемін», – деді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбақыт Теңізбаев.
Бассейннің ашылуын қала тұрғындары да асыға күтті. Құрылыс алаңынан өтіп бара жатып, оның ауқымдылығына назар аудармау мүмкін емес. Бұл шынымен де көптен күткен және қуанышты сәт. Сондықтан да, талдықорғандықтар бірегей нысанның ашылуына отбасымен келген.
- Ең алдымен немерелерімді жүзуге жазамын. Заманауи бассейн жас спортшыларға ерекше мүмкіндік береді. Балалар жоғары деңгейде жаттығады. Спорт ғимаратының өзі Талдықорғанның тағы бір бойтұмары болады деп ойлаймын»,- дейді қала тұрғыны Айман Тұңғышбайқызы.