Алматы облысының тауар өндірушілері мен ірі сауда желілері арасында өнімді тікелей өткізу туралы келісім жасалды. Бұл туралы күнбағыс майы, күріш және сиыр етін өндірушілері, ірі сауда желілері және Алматы облысы мен Алматы қаласының әкімдіктері арасында жасалған меморандумға қол қою барысында белгілі болды.
«Жетісу» ӘКК» ӨДИ» АҚ ұйымдастырған кездесуде «Жетісу» ӘКК Басқарма төрағасының орынбасары Азамат Рахимов, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Мақсат Кикимов бастаған делегация Талдықорған қаласы мен Балқаш ауданының кәсіпорындарында болып, ірі сауда желілеріне әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын тікелей жеткізу туралы келісімдерге қол жеткізді. Өнім алматылықтар мен Алматы агломерациясының тұрғындары үшін белгіленген баға бойынша қолжетімді болады. Корпорация өкілдерінің айтуынша, бұл шаралар Мемлекет басшысының әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру жөніндегі тапсырмасын іске асыруға бағытталған.
«Бұған дейін маусым айында «Жетісу» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы ауыл шаруашылығы өндірушілерімен, сауда желілерімен бірлескен кездесу ұйымдастырып, оның қорытындысы бойынша сүт және сүт өнімдерін, қант, жұмыртқа және басқа да азық-түлік өнімдерін тікелей жеткізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Біздің мақсатымыз -Алматы облысының өндірушілеріне сауда желілерімен өзара байланысты күшейтуге және өнімдерді өткізу бойынша келісімшарт жасауға көмектесу. Бүгін сондай-ақ «Жетісу Мажико» агрокешені» ЖШС, «Динара Ranch» ЖШС, «Бірлік Агрофирмасы» ЖШС, «Тамшы – бұлақ» ЖШС және «Magnum Cash&Carry», «Скиф Трейд» сияқты ірі сауда желілерінің өкілдері, өңірлер әкімдіктері арасында ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойылды», — деді «Жетісу» ӘКК Басқарма төрағасының орынбасары Азамат Рахимов.
Сонымен бірге жұмыс сапары аясында жергілікті тауарөндірушілерге мемлекеттік қолдау тетіктері, атап айтқанда, айналым қаражатын толықтыру үшін жеңілдетілген несиелендіру ұсынылды. Қаражат өндірілетін өнімнің өзіндік құнын төмендетуге және халық үшін тауарлардың қолжетімділігін арттыруға тиіс.
«Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасы бойынша мегаполистің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары қарқынды жалғасуда. Бұл ерекше бақылауда тұрған стратегиялық маңызды мәселе. Бүгін біз ет, май және күрішті жеткізу туралы меморандумға қол қойдық. Алдағы маусымаралық кезеңде 2021 жылдың қыркүйегінен 2022 жылдың сәуіріне дейін құны 2,5 млрд теңгеге 22 мың тонна көкөністі «форвардтық» сатып алу шартын жасастық», — деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Мақсат Кикимов.
Алматы облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын ұстап тұру мақсатында тұрақтандыру қорын толтыруға және кәсіпкерлік субъектілеріне, сауда кәсіпорындарына, сондай-ақ өңірдің тауарөндірушілеріне жеңілдетілген несие беру мақсатында бюджеттен 3 млрд теңге бөлінген. Несие алған кәсіпкерлік субъектілері бағаны ұстап тұруға міндеттенеді. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сатып алу және өткізу үшін «Toimart» ірі сауда желісі, «Когер Лтд» ЖШС, «Ақсайнан» ЖШС, «Ақсукант» ЖШС, «Ляззат-2016» ЖШС және басқа да өндірушілерге жеңілдетілген несие берілді.