Жылдың ең керемет мезгілі саналатын көктемнің жайма-шуақ күндерімен таласа келген Халықаралық әйелдер мейрамының жылдың дәл осы мерзімемен тұспа-тұс түсуінің өзіндік себептері де бар. Жер ананың қыстай жамылған құрсауы сөгіліп, бар әлем жаңаша тірлік кешсе, алтын құрсақты аналарымыз да жаңа өмірдің дүние есігін ашуына ұйытқы болмақ. Жұмақтың кілті табандарының астына түскен асыл жандар бір қолымен баласы бөленген бесігін, екіншісімен күллі әлемді тербетіп, төңірегіне тыныштық атаулыны ұйытып отыратыны жасырын емес. Оларға барлық мадақ, мақтаулар да аздық етері сөзсіз.
Анаға деген құрметтің өлшемі немесе құны жоқтығы мәлім. Себебі сәбиі үшін ажалмен де арпалысуға әзір тұратын олардың қайсарлығы мен жанқиярлығы ешқандай байлыққа бергісіз.
8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай аудандық Ауған соғысы ардагерлері кеңесінің төрағасы Ө.Қойшыманов пен аталған соғыстың ардагері, аудандық мәслихаттың депутаты С.Қарабеков он баланы дүниеге әкелген алтын құрсақты ана, жиырма төрт немере, отыз екі шөбере, бір шөпшек қрбітіп отырған әз әже, сексен сегіз жастағы кейуана Жақанбаева Жамалхан Темірбекқызын төл мерекесімен құттықтап, арнайы дайындалған сыйлықтарын табыстады. Барша ардагерлер атынан жүрекжарды тілектерін арнап, 100 жастық мерейтойында жүздесуге жазсын деген ниеттерін білдірді.
Аудандық Ауған соғысы ардагелері кеңесінің төрағасы Ө.Қойшымановмайдан даласында жүрсе де анаға деген махаббат пен сағыныш талай сұрапылдың ішінен аман алып шыққанын жеткізсе, ардагер С.Қарабеков дүние жаратылысының мәйегін ұстаған аналардың қоғамдығы әрі перзент үшін орнын айтып, кейуананың төсіне «Ана шапағаты» төсбелгісін тақты.
Мұндай тосын сыйдан көзіне жас алған Жамалхан Темірбекқызы біраз тосылып қалғаны да бар. Екі минуттық үнсіздіктен кейінқұттықтап келушілерге ақ батасын беріп, ақжарма тілегін ақтарды.
88-ге келсе де балам, немерем, шөберем деп отырған кейуананының махаббатты көпке үлгі. Кеудесіне тағылған марапат соның бір өтеуі болмақ.
Н.МАҚСАТҰЛЫ.