«Анненковтың таңбасы» аңыз әлде ақиқат
Бүгінде тоқсан жылдық тарихын тасқа қашап, ғасырға қарай аяқ басқан ауданымыздың өткеніне үңілсек, тыңғылықты зерттеуді қажет ететін тұстарының да бар екенін аңғарамыз. Қопара берсең қоңыр даланың қойнауында бұққан аңызға бергісіз бірталай ақиқат дүниелерге жолығарың жасырын емес. Әр тасы да қарт тарихтан суыртпақтап сыр тартатын өңіріміздің өткенінсіз бүгіні де қаланбасы хақ. Сондықтан да шекара шебінде сап түзеп, ел аумағына ат шалдырған жауларға алғашқы болып тойтарыс берген, «Жоңғар қақпасының» тұтқасын ұстаған тұғырлы ауданымыздың тарихына бір саяхат жасалық.
Ынталы мен Қарабұлақ ауылдарының бел ортасындағы тау беткейінде бірінші дүниежүзілік және азаматтық соғыс тұсында аса қанішерлігімен танылған атаман Анненковтың таңбасы бар дегенді естуші едік. Алғашында Үшарал жақтан бажайлап қараған атты кісіге аталмыш жазудың бейнесі көрінетін дейді үлкендер. Уақыт сынағы мен адами факторларға байланысты және табиғат ананың ықпалымен атаманның таңбасын қазір аңғару оңайға соқпайды. Не керек, аңыз іспетті естілген әңгіменің ақ, қарасын ажырату мақсатында бір топ жас ізденімпаздар тау жағалап, шамамен жазу орналасуы мүмкін деген жерлерді тіміскілеуге аттандық.
Таң бозынан көлігімізді сайлап, ас-ауқатымызды жайлап сапарға шықтық. Күн сәулесі төбемізді енді ғана шалған мезет. Біріміз маужырап, біріміз сергек, әйтеуір сол жазуды көрсек деген көкейді тескен арманның жетегіндеміз. Жөн білетін, жол бөлетін қарттардан бір жолсерік алайық дедік те, күннің ыстығы мен оңайшылықпен ырқын бермейтін таудың адуындылыған сескеніп, өзіміз ғана жүріп барамыз. Жас болғасын ба, ойымызда аңыз боп таралған таңбаны табудан өзге ештеңе жоқ. Жол машақаты яки тау бөктерінде жазатайым жағдай бол қалса қандай әрекет жасайтынымыз, жыртқыш аңдар жолықса не істейніміз хақында бас та қатырмаппыз.
Жә, көп ұзамай межелі жерге де таядық. Көбігін шаша аққан Тентек өзенінен өтіп, Ынталы жақтан миссиямызды бастадық. Естуімізше аталған жазу Оңғар бұлағының тұсында, таудың Үшарал жаққа қараған беткейінде орналасқан. Кейіннен сол маңайда «Тама» руының құлпытасы орнатылған.
Алдымен Оңғар бұлағын іздестіруге кірістік. Сөйтсек Ынталы мен Қарабұлақ ауылдарының ортасында аралары 200-300 метрден кем болмайтындай жиырмадан астам бұлақ бар екен. Бұл біздің экспедициямыздың жұмысын сәл қиындатқаны бар. «Шешінген судан тайынбас» демекші, тау жағалап жаяу келе жатырмыз. Он-он бес минут өтпестен Тентек өзенінен бастау алып, Жоңғар Алатауының шыңдарына қарай ұмтылған төбешіктерді аңғардық. Сарбаздардай сап түзеген оларды табиғат емес, адам қолымен жасалғаны анық байқалады. Биіктігі шамамен екі метрге, ені үш-төрт метрге жуық төбелердің іш жағы кіріңкі, яғни қарулы адам жатуға ыңғайландырылған. Жоғарғы тұстары тас пен батпақ араластырып қаланған. Үстін түгелдей жасыл желек жапқандықтан оларды алыстан яки жоғарыдан көру мүмкін емес. Тек жуықтап келіп қана байқауға болады. Ал төбешіктерге 30-50 метр жетпей терең аңғар орналасқан. Сондықтан шекара шебін бұзып, тұтқиылдан шапқан жау қолын күтіп алуға қолайлы жер. Бір жағында ұшын бұлт шалған тау, екінші жағы тулап аққан Тентек болғандықтан бұл жерді айналып өту қиынға соғады. Сол себепті тек бір ғана бағытпен жүруден басқа амал жоқ. Біздің сапарымыз өзен маңынан басталғандықтан көзіміз шалғанша тау жаққа созылған төбелерді санауды жөн көрдік. Көре алғанымыз 16 төбешік болды. Бұл жер сонау жоңғар шапқыншылығы кезінде қиян-кескі ұрыс үшін пайдаланылған-ау деп өзімізше топшыладық.
Адымымызды санап әлі келеміз. Мөлшері үш сағаттай уақыт артта қалды. Тарихы белгісіз төбешіктерден өзге мардымды дүние жолықтыра қомайдық. Таңертеңгі талпыныс та сәл бәсеңдегендей болды. Тау да өзінікін алды. Бақытымызға орай жүздеген қойын айдап, көк майсаға тойындырып жүрген бір аттыны көзіміз шалды. Жақындай келе, жөн сұрастық. Қолына құрығын ұстап, қозы-лағын қорыған егде тартқан шопан сөзімізді соңына дейін тыңдап, бар білерін жайып тастады. Сөйтсек, мақсатымызға біраз ғана жер қалыпты. Шопанның айтуынша алдымызда ерекше жасыл алқап, қаумалап өскен ағаштар бар. Осы маңдағы ең үлкен бұлақтың суына қаныққан аталған аймақтан он минуттық қашықтықта Оңғар бұлағы орналасқан екен. Содан аса бере тауға көтерілсек адам қолымен үйілген бір төбе тасты көретінімізді, соның қасына шығып, тау жаққа жанарымызды қадасақ жазуды да аңғаратынымызды айтты. Жол сілтеушімізге алғысымызды жаудырып, асыға сол маңға қарай аттандық. Қуанышымызда шек жоқ. Езуміз жиылмауда. Жап-жасып шалғынмен көмкерілген жерге таяп, жоғарыда атаған «Тама» руының ескерткіш тасына ұмтылдық. Көз шалым жерде тағы бір бұлақтың ағып жатқанын байқап, бір-бірімізге «Жеттік-ау!» деп қуаныстық. Оңғарың суын қанып ішіп, бойымыздан үлкендеу болып үйілген тас төбешікке қарай көтерілдік. Шопан айтқандай оңға қарасаң Үшарал қаласы толықтай көрінсе, сол жағымыздағы тау беткейінен алып әріптерді байқадық. Алғашқы «А», ортаңғы «Н» және соңғы «В» қаріптері анығырақ байқалғанымен, сөздің қалған бөлігін тобылғы мен шөп басып, жауып тастапты. Мақсатымызға жеттік. Іздегінімзді таптық. Лезде фотоаппаратымызды шығарып, суретке түсіріп әлекпіз. Дәл қазір түсірмесек, «Анненков» деген жазу көз алдымыздан ғайып болатындай. Жарты сағаттық кідірістен кейін таңбаға таяу баруға бекіп, тау басына шықтық.
Негізінде бұл жазу жайында бірнеше нұсқадағы әңгімелерді естіген едік. Біреулер тобылғы отырғызу арқылы алып жазу пайда болды десе, екіншілері арық іспеттес қазылған, үшіншілері ағашты үйдірген деді. Төртіншілері таспен қаланған деп дәурікті. Дұрысы соңғы нұсқа екен.
Алтын тапқандай «Атаманның таңбасы» деп әлеуметтік желілерге хабар таратқаннан кейін, «Жетісу» телеканалы директорының орынбасары Серік Әбікенұлының «Жетісу жұмбақтары» атты жобасына осы жердің тарихы қызық көрініп, бізге арнайы телефон шалды. Шамамен бір айдың ішінде түсіру тобы келіп, зерттеу жүргізетін болды. Ал олар ауданға табан тірегенше Борис Анненковтың Алакөлде қалған тарихы мен таңбасы жайлы толық мәлімет іздеуге кірістік. Жолымыз болып атаманның бұрынғы штаб-бөлімшесін, оның әскеріне қатысты құнды құжаттардың көшірмесін, жауынгерлері қолданған ыдыс-аяқ, қару-жарақтарға дейін түгендеуге мүмкіндік туды. Тіпті атаманның қол астында қызмет еткен жергілікті қазақ сарбаздың жары мен бала-шағасын да жолықтырдық.
Б.Анненков пен Алакөлдің арасында қандай қатынас бар дерсіз.Сауалыңыздың жауабы мынадай.
1918 жылдың қараша-желтоқсанында уақытша өкімет басшысы А.Колчактың бұйрығымен Жетісу жеріне атақты атаман Анненков жіберіледі. Сөйтіп Сібір уақытша өкіметінің қошеметімен атаман Жетісуда Верный бекінісін қызылдардан азат етуге аттанады. Оның партизан жасағы Жетісу казактары әскерінің қатарына қосылып, тұтасымен атаман Анненковтың партизандық дивизиясы деген ресми тауға ие болады. Содан Семей мен Лепсі аралығында оның «ақ» дегені алғыс, «қара» дегені қарғыс болып, атағы жайылады. Ол бұл өлкеде өзінің шағын империясын құрып, әскерін азықтандыру, киіндіру үшін халыққа салық салды. Тек Семей қаласының өзінен 2,5 млн. сом жинаған деседі. Қаржысы көбейген атаман орыс, қазақтарды былай қойғанда қытай, мәнжүрден де сарбаз жалдайды.
Анненковтың атақты Черкаск қорғанын тас-талқан еткені белгілі. Тарихта ол жергілікті шаруалардың көтерілісі болып тіркелген. Сол мезетте ақтарға қарсы соғысқан әскер құрамында 5 жарым мың адам, 3 зеңбірек пен 5 пулемет болған деген дерек бар. Солтүстіктен ентелеген казактарға 12 ауылдан тосқауыл құрған үлкен күшке Васиченко, Долдня, Диченко, Зазуля деген большевиктер басшылық еткен. 1918 жылдың қыркүйегінде басталып, 1919 жылдың 14-ші қазанына дейін созылған бұл шайқас та аянышты аяқталады. Генерал-майор Гулидев бастаған бесінші сібір атқыштар дивизиясы мен Анненков партизандары тұтқындарды аяусыз жазалап, тірідей өртеген.
Бұл өлкеге Дутовтың де табаны тиген. Кейін Сүйдінде қызыл комиссар Шадияров бастаған тыңшылар қолынан қаза табатын ол қытай асқанша Жетісу болысының генерал-губернатары болған. Оны тағайындаған басқа емес, Анненковтың өзі еді. Алайда екі атаманның басы бір Үшаралға сыймай өз партизандарын хас жауынгер санайтын «Қара Барон» Дутовтың әскерін елемей, оларды азық пен оқ-дәріден қысты. Оған сол кезде жазылған «Мен Анненковтан оқ-дәрі беруді талай сұрадым, елемеді. Кейін Үшаралды большевиктар алғанда бәрі жауға бұйырды»,- деген Дутовтың сенімді серігі Андрей Бакичтың сөзі дәлел бола алды.
Тарихты ақтарсақ ел ішінде «Қанды атаман» атанған оның Үшарал, Лепсідегі қанды іздері туралы мәлемет көп. Сондай-ақ Қабанбай аулының да түбінде атаманның қол астында «Алаш» полкінің құрамындағы талай қазақ жігіттер де жер құшып еді.
Атаманның жасағы жайлы сан күдікке сәуле түсірер құнды құжаттар кезінде Лепсідегі ескі үйлердің бірінің шатырынан табылыпты. Тарихи жәдігерлер мен мәліметтерді жиып, шағын музей ретінде ұстап отырған лепсілік М.Хайбуллин бұл құжаттарды семейлік бір тарихшыға тапсырып, артынша қол үзіп қалғанын айтады. Қуанышқа орай ол құжаттардың қолмен жазылған көшірме нұсқасын сақтап қалған. Олардың арасында Үшарал, Лепсі, Аягөз секілді қалалар арсындағы телефонаграммалар жиынтығы да болған. Сондай-ақ көп құжаттың арасында 1919 жылы екі қырғыз полкінің сапында қызмет етуден бас тартып, кетіп қалған 47 ақсулылық қазақтың тізімі бар. Бұларды В.Саламатов есімді жігіт кезінде тоғызыншы сынып оқып жүрген кезінде, ескі үйдің шатырынан былғары сөмкеге салынған күйі тауып алған. Сондай-ақ музейде атаман жасағы қолданған кездіктер, ыдыс-аяқтар да сақталған.
Өзінің «Атаманщина» дейтін атақ көздеген дертіне орай Колчактың Батыс майданына бар деген бұйрығына көнбей Алакөлде отырған Анненков жасағы қоршауда қалып қояды. Сонымен «Атаманщинаның» ақыры Анненковтың 1920 жылдың сәуірінде лажсыздан Үшаралды тастап, Қытай асуына әкеліп соқты. Бір деректерде сол кезде оның қол астында 15 мың сарбаз болды делінсе, бірінде 700-ақ адаммен өтіпті дейді. Елдің аузында қытайға өтпес бұрын атаманның әскеріне: «Қытай аспай, осында қаламын дегендеріңе рұқсат. Қаруларыңды тастап жүре беріңдер»,- деп, бергі бетте қалмақ болған 3800 адамды Шыңдалы деген жерде 4 пулемет қойдырып, қырып тастағаны жайлы да әңгіме бар.
Үшаралдық Жұмақан деген жас жігіт Сембі дейтін ағасын өлтірген большевиктерге кіжініп, «Қара Баронның» қарамағына өтеді. Кейін Анненковпен шекара асып, атаманның жасағынан қашқандай болып, сол жақта бас сауғалап кетеді. Қытайда тұрмысын түзеп, 1943 жылы 14 жасар Нұрбала есімді қызды қалың малын беріп, сатып алады. 1958 жылы жалған фамилиямен қайта елге оралады. Бақытымызға орай осы Нұрбала әжей мен оның бала-шағасымен де сұхбаттасуға мүмкіндік туды.
«Қанды атаман» қытай асар уақытында: «Мен өз империяма түбі ораламын. Ана тауға атымды жазыңдар. Ел есінде сақтасын»,- деп бұйырыпты. Сөйтіп Жоңғар Алатауының беткейін әлсіз динамитпен қопарып, үстіне тас үйіп «Анненков» деп жаздырады. Қазір сол сегіз әріптің сұлбасы қарайып көрініп тұр. Бір қызығы 1980 жылы атаманның атын өшірмек болған жергілікті басшылар мектеп бітіргелі жатқан комсомолдарға «Ленин» деп өзгертуге тапсырма берген. Соның салдарынан не «Анненков», не «Ленин» деген де сөз анық көрінбейді. Комсомолдардың талқандағаны, табиғаттың өшіргені бар, таңба біраз көмескіленген.
Атаман шекара асқаннан кейін де жергілікті халыққа қыр көрсетіп, қытай әскерімен соғысады. Осы үшін 1921 жылы сотталып, үш жыл Үрімжі түрмесінде жатады. Ал 1926 жылы қытай маршалы атаманды большевиктерге ұстап береді де, ол пойызбен мәскеуге аттандырылады. 1927 жылдың жазында атаман Денисов екеуі Семейде сотталып, Анненковты Аягөзде 800 адамды өлтіркен, өзінің 3800 сарбазын мен офицерлерін қырған, Кереку мен Жетісулық көтерілісшілерді жойған деп айыптап, ату жазасына кеседі. Сөйтіп 1927 жылы 24 тамызда атаман атылды.
Ол Алакөлде болған уақытында Лепсіде «Полуторашка» деп аталған бас штабы мен Үшаралда қосымша штабын орналастырған. Аудан орталығындағы 145 жылдық тарихы бар қазіргі шіркеудің жертөлесі Анненковтың адам жазалайтын жері болған. Ғимараттың ескіруіне байланысты қазір бұл нысанның сырты қапталып, ол кезден естелік боп тек жертөленің ішкі көрінісі ғана қалды.
Енді міне Анненковтың атымен бірге, Жоңғар Алатауының беткейіндегі жазу да өшіп барады. Алайда атаманның есімі жуырда ұмытыла қоймас. Оның себебі – алтын. Қара барон қап-қап байлығын әлде жерге, әлде үңгірге көміпті дегенді естіген жұрт Алатау мен Алтайдың арасын тіміскілеп жүр. Басында ерекше төртбұрыштың белгісі бар тауға көміпті, арабша жазылған таңбасы бар сайға көміпті, алтынды көмген сарбаздарын қырып тастағандықтан маңайында көптеген сүйек болу керек деген аңыз әңгіме тараған. Сол байлықтың пен Анненковтың дақпыртының астында ХХ ғасырда қанға бөккен қазақ тарихы қалып барады. Оның штабының жертөлесінде қай қазақтың ата-бабасы жазаланды екен.
А.ЕСЕНБЕКОВ.