Теңіз деңгейінен 3000 метр биіктікте орналасқан Жетісудың лағыл маржаны, бар қазақтың мақтанышы. Қырлы ландшфаттары мен өзен-көлдері, көзтартарлық тау шатқалдары, Солтүстік Тянь-Шянь тауларының алқасы болған Көлсай көлінің көрікін кіргізіп тұр. Аспанмен таласқан таулардың ортасында орын тепкен әсем көл «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің қорғауында.
Аталған аймақтағы өсімдіктер әлемі, жануарлар дүниесі келуші жұрттың таным-түйсігінің өріс алуына ықпал етпек. Ұлттық парк аумағында тірі жанның қолы тимеген табиғаттың құрамдас бөлігі кездеседі. Бұл адамзат баласына тәңірдің тарту еткен сыйы дерсіз.
Жан рахаты саналған мекенде шетен, барбарис, ит мұрын, таңқурай, жалбыз, қылқан жапырақ өседі. Құзар шыңы көкке жетіп тұрған таулы өлкеде үнемі нұр жауып, жоғарыда аталған өсімдіктердің жайнап тұруына өз септігін тигізеді десек артық айтқандық емес. Көлсай көлдеріндегі 230-ға жуық жан-жануар, әсем үнімен естір құлақты елең еткізер орман құстарының 197 түрі ұлттық парктің баға жетпес асылы, һәм жәдігері. Сондай-ақ, қар барысы мен жәндіктердің 700-ден астам түрін дәл осы өлкеден кездестіруге болады.
Аталған Көлсай өзені аумағында Жоғары, Ортаңғы және Төменгі Көлсай деп аталатын 3 көл бар. Жоғары Көлсай көлі теңіз деңгейінен 2650 метр биіктікте орналасқан, ұзындығы 580 метр, көлдің жалпы аумағы 180 мың шаршы метр. Ортаңғы Көлсай теңіз деңгейінен 2280 метр биіктікте орналасса, ұзындығы 1180 метрге дейін жетеді. Көл аумағы 343 мың шаршы метрді құрайды. Көлсайға барған кезде бірден көз жауын алатын Төменгі Көлсай теңіз деңгейінен 1800 метр жоғары орналасқан. Көлдің жалпы аумағы 33 мың шаршы метр, тереңдігі 75 метр.
Бүгінгі таңда, Көлсайдың төңірегінде экотуризм дамып келе жатыр. Сәйкесінше, жанардың қарашығына сыймайтын сұлулықты көрмекке келетін туристер саныда жоғары көрсеткішті көрсетіп отыр. «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» республикалық ММ экологиялық ағарту және туризм бөлімінің басшысы Сағыныш Әзімовтың ақпарына сүйенсек, 2019 жылы 87 мың адам көлдің көркемдігін өз көзімен көруге келсе, 2020 жылы пандемия жағдайына қарамастан 83 153 жан жақұт жерге табан тіреген.
«Биылғы жылы маусымның жаңадан басталғанына қарамастан Көлсай көлдері 46 мың келушіні қабылдап үлгерді. Өткен жылы 53 шет ел азаматы осы өңірге ат басын бұрса, биыл бұл көрсеткіш 70-ке жетіп отыр. Қазіргі кезде Көлсай көлдеренің өзінде қызықтап келген азаматтарға арнап бағытты екіге бөлгелі отырмыз. Ол атпен және жаяу жүру. Бұны бас жоспарға енгіземіз»,-деп атап өтті Сағыныш Әзімов.
Жалпы Ұлттық парк аумағында 7 туристік бағыт бар. Оның екеуі жоғары сұранысқа ие. Біріншісі, Сарыбұлақ асуындағы Төменгі Көлсай көлі, екіншісі Қайыңды көлі.
Қазақстанның оңтүстік асатанасынан 280 шақырым жердегі көл, таңдай қағып, бас шайқауға тұрарлық аймақ. Шекара асып көңіл қошын табатын орын іздеудің қажеті жоқ. Жаратылысы тым ерек көлдің өзіне тән маңғаздығы маужыраған жанды жадыратады. 1991 жылы жер сілкінісінен пайда болған көл туристер жиі келетін, баурайы жасыл желекке оранған көркем мекенге айналды.
Аталмыш маңда жадыраған жаз мезгілінде адам қарасы үзілмейді. Алыс-жақын шет елдерден бөлек, республиканың түкпір-түкпірінен ағылып келіп жатқан адамдар жетерлік.
Соның бірі, Кереку жерінен келген Тұрлыбековтар отбасы. Олар тұмса табиғатты өз көздерімен қызықтау үшін ат арлытып, 1700 шақырымды артқа тастап, бір тәуліктен аса жол жүріп, Алматы облысыдағы жердегі жұмақ, сұлулықтың қайнар көзі саналған Қайыңдыға арнайы келген.
«Телеарналардан көрсеткенде өзге мемлекетте орналасқан шығар деп ойлап жүргенбіз. Кейін Алматы облысында екенін білдік. Шынын айту керек, таңданысымды жасыра алмадым естіген сәтте. Осы өлкенің топырағын басу биылғы жылға бұйырыпты. Отбасымызбен демалысты пайдаланып, Павлодар облысынан келіп қалдық. Ерекше сезімге бөленіп жатырмыз. Рухани кемелденіп, ішкі ойды тазартып, әлде бір жеңілдікті сезінудеміз. Жалпы табиғатпен өзара үндестік табу сөзбен айтып жеткізе алмайтын сезім. Барша отандастарымыз туған еліміздің сұлу, алтынға пара-пар демалыс орындарын көріп, ішкі туризмнің дамуына үлес қоссақ нұр-үстіне нұр болар еді. Еліміз көркейіп, алты алаштың аспанындағы шоқ жұлдызы іспетті мекендеріміз гүлдене берсін»,-деп боямасыз әсерін жеткізді отағасы Дидар Тұрлыбеков.
2010 жылдың маусым айында Қайыңды көлінің сел тасқынымен шайылып кетуінің әсерінен көлдің бүгінгі күндегі деңгейі 10 метрге төмендеген.
Бұл туристік аймақтың басты мәселесіне айналып отыр. Мамандар алдағы таңда аталған түйіткілдің шешімі табады деп сендіруде. Соған қарамастан, бос уақыттарын табиғат аясында өткізгісі келетіндердің саны артуда. Бұл өз кезегінде отандық туризмнің алға басуына мұрындық болмақ. Өңір өркендесін, ел дамысын. Тәңірі тәлейіне жазған, ұлы даланы қазынасы ұлттық парктің қарауында қайта жандасын деген ниет қана біздегі.