Аудан әкімінің кубогі үшаралдықтарды

Қағытпа қалжыңымен қыршып алып, әдемі әзілімен әңгіменің көркін кіргізу қазақ халқының тірлігіне  жат дүние емес. Алдаркөсе мен Қожанасырдың мазмұнында мағына тұнған әзіл әпсаналарын жаттап өскен буын сатираны сахнаға алып шыққан Жайдарманнан да мән іздейтіні ақиқат. Көңілді көріністердің астарында шындық, тәлім, тәрбие, тәртіп, білім, ұлағат іспеттес ізгі құндылықтар жасырынса, онда ұтқан тұсымыз да осы.

Жуырда аудан әкімінің кубогі үшін жайдарман ойындары түңлігін түріп, аудандық жастар ресурстық орталығы көңілді һәм тапқыр азаматтардың басын сахнада біріктірді. Бұл бір жағынан жастардың шығармашылыққа жақын болуына, бос уақыттарын тиімді пайдаланып, қоғамдағы белсенділіктерін арттыруға бағыттылғаны көрініп тұр.

Жайдарманда ұлт руханиятын рухани кемелденуге жетелеген Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы тақырып ретінде таңдалыпты.

Уағдалы уақытында әзіл додасы да бастау алып, командалар таныстырылды. Аудан әкімінің кубогін сарапқа салу үшін барлығы 10 құрама жиналды. Бәрінің де бағыты бір, ол – бас жүлдені тақымдап, ауылдарына абыроймен оралу. Алайда тартыс бар жерде, оңай олжа жоқтығы мәлім.

Алдымен сәлемдесу кезеңінде бақ сынаған құрамалар өздерін таныстырып, берілген тақырыпты ашуға тырысты. Бірақ жайдарманды жаңғырумен байланыстыра алғандардың қатары көп болмады.

Бір айтарлығы құрамалар көбіне жаңа дүниелер ұсына алмады. Соның салдарынан сайыс аяқталғаннан кейін дау-дамай да туындады. «Неге біз ұтпадық, ойынымыз өрнекті, әзілдеріміз көрнекті болды. Жанкүйерлер де оған дәлел»,- деп, далбасалыққа салынғандар да болды. Алайда олар осында екі-үш жыл бұрын көгілдір экраннан көрсетіліп, танымал топтардың әзілдерін ұсынып отырғандарын ойламады да.

Өз дүниесін көрсетіп, жаңашылдық танытқан құрамалар да болды. Әрине, олар өз кезегінде көшірме көреткендерден қарағанда жоғары баллға ие болды.

Айта кетсек Үшарал, Ақжар, Қамысқала командалары  тақырыпқа орай тапқыр әзілдер ұсынып, қошеметшіл елдің қолпаштауына ие болды. Өзге топтар да арагідік халықтың тамырын дөп басып, түйткілді мәселелерді сатирамен түртіп өтіп, жұртты ойландыра да, күлдіре де білді.

Екінші кезеңде де ойын тартысты өтіп, командалар сәл тірілте түсті. Бәсекелестіктің буы бұрқырап, жайдарман да қыза түсті. Жанкүйерлердің де қол соғуы жиілеп, күлкі де көбірек естіле бастады.

Көңілді һәм тапқыр балалар бағаланған баллдық есеп бойынша Ақжар ауылынан келген құрама үшінші, Қамысқала командасы екінші, бескөлдік әзілқойлар бірінші орынның мінберіне көтерілді. Алаудан әкімінің кубогы үшаралдық «Ерекше» құрамасына бұйырды. Айта кетерлігі, әділ қазылардың шешімі бойынша Үшарал құрамасы баллдық көрсеткіш бойынша алдыда тұрса да Бескөл комндасының өнерін тексеру мақсатында екі тптың арасында тағы бір сайыс ұйымдастырылды. Қорытынды бойынша 0,1 балл айырмашылықпен үшаралдықтар алға шықты. Алайда Бескөл құрамасы да лайықты ойын көрсете білді.

Кеш соңында «Танысы көптің – тынысы кең» деп, қорытындымен келіспегендер де табылды. Жеңсе де, жеңілсе де абыроймен көтеретін қазақи арда түсінік сұйылып бара жатқандай. Осы ретте көштің басына шығалмағандарға дайындықтарын ұлғайтып, соған лаықты болуға шақырар едік. Себебі шатақ шығарып, құр жағажыртыстан табар опа жоқ.

Ойын соңында «LM» продюсерлік орталығының директоры Л.Мақатқызы өзінің жүрек жарды жылы лебізін жеткізіп, жүлдегерлерді марапаттады. Жеңіс тұғырына көтерілген құрамаларға арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды.

А.ЕСЕНБЕКОВ.

Мәліметпен бөлісу: