Елімізде саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету, тұрғындардың жат діни ағымдарға бет бұруына, әлемдік жаһандану үдерісі мен шиеленісу процестерінің артуына жол бермеу, террорлық әрекеттердің алдын алу және халықаралық қатынастарды үйлесімді ету бүгінгі таңдағы маңызды мәселе.
Осы маселелер бойынша жастар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында Алматы облысының ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессорлары «Қазақстан мен Қытай арасындағы байланыстардың бүгіні мен болашағы», «Бір белдеу-бір жол» стратегиялық жобасы және Қазақстан, «Исламдағы әлеуметтік және саяси өзгерістер» тақырыбында семинар-лекция өткізді.
Дәріс сабақтарын еліміздегі алдыңғы қатарлы жоғарғы оқу орны Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тарих ғылымдарының докторы «Қытайтану» кафедрасының профессоры Алдабек Нұржамал Әбдіразаққызы және филология ғылымдарының докторы «Таяу шығыс және Оңтүстік Азия» кафедрасының профессоры Надирова Гүлнар Ермұратқызы жүргізді.
Дәріс мақсаты екі ел арасындағы қарым-қатынасты бұзуға қызығушылық танытатын, қазақ-қытай байланысын теріс жолға салуға ұмтылатын сыртқы күштердің бар екенін ескерту.
Қазір бүкіл әлемде Ислам дініне қарсы теріс пікір қалыптастырғысы келетіндер көбейген. Соның салдарынан бейбіт тұрғындар зардап шегіп жатыр. Бұған 15-ші наурызда Жаңа Зеландияда болған қайғылы жағдай нақты мысал. Жалпы, Исламофобия 2001 жылы 11 қыркүйектегі АҚШ-тағы терракттан кейін қатты ушыққан. Әлемдік қоғамда үрей тудыратын терминге айналып отыр. Десе де, Ислам дініне қарсы теріс көзқарас қалыптаспауы тиіс.
Діни сауатты болумен қатар, сол діннің шығу тарихын және діттеген мақсатын білу қажет. Синофобия мәселесі де дәл солай. Көршілес қытай еліне деген көзқарасты дұрыстау қажет. Сарапшылар Қазақстанда Қытайдан қауіптену тенденциясы басым екенін айтады. Ал, мемлекет мүддесі үшін қос тарап та бірлесіп, жұмыс істегеннен еш ұтылмайды. Екі ұлтты бір-біріне қарсы қою — белгісіз біреулердің көздеген нысаны болуы мүмкін. Сондықтан, жалған ақпарат таратып, ел арасын бұзуға ниеттенеді, — дейді, тарих ғылымының докторы, профессор Нұржамал Алдабек .
Балжан Қайратқызы, АЛМАТЫ облысы