Қазақстанның дамуына АЭС қажет

Атом электр станциясы – ядролық энергияны пайдаланып электр энергиясын өндіретін өнеркәсіптік кәсіпорын болып табылады. АЭС заманауи әлемдегі электр энергиясының маңызды көзі болып табылады. Атом электр станциялары өнеркәсіпке, ауыл шаруашылығына және азаматтардың тұрмыстық қажеттіліктеріне қажетті электр энергиясының үлкен көлемін өндіре алады. Бұл ауаны ластамайтын немесе қоршаған ортаға зиян келтірмейтін таза энергия.
Қазіргі заманауи технологиялар энергияны көп қажет еткендіктен энергия көздерін зерттеу бүгінде маңызды бола түсуде. Ғылымның дамуымен қатар су электр станциялары мен жылу электр станцияларының, сондай-ақ қайта қалпына келетін энергия көздерінің рөлі электр энергиясын өндіруде күннен-күнге артып келеді. Атом электр станциясы отын ретінде өте аз мөлшерде уранды пайдаланып, өте көп мөлшерде энергия өндіреді.
Көптеген елдерде атом электр станциялары өнеркәсіптік және тұтынушылық мақсатта қолданылатын электр энергиясымен қамтамасыз ететін негізгі көздердің бірі болып табылады. Бастапқыда баламалы энергия көзі болып есептелген ядролық энергия тез арада әлемдегі жетекші энергия көздерінің біріне айналып үлгерді.
Сонымен қатар, атом электр станцияларының құрылысы мыңдаған жаңа жұмыс орындарын ашады, ғылыми және технологиялық прогреске түрткі болады. Бұл Қазақстанның болашағына және оның экономикалық дамуына ұзақ мерзімді инвестиция.
Бізде АЭС құрылыс жобасына қатысты әлі де болса екіжақты көзқарас аз емес. Дегенмен, соңғы уақытта қолдаушылар қатары көбейіп келеді. Күннің жарығы мен жылуы адам баласына қандай қажет болса, АЭС-те еліміздің өркениетті елдер қатарына қосылып, электр жарығына тәуелсіз өмір сүруі үшін өте қажет. Ертеңгі күнді бүгін ойлаған дұрыс. Болашақта электр жарығының тапшылық қаупі тұрғанда АЭС салудан бас тартпай, белді бекем буып, ел болып қолдау керекпіз. АЭС-тің арқасында ең алдымен, тасымалданатын жарықтан құ¬ты¬лып, өзімізде өндірілген жарыққа қол жетеді. Одан кейін экологияға зияны жоқ жасыл аймаққа айналамыз.
Тағы бір пайдасы, атом энергетикасы орталық Қазақстанда орналасса, еліміздің барлық аймағын энергия¬мен қамту деңгейі артады деп есептейміз.
Атом энергиясын экспорттаудың арқасын¬да экономика гүлденеді, инновациялық жобалар көбейеді, әрі дамиды. Атом энергетикасын бейбіт мақсатта қолдана отырып, еліміздің халықаралық аренадағы позициясы нығаяды.
Чернобыль мен Фукусима оқиғалары және Семей аймағындағы ядролық бомба сынақтары қазақстандық қоғамға ауыр жарақат әкелгендіктен, Қазақстан ядролық апаттар мәселесіне ерекше назар аударады. Бұл жағдайлар өңірдегі ядролық энергетикалық технологияларға жұртшылықтың алаңдаушылығы мен сенімсіздігін қалыптастыруда маңызды рөл ойнайды. Сондықтан Қазақстанда АЭС құрылысы туралы шешім қабылдау жан-жақты талқылауды қажет етеді. Алайда, барлық қауіпті ескере отырып, қазіргі уақытта дамыған елдерде болып жатқандай өндіріс секторларын және электр энергиясына деген жалпы қажеттіліктерді қанағаттандыруда ядролық энергетика елдің экономикасына оң әсер ететін энергия көзі ретінде есептеуге болады.
Дені сау ұрпақ – ұлт болашағы. Сондықтан, көмір мен газ түтінін азайтуға үлес қосуымыз керек.

Айгүл Ақтымбаева

Мәліметпен бөлісу: