Азаттықтың арқасы: үшінші он жылдықтағы ордалы бастамалар

Ақ түйенің қарны жарылып, азаттықтың таңы атқалы міне 30 жыл болып отыр. Тәуелсіздіктің 30 көктемін қарсы алып, түрлі кедергілерді жұмыла еңсердік, құладық, тұрдық, артта қалдық, оздық. Алайда, қандай қиындық кезіксе де тіктелген еңсеміз төмендеймей, егемендік тұғырын теңселткен емеспіз. Тоқсан бірде төңірегіне төрткүл дүниенің назарын түсірген Қазақстан тәуелсіздікті нықтап бекітіп, талай елдің талмай, танбай көзтігер темірқазығына айналды. Қалтасына қолын салса уыс қоқым табылмайтын жағдайдан Еуразия құрлығындағы жедел дамушы елдердің көш басына түсті. Кеңес құрсауынан бірге шыққан мемлекеттерге қарағанда едәуір алда келеді. Міне сол шешуші сәттен бері егемен еліміздің еңсесі тіктеліп, арқа-жарқа күй кешкенімізге ширек ғасырдан астам уақыт өтті, азаттықтың ақ туының желбірегеніне 30 жыл толды.

«Өткенін еркін білмеген болашаққа болдырып барады»,- деген тәмсілдің тамырын қуаласақ, тәлімді ой жатқанын аңғарамыз. Себебі туған еліміздің тарихын танымау бабаларымыз салған сара жолдың бағытынан жаңылумен тең. Ел ертеңі үшін етігімен қан кешіп, еңіреп өткен ерлер мен аналардың көз жасы құмға сіңбесін десек, кешегімізді келешегімізбен сабақтастырып, өткенімізді өнеге тұтқанымыз абзал.

Тәуелсіздікті енді ғана қолға қондырып, жаңа мемлекет ретінде ертеңгі күнге аяқ басқан мезетте бұқара бүгінгідей бақытқа жетеміз деп ойламаған да еді. Тоқырау жылдарындағы жоқшылық пен дағдарыс халықтың санасын улап, баянды болашаққа деген сенімдерін көмескіленте түсті. Бұл ретте ұлы көшті бастаған Елбасы мен ел үшін отқа түсе білген ерлердің арқасында барлық кесапатты артқа қалдырдық. Құлдық санадан айырылып, «Қазақстан» деген жас мемлекеттің іргесін қалауға барша қауым кірісті.

Егемендіктің үшінші он жылдығы республикамыз үшін табысты басталғаны айқын. Жеке кәсіпкерлік пен өнеркәсіптің тынысы ашылып, 2010 жылдары жаһандық бәсекелестікке бейім 140-тан астам кәсіпорындар іске қосылды. Шағын және орта бизнес субъектілеріне берілер көмек пен субсидия көлемі артты, жұрт жеке кәсіпке ерекше көңіл бөле бастады.

Осы жылы Елорда төрінде Орта Азия елдері басшыларының бас қосуымен ЕҚЫҰ-ның Саммиті өтті. Бұл Қазақстанға деген өзге мемлекеттердің сенімінің, биік бедел мен абыройдың арқасында келген жұмыс. Аталған ұйымға басшылық ету мәртебесі де осы жылдың еншісіне тиді.

2012 жылдар спорт саласындағы ордалы жетістіктерімен әйгілі. Себебі, еліміздің сайыпқыран спортшылары Лондон олимпиадасында 7 алтынға ие болды. Тәуелсіздігінің 21-ші жылында жас мемлекет үшін бұндай биіктен көріну тағжайып дүниедей елестейтін. Алайда, рухты қыз-жігіттеріміз төрт жылдықтың бас бәйгесі саналар дүбірлі додада жеті мәрте гимнімізді шырқатты.

Дамуымыздың даңғылын айқындап, алдағы мақсат-міндеттерімізді бекіткен «Қазақстан – 2050» стратегиясы да осы жылы жарияланды. Бұл құнды құжатта озық елдердің ортасынан ойып тұрып орын алу үшін қажетті қадамдар мен экономикалық-әлеуметтік тұрғыда өрістеуіміздің алғышарттары көрсетілген болатын.

Қазақстанның жоғары потенциалы және Орта Азиядағы беделі, халықтың ахуалы мен мелекеттік саясаттың оң бағытқа өзгеруінің арқасында 2016 жылы дамыған 50 елдің қатарына ендік. Бұл тарихи жетістік еді. Тәуелсіздік алған уақттан бергі маңдай тер, адал еңбек, билік пен бұқараның өзара түсіністігі мен орасан зор жұмыстың арқасында осындай мәртебеге ие болдық.

Азуын айға білеген адуынды 50 мемлекетпен терезесін теңестірген Қазақстанның ендігі мақсаты, ендігі нысаны дамыған 30 елдің қатарынан ойып тұрып орын алу. Қарт материктің қақ ортасында қара шаңырақты иеленіп отырған  Қазақстан енді осы жаңғыруын құр жаңғырыққа айналдырып алмай, жаһандық бәсекеге лайықты екендігін дәлелдеуі қажет

Пайым парасаты бөлек, танымы оқшау Елбасының арқасында ұлан-ғайыр қазақ даласында небір байрақты бәсекелер, әлемдік дәрежедегі алқалы жиындар, айтулы бас қосулар өтті. Сондай мақтануға тұрарлық жетістігіміздің бірі Елордамызда түндігін түрген ЭКСПО – 2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі жайлы кеудемізді көтере айта аламыз. Баламалы энергия субстанциялары, табиғи таза қуат көздері жаһан жұртшылығының жарғақ құлақтарын жастықтарына тигізбей сан соққа сандалтқан әйдік мәселесі екендігі әлмисақтан аян жайт. Аталмыш шараның тақырыбы «Болашақ энергиясы» екендігі мұқым елге мағлұм әңгіме. Задында, бұл көрме жайлы ойлар баланың айдарындай екіге жарылып тұрғандығы көзі ашық жандарға таңсық емес. Сынына қанық болса да, сырын ала қоймаған бірінші топ: «Басқа тартса аяққа жеткізе алмай жатқан заматта, қиналмас жерден қиянатқа батырып күйгелектенуіміз не тәйірі?!»-, деп кәрленді. Ал екінші жақ көзбен көргенін көңілінен өткізіп, естігенін ой елегімен елеп, кемшіліктеріне кеңшілік жасап, аталмыш көрме елдің өндірістік қуаты мен ғылыми базасын технологиялық жаңғырту және экономиканы жүйелі әртараптандыру үшін қуатты серпін беретінін түйсіктері түсіндірмесе де сезетін-ді. Экспо-2017 көрмесі ең үздік әлемдік энергия сақтау технологиялары мен осы саланың сұрақ белгілерін жою жолында пәтуәлі ойларды алдыға салып, күн, жел, теңіз, мұхит және термалды су тәрізді баламалы қуат көздерін пайдалануда кемел әзірлемелер мен жаңашылдықтарды жүзеге асыруға мүмкіндіктер сыйлады.

Мамыражай тірлігіміз бен бақуатты тұрмысымызға сырт көздің өзі қызыққандай. Мұның өзі болашағымыздың бұдан да жарқын болатынына сендіре түседі. Балауса кезімізде тәуелсіздіктің мәнін жете ұғына алмаған болармыз, бәлкім. Қазір есейе келе барлық игіліктердің тәуелсіздіктен басталатынына көзіміз жетіп келеді.

Қазақ елі тәуелсіздік тұғырына бекем орныққалы 30 жылдың жүзі өтті. Осы уақыт аралығында өрлеу мен өркендеу, өсу мен даму даңғылына түсіп, баянды болашаққа нық қадам басқан толайым табыстар мен зор жетістіктерге кенелді. Егемендік тұсында дүниеге келгенімді ойлағанда, көкірегімді бір әдемі сезім әлдилейді. Ол жеке басыңның қуаны­шының туған еліңнің тарихи өміріндегі айрықша сәтпен тұспа-тұс келуіне деген ризашылықтың әсері дер едім.

Елбасымыздың кемел бастамасының арқасында тірлігімізге енген «Ұлы Дала» ұғымы ұлттың санасын сілкіп, тарихи серпіліс сыйласа, «Мәңгілік Ел» идеясы мәңгілікке басқан қадамымызды қарымды ете түсті. Тың жобаларға толы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы дүйім жұртты рухани кемелденуге жетелеп, болашаққа аттанған сапарымыздың бағытын айқындап берді. Таңғалуға бір сәт, таңғалдыруға мың жылдықтар керек болса, Қазақстан сол таңғалдыратын сәтіне де жетті. Бабаларымыздың табаны тимеген жерлерге балаларының қаламы тиіп, мемлекетіміз кезең-кезеңімен әлемді мойындатып келеді.

Н.Назарбаев мемлекетіміз бен мұқым қазақ елінің мүддесі үшін кемел бастамалар көтеріп, кенен саясатын қалыптастырды. Жүрісі жылдам дәуір ағымымына, қателік пен кемшілікті кешірмейтін заман талабына шыдас бере алатын мемлекеттің мызғымас ірге тасын қалады. Айбынымыздың асып, абыройымыздың тасып жатқандығы Ұлт көшбасшысының арқасы десем қате айтпаспын. Бұл ширек ғасыр мұғдарында ұстынды идеясын идеологияға айналдырған Елбасының ерен еңбегі.

Қазақстанның әлеуметтік әлеуетінің, экономикалық ахуалының қарқынды дамуына ерекше серпін сыйлайтын тың тақырыптар көтерілген«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты туындысы бірталай түйткілді мәселелерді тамырынан бастап жоюға бағытталған. Елбасының ел мүддесін көздеген мақаласының жарық көргенінен бері күллі қазақстандықтар жаңғыру сүзгісінен өтуге, сол арқылы дамыған мемелекеттер арасынан дара орнын табуға ұмтылуда.

Айтса нанғысыз биіктердің белесін бағындыруымыз Ұлт көшбасшысының сарабдал саясаты мен текті жұртымыздың береке-бірлікке құмарлығына тікелей байланысты. Олай деуіміздің себебі, басшы мен бұқара арасындағы өзара келісім мен түсіністік арқасында мемлекетіміз тыныштық пен татулықтың, ынтымақ пен ырыстың үстемдік құрып отырған кезеңіне де қол жеткізді.

Елбасымыз бір сөзінде: «Рухы биік, еңбегі ерен, бірлігі мығым Мәңгілік ел болу үшін бізде бәрі бар. Біздің тірегіміз – тәуелсіздік, тілегіміз – тұрақтылық, білегіміз – бірлік»,- деп нақтылап айтқан болатын. Сол сөзінің түйіні ретінде қолданған «Тәуелсіздік», «Тұрақтылық», «Бірлік» ұғымдары ешбір байлыққа алмастыруға келмейтін өміршең құндылықтарымыз.

Қазақстан тарихындағы, әсіресе үшінші он жылдықтағы елеулі жаңалықтың бірі тәуелсіздік алған тұстан бері ел көшін бастаған Елбасының тізгінді босатуы. Мемлекет басына жаңа Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың келуі. Жаһандық бәсекелестік өршіп, заманның ағымына бейімделуге ұмтылған елімізді болашаққа бастау міндетін арқалаған Қ.Тоқаев та ел игілігі үшін талай жұмыстардың атқарылуына ұйытқы болып келеді. Жаңа Президенттің ел басқару кезеңі біз үшін ғана емес, әлем үшін ауыр мезетпен тағдырлас болып отыр. Себебі, дүниежүзін дүрліктірген коронавирус пандемиясы халықты шаршатып, талай мүмкіндіктерден де қағып отыр. Алайда, бұқара тілегін арқалаған мемлекет басшысы барлық қиындықтарға жұрт болып төтеп беру жолында аянып қалмауда.

Президент Қ.Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында: «Тәуелсіз ел болу оны жариялаумен немесе мемлекеттің іргетасын қалаумен шектелмейді. Тәуелсіздік үшін нағыз күрес күнделікті еңбекпен, үздіксіз әрі дәйекті елдік саясатпен мәңгі жалғасады. Біз қуатты тәуелсіз мемлекетімізбен ғана ұлт ретінде жер бетінде сақталамыз. Осы айнымас ақиқатты берік ұстануымыз қажет. «Тәуелсіздік бәрінен қымбат!» деген бір ауыз сөз мәңгі ұранымыз болуға тиіс»,- деп атап өткен еді.  

Ендеше, осы құндылықтарымыздың қадірін әрбіріміз жете түсініп, лайым солардың қадір-қасиетін сезіне білейік зейіні ұтқыр, зердесі алғыр, қазақстандықтар. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, егемендігіміз ғұмырлы болсын!

Алмат ЕСЕНБЕКОВ.

Мәліметпен бөлісу: