Ажал айтып келмейді

Алла Тағала шексіз білімімен әрбір жан иесінің тағдырын жазып қойған.Тағдырға сәйкес ажал сәті де  белгіленген.

Ажал – арабша «әжәл» сөзінен келіп, «мерзім» дегенді білдіреді. Ешбір жан одан қашып құтыла алмайды. Қай жерде, қай уақытта болмасын өлім барлығын да іздеп табады.

«Алла жандарды өлім кезінде (ажалы жеткенде) алады. Ал (әлі)өлмегенді (рухты) ұйқысында (сезімдерін) тоқтатады. Өлімді үкім еткенін ұстап қалады да, ал өзгесін (ұйқысындағысын) белгілі мерзімке дейін (денесіне қайтарып) жібереді. Негізінде, осында ойланған қауым үшін (Алланың құдыретінде), сөзсіз, белгілер бар!» («Зүмәр» сүресі,42-аят).

Демек, осы жайтты ойлай алатын ақыл-есі түзу адам ажалдың кез-келген сәтте келіп қалуына дайын болуы, бұйырылған парыздарды орындауы, есеп-қисапқа тартылатын күн келместен бірінші өзіне есеп беруі,яғни өзін түзетуі, амал таразысы тартылмастан бұрын парыз, сүннет амалдарын шынайы ықыласпен кәміл орындауы керек.

«Әрбір үмбеттің белгілі мерзімі бар. Олардың мерзімдері келгенде оны бір сағат кешіктіре де,ілгеріте де алмйды» («Ағраф» сүресі, 34-аят)

«Кез-келген жан Алланың рұқсатымен белгіленген мерзімде ғана өледі» («Әли Имран» сүресі, 145-аят).

Расында да, ешбір пенде өзінің қашан және қай жерде қайтыс болатыны болжап біле алмайды. Бұл-ғажайыпқа тән мәлімет, оны тек Алла Тағала ғана біледі.

Құранда бұл жайында былай дейді:«Ешбір жан ертең не болатынын білмейді, ешбір жан қай жерде өлетінін білмейді. Шындығында, Алла-бәрін Білуші һәм Хабардар»(«Лұқман» сүресі,34-аят).

Пенденің ажалы жеткен сәтте, қандай күйде, қандай халде болмасын жан тапсырады. Мейлі ол жерде болсын, көкте болсын, ауру болсын, сау болсын. Жазмыштан озмыш жоқ.

Ол туралы Құран Кәрімде былай делінеді:«Қайда болсаңдар да сендерге  ажал жетеді, тіпті, тұрғызылған мұнараларда болсаңдар да» («Ниса» сүресі, 78-аят).

«Жаназа және Жерлеу рәсімдері» кітабынан»

Ә.МОЛДАХМЕТОВ,

ауданның бас имамы.

Мәліметпен бөлісу: