Бағыт айқын, мақсат бір

Мемлекет басшысы Н.Назарбаев ұсынған «100 нақты қадам» Ұлт жоспары еліміздің уақыт талабына сай дамуына, заман сұранысына лайықты төтеп беруге көзделген ауқымды шараларды жүзеге асыруға оң ықпалын тигізіп отыр.

Егемен Қазақстанның өркендеуінің негізгі бағдары ретінде белгіленген бұл құжатта көрсетілген міндеттердің орындалуы жаңа арманға қол жеткізудің төте жолы ретінде бағаланып отыр. Қоғамымыздағы түрлі мәселелерге жаңаша көзқараспен қарап, оларды қазіргі кезеңнің талабы мен мүмкіндіктерін ескере отырып шешу аса маңызды. Бұл орайда басты міндеттер екшеленіп, сарапталып қана қоймай, оны ойдағыдай жүзеге асыудың нақты жолдары көрсетілген «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының жөні бөлек.

Қазіргі таңда халқымыздың мүддесі, қажеттілігі, талап-тілегі барынша ескерілген Ұлт жоспарының басым бағыттары, негізгі қадамдары өз деңгейінде орындалып келеді. Мұның айқын мысалын мемлекеттік кәсіби аппарат құру, есеп беретін мемлекетті қалыптастыру, заң үстемдігін қамтамасыз ету, индустрияландыру және экономикалық өсімге қол жеткізу, біртектілік пен бірлік қағидаттарынан туындайтын міндеттерді орындау бағыттарында жүйелі түрде жүргізілген жұмыстардың нәтижесінен көруге болады.

Аталған бағдарламалық құжатта белгіленген міндеттерді іске асырудың практикалық кезеңі басталғаннан бергі аралықта «Кәсіби мемлекеттік аппарат құру» атты бірінші бөліміндегі 15 қадамның басым бөлігі орындалды десе де болады. Себебі мемлекеттік аппараттың кәсібилігі қамтамасыз етіліп, кейбір кертартпа іс-әрекеттердің жолы кесілді.

Соңғы деректерге қарағанда, мемлекеттік қызметке қабылдау рәсімдерін қайта қарастыру, жаңғырту, мансаптық модельге көші жүзеге асырылған. Осыған дейін мемлекеттік қызметке алғаш қабылданатын тұлғалар кез келген бос жұмыс орнына, оның ішінде басшылық қызметке үміткер бола алатын еді. Ал енді мемлекеттік қызметке алғаш қабылданған және жұмыс тәжірибесі жоқ тұлғалар өзінің қызметтік мансабын тек төменгі лауазымдардан ғана бастайтын болады.

Сондай-ақ төменгі лауазымдарға кандидаттарды іріктеуде және одан әрі лауазымдық өсуде тұлғаның іскерлік қасиеттері бірінші кезекте ескерілетіні айқындалды. Бұлардан бөлек, конкурс өткізу ережесіне сәйкес, ко­миссия үміткерлермен сұхбаттасу бары­сында жеке қасиеттерді бағалау нәти­желерін бағалайды. Сонымен бірге мемлекеттік қызметке алғаш рет қабылданушыларды іріктеу ресімін орталықтандыру, үш сатылы ірік­теу жүйесін енгізу мәселелеріне қатыс­ты да қадамдар өз деңгейінде орын­далды. 

Жалпы, «100 нақты қадам» Ұлт жос­пары қоғамдық жаңа қатынастардың, тың функциялардың, сондай-ақ жетілдірілген институттардың қалыптасып, орнығуына кеңінен жол ашты. Бұл еліміздің заман талаптарына икемделе отырып дамуының мол мүмкіндігіне ие екенін аңғартады.

Н.ХУСИНОВ,

«Достық қырандары» ЖҚБ-ның жетекшісі, аудандық жастар ресурстық орталығының маманы.

Мәліметпен бөлісу: