Бақыт балалы үйге қонады

«Балалы үй  – базар, баласыз үй – қу мазар»демекші қазақ ұлты перзент десе барын да, жанын да беретін бауырмал халық. Кезінде әр шаңырақта кем дегенде 6-7 бала тәрбиеленген. Бұл қазақы отбасылардың көбеюге деген шынайы ниеті.

Иа, көпбалалы отбасы береке-бірліктің үйлескен жері. Алайда қазіргі таңда ондай отбасын көрсек таңдай қағып, танғалатынымыз бар. Көпшіліктің көкейінде оның бәрін қалай асырайды деген сурақ туындайды. Артынша «Әр баланың өз несібесі бар» деп жатамыз, десе де оның оқуы, жоғары білім алуы мен қазақ үшін қасиетті үйлену тойын жасап, баспана әперу – әрбір қазақтың мұңына айналып бара жатқандай. Бұл тұста барлық ауыртпашылық әрине ата-анаға бірінші түседі. Ал баланы дүниеге әкелу бір бөлек, оны бағып-қағу, тәрбиелеу, керек-жарақтарын әперіп, қатарластарынан қалтырмай өсіру тағы бар.

Осы тұрғыда  Мемлекет басшысы «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде азаматтардың лайықты өмір сүру деңгейін қамтамасыз ету міндетін қойды. Аталған міндеттеме бойынша  көп балалы отбасыларды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларын кеңейту қолға алынбақ.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп өнімді жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытуға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына тиісті өзгерістер енгізуді көздеп отыр. Өзгерістер аясында көп балалы отбасыларға жаңа бизнес-идеяларға 505 мың теңге мөлшерінде өтеусіз негізде мемлекеттік гранттар беріледі. Шағын несие беру аясында 2019 жылы 5 мың шағын несиені ауылдағы көпбалалы отбасылар мен мүгедектігі бар адамдар арасында кәсіпкерлікті дамытуға бағыттау ұсынылып отыр. Осының нәтижесінде 15 мың көпбалалы отбасы өз ісімен айналысуға және табыстарын арттыруға мүмкіндік алады. Сонымен қатар ауылдық жерлердегі аз қамтылған осы санаттағы отбасылар үшін сұранысқа ие кәсіптерге қысқа мерзімді оқыту ұйымдастырылады. Және жекелеген жұмыс түрлері бойынша жалақысы субсидияланатын, үйде орындалатын әлеуметтік жұмыс орындары ашылады. Бұл бала күтімі мен еңбек қызметін қоса атқаруға, сондай-ақ қосымша табыс көзін алуға мүмкіндік береді.

Съезде қаралған тағы бір басты  мәселе, осы жылдың шілдесінен бастап  көп балалылардың жәрдемақақысын әрбір балаға 21 мың теңгеге жеткізу.

«Бақыт балалы үйге қонады» дегендей, Қазақстанның демографиялық көрсеткішінің артуына үлес қосып жатқан отбасына Елбасымыз Н.Назарбевтың сындарлы саясатының арқасында тағы бір жаңа серпін, жаңа көмектер берілмек. Игі бастама оң нәтиже береді деген сенімдемін.

Н.УЗБЕКОВА,

Қарабұлақ ауылының тұрғыны, көпбалалы ана.

Мәліметпен бөлісу: